Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болды

23927

Енді білім ордаларында педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізіледі.

Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болды Фото: inbusiness.kz

Балы жеткен мамандықта білім алу, грант керек деп төрт-бес жылды зая кетірудің салдары ұнамайтын салада жұмыс істеуге әкеледі. Бұл мардымсыз жалақы алу, кәсіби тұрғыдан шыңдалмау деген сөз. Себебі адам о баста өзі қалаған мамандықта оқымаса, еңбек нарығындағы осындай кедергілерге тап болады.

Өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің саны артпас үшін бұл мәселенің шешімі табылған секілді. Енді мектептерде педагог-кәсіби бағдар берушілер жұмыс істеуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жақында Оқу-ағарту министрлігі "Педагог лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" бұйрыққа толықтыру әзірледі. Тиісті құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Ұсынылған бұйрықта "педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымын енгізу болашақ мамандықты саналы түрде таңдау үшін оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында қажет" деп көрсетілген.

Жалпы елімізде жастардың 20 пайызға жуығы мамандық бойынша еңбек етпейді. Бұдан бөлек диплом мен еңбек міндетінің сай болмауы жалақының 15%-ға төмендеуіне әкеледі.

Бұлай деп "Болашақ жұмыс күші: Қазақстанның еңбек нарығындағы жастар" атты еңбек нарығы бойынша үшінші ұлттық баяндаманы әзірлеушілер айтты. Сарапшылар мамандарды даярлау сапасын арттыруды ұсынып отыр.

Профориентологтарға сұраныс қандай?

Профориентолог Динара Төлеуқызының бұл салада жүргеніне 17 жыл болған. Сөзінше, кәсіби бағдар беру адамдарға жұмыс істеу әрі кәсібилігін арттыру бағытын анықтау үшін қажет.

"Профориентация адамға жанына жақын, ең қолайлы әрі ыңғайлы жұмысты таңдауға көмектеседі. Сол арқылы адам жақсы көретін ісімен айналыса алады", – деді маман.

Сарапшыдан қазақстандықтар кәсіптік бағдарлау мамандарына қаншалықты жиі жүгінетінін анықтадық.

"Елімізде профориентация саласы енді ғана дамып келе жатыр. Оқушылар мен ата-аналардың 100%-дан 10%-ы ғана профориентациядан өтіп, өз бағытын анықтауда. Бұл көрсеткіштің өте аз екені айтпаса да түсінікті. Көп адам профориентация атауының не екенін де түсінбей жатады. Жеке тәжірибеме сүйенсем, Қазақстан қоғамы енді ғана осыны түсініп, бет бұрып жатыр. Елімізде профориентация жайлы кеңірек ақпарат берілсе екен. Кәсіби бағыт-бағдар беруші мамандарды колледждер мен ЖОО-ларда арнайы оқытса, жақсы болар еді. Себебі қоғамымызға профориентологтар өте қажет. Оқу орындарында бұл мамандық ашылса немесе педагогтерімізді қайта даярлаудан өткізсе, артықтық етпес деген ойдамын. Жай ғана курстарда оқытып, сол біліммен жүре береміз деген оймен шектелмеу керек", – деді ол.

Динара Төлеуқызы профориентацияның жай кәсіп еместігін, оның үлкен ғылым екенін баса айтты.

"Бүгінде сұраныс бар. Бағыт-бағдар алушылар қатары да кеңейіп келеді. Профориентацияны қажетсінетін респонденттер мектеп оқушылары ғана деп ойлау қате. Өйткені мұндай кеңесті оқушылардан бөлек студенттер, оқу орнын тәмамдаған адамдар, жасы 40-тан асқан азаматтар да алып жатады. Арасында университетке түсіп, "бұл мен қалаған мамандық емес, басқасына ауысамын" дейтіндер де бар. Ондайда адамдарға мамандық бойынша ғана бағытын анықтап берумен шектелмей, басқа оқу орнына ауысу немесе қайтадан білім алушылар қатарына қосылу, одан әрі студент атанған соң болған сағат пен пән айырмашылығын өтеу, құжат жинау мәселесі жайлы да толық ақпарат беріледі. Маған жүгінген жасы үлкен респондент 46 жаста болды. Ол баласымен бірге профориентациялық кеңес алды. "Осы уақытқа дейін өзімнің кім екенімді танымай, көп уақыт жоғалтыппын, енді балаларымның олай жасағанын қаламаймын" деп шешім қабылдаған ата-ана менің респондентіме айналды. Қоғамда ата-аналар балаларын профориентациядан саналы түрде өткізсе екен", – деп жалғастырды сарапшы.

Оның сөзінше, педагог-кәсіби бағдар берушілер мектептерге ғана емес, балабақша, колледж және университеттерге міндетті түрде қажет.

"Себебі мамандық бойынша бағыт беру балабақшаларда басталып, алғашқы ақпарат берілу керек. Кейін оны мектепте жалғастыру қажет. Мектептерде профориентологтардың жұмысын тек 9-11 сыныптарда ғана бастамай (әдетте бізде солай), 1 сыныптан бастаған жөн деп есептеймін. Профориентолог маманның жұмысын ешқандай директор орынбасары немесе психолог атқармауы керек, бұл – үлкен қателік. Осы қызметке бөлек жүктемесі бар мамандар дайындаған абзал. Әр мекемеде бір ғана маман емес, бірнеше кәсіби педагог болу керек", – деді ол.

Сарапшы профориентологтың оқу үдерісінен босатылып, көмекке жүгінген әр балаға қол ұшын беруге дайын болғаны жөн деген пікірде.

"Қазір түлектер оқу орындарына тек грант саны мен қаражаты жетеді-ау деген мамандықтарды таңдап немесе ата-анасының қалауымен түсіп, өз тағдырына балта шауып жатыр. Жарты жолда "бұл менің салам емес" деп, оқу жылының ортасында білім ордасынан шығып кетіп немесе 4-5 жылдық оқуын бітіріп, басқа мамандықты таңдап, қайтадан білім алуға мәжбүр", – деп түйіндеді спикер.

Еске салайық, осыған дейін еңбек нарығында қандай өзгерістер күтілетінін жазған болатынбыз. Бұдан бөлек Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылы Қазақстанда педагог тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу