Қазақстан мен Франция серіктестігі дами түсуде

663

Бүгіннен бастап Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияда мемлекеттік сапармен жүр. 

Қазақстан мен Франция серіктестігі дами түсуде Фото: Ақорда

Еуропа құрлығымен қатар әлемде де ықпалы зор бұл мемлекет кейінгі жылдары елімізбен байланысын жақсартып жатыр десек – қателеспейміз. Екі ел басшылары жиі кездесіп, жаһандық мәселелерді талқылап қана қоймай, бірлескен жобаларды атқару мақсатында келіссөздерге баруда. Оның үстіне Францияның Орталық Азиямен саудасының 90 пайызға жуығы Қазақстан еншісінде екенін айта кетейік. Сонымен, екі елді қандай мүдделер тоғыстыруда?

Сауда көлемі ұлғайып жатыр

Франция қазір Қазақстан үшін Еуропадағы ең негізгі экономикалық серіктестердің бірі екенін айта кеткен жөн. 2023 жылы екі елдің ортақ тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетті. Оның 2,9 млрд доллары Қазақстан экспортының еншісінде. Ал 2024 жылдың алғашқы 8 айында тауар айналымы 4 млрд долларға жетіп үлгерген. 2,7 млрд доллары еліміздің экспортына тиесілі. Бұл қарқынмен екі ел тауар айналымын 2024 жылдың қорытындысында 6 млрд долларға жеткізе алуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда француз капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компания саны 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, 137 болған. Олар негізінен сауда (39), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (23), ақпарат және байланыс (11) саласында іс жүргізуде.

Ал инвестиция бойынша Франция Қазақстанның ең үздік 5 әріптесінің қатарына кіреді. 2023 жылы еліміздің экономикасына 884,5 млн доллар қаржы құйды. Өз кезегінде қазақстандық инвесторлар аталған елге 700 мың доллар ақша салған.

Қазақстан Франция не тасымалдайды? Биыл алғашқы 8 айдың есебін шолып қарасақ, еліміз негізінен

• мұнай (2,4 млрд доллар)

• уран (158,4 млн доллар)

• титан (51,3 млн доллар)

• турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар (19,1 млн доллар)

• сутегі, инертті газдар (5,5 млн доллар)

• рапс тұқымы (5,2 млн доллар)

• электр машиналары мен арнайы мақсаттағы аппаратура (3,8 млн доллар)

• сублимацияланған, тұндырылған күкірт (1,4 млн доллар) жеткізген.

Ал Франция Қазақстанға

• ұшу аппараттарын (596,7 млн доллар)

• дәрілік заттар және иіссулар (32,6 млн доллар)

• косметикалық құралдар, сәндік косметика (30,3 млн доллар)

• электр аппаратурасына арналған пульттер, панельдер, үстелдер (23,8 млн доллар)

• электр тоғын басқаруға арналған аппаратура бөліктері (23,8 млн доллар)

• көмір электродтарын (23,5 млн доллар) тасымалдаған.

Жобаларда бірлесе атқаруда тәжірибе жеткілікті

Көбіне кәрі құрлық елдерімен Орталық Азияның байланысы аса дамымаған іспетті көрінуі мүмкін. Алайда экономикалық тұрғыда екі аймақ бір-бірімен байланысты күшейтіп, үйлесім тауып отырғанын айта кетейік. Мәселен, саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, екі ел уран өндірісінде бірге жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтады.

– Жалпы, Қазақстанда Франциямен 20 жылға жуық уақыттан бері Түркістан облысының аумағында бірлесе уран өндіріп келе жатқан КАТКО компаниясы бар. Яғни, атом энергетикасы саласында байланысымыз бұрыннан жақсы. Жетістікке балауға болатын бір тұс – осы. Бұдан бөлек, екі ел кезінде жерді ғарыштан зондтау сияқты бірлескен жобаларды атқарғаны есімде.

Қазақстан үшін Франциямен қарым-қатынасты экономикалық жағынан басымырақ нығайтқан тиімді. Ол елдің кәрі құрлықтағы ықпалы зор, көзқарасының салмағы едәуір. Оның үстіне, француздармен қарым-қатынас орнату еркін, ешқандай геосаяси мәселелер кедергі келтірмейді, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстан тарапы Франциямен ауыл шаруашылығы саласында, соның ішінде әсіресе ет өндірісінде байланыс құрғаны жөн екен. Өйткені олардың аталған саладағы тәжірибелері өте мол, көп нәрсе үйренуге мүмкіндік ашылады.

– Қалай алсақ та Франциямен байланысты нығайта берген, келешекте де қолдай білген абзал. Қазақстан экономикасындағы франциялық капиталдың үлесін молайта беру пайдасын тигізеді. Көріп отырмыз, екі ел басшылары, Үкімет мүшелері жиі кездесіп, жаңа келісімдерге қол қоюда. Яғни, бірлесе дамуға ұмтылыс бар, нәтижесіз де емес, – дейді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу