Қазақстан мен Италия ортақ "бренд" құра ала ма?

3091

Астана Римге "Made in Kazakhstan with Italy" бірлескен брендін қалыптастырып, әлемде танымал етуді ұсынды.

Қазақстан мен Италия ортақ "бренд" құра ала ма? Фото: canva.com

Италиялық жиһаздың дилері саналатын фирманың менеджері, кәсіпкер Ерлан Досжанов екі елдің бірлескен жиһаз брендін құра алатынын айтады.

"Әрине, іргеде кез келген жиһаз түрін, репликасын жасап беретін Қытай тұрғанда, онымен тең дәрежеде бәсекелесу қиын. Бірақ Қазақстанда италиялық жиһаздардың тұрақты клиенттері бар, әрі олар ауқатты болып келеді. Бұрын италиялық жиһаздың бір бөлігі Ресейдің Черняхов қаласынан тасылатын, алайда соғыстың басталуына байланысты, 2023 жылы ол зауыт жабылып қалды. Италия компоненттерін жеткізуден бас тартқан. Бүгінде біз дайын өнімді Италияның өзінен жеткізуді жолға қойдық. Қазақстандағы цехымызда жинаймыз. Қазіргі кезде елімізде зауыт ашу жөнінде келіссөз жүргізудеміз", – деді ол.

"Атамекен" палатасының дерегінше, италиялық компаниялар бақша шаруашылығы, жүзім өсіру және шарап жасау, жиһаз бен фурнитура, интерьер дизайны, басқа салаларда Қазақстанмен ынтымақтасуға құлықты. Ұлттық палата оларға серіктестер тауып беруге дайын.

Италия – Қазақстанның әлемдегі басты сауда серіктестерінің бірі. 2023 жыл қорытындысында Италия 16,1 миллиард доллар көрсеткішімен еліміздің басты сауда серіктестерінің үштігіне кірді. Оның алдына тек Қытай (31,5 миллиард) және Ресей (26 миллиард) көршілеріміз ғана түсе алды.

Екі ел арасында қарым-қатынастар орнаған 30 жылдан астам уақыт ішінде мұнай-газ, "жасыл" энергетика, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда біршама табысқа қол жетті.

Қазақстанның Италиядағы елшілігінің бірінші хатшысы Азат Жұмашевтің пікірінше, қос мемлекет ортақ брендін әсіресе, тамақ өнеркәсібінде дамытып, ілгерілете алар еді.

"Қандай да бір еуропалық елмен инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін шамалағанда, алдымен ол елдің қазіргі даму ерекшеліктерін ескерген жөн. Соның негізінде ықпалдастықтың ұтымды бағыттарын анықтауға болады. Мысалы, Италия тамақ өнеркәсібі саласында көшбасшы орнын сақтап келеді. Жыл сайын италиялық кәсіпорындар әлем елдеріне жалпы сомасы 60 миллиард долларды құрайтын, қосылған құны жоғары азық-түлік өнімдерін экспорттайды", – деді ол.

Азат Қанатұлының мәліметінше, макарон, сүт және ет өнімдерін, кондитерлік тағамдарды өндіру, жеміс-жидек, көкөністі терең өңдеу технологиялары – италиялық экспортқа бағытталған индустриясының мықты қырлары болып есептеледі. Бұл ретте мысалы, әлемге мәшһүр итальян макаронының түрлері Қазақстаннан да тасылатын қатты бидайдан тартылған ұннан жасалады.

"Өз кезегінде Қазақстан мен Италия өндірушілері бірлесіп шығарған өнімдерге қатысты "Made in Kazakhstan with Italy" немесе қысқарған түрде ITKZ ортақ концепциясын енгізуге болады. Осының арқасында екі елдің сауда қатынастары анағұрлым кеңейіп, бизнес ынтымақтастығы жаңа деңгейге шығады", – деді Қазақстанның Италиядағы елшілігінің бірінші хатшысы Азат Жұмашев.

Оның айтуынша, Қазақстанның Италияға экспортын диверсификациялау – еліміздің осы елдегі елшілігінің экономика саласындағы басты бір міндеті. Бұл жерде Қазақстаннан Италияға жеткізуге болатын өңделген өнім тауарларының экспорттық әлеуеті 260 миллион доллардан асады немесе 120 миллиард теңгеге жуық. Мысалға, Италия жыл сайын 140 миллион жылқы етін шетелден сатып алады.

Сондықтан сарапшының пікірінше, "Қазақстанда жасалған" және "Made in Italy" брендтерінің ортақ тауарлық белгіге коллаборациялану мүмкіндігі бар. А.Жұмашев Қазақстанның италиялық Кәсіпкерлік министрлігі бастаған делегацияны күтетінін қосты.

Биылғы қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Римге сапары аясында, жергілікті бизнеспен кездесу қорытындысында жалпы сомасы 1,5 миллиард доллар тұратын 18 келісімге қол қойылған болатын. Бұған қоса, екі ел 2024 жылы Астана–Рим, Астана–Милан тікелей рейстерін ашуға уағдаласты.

Сонымен қатар екі ел бірлескен жобаларды қаржыландыратын ортақ инвестициялық қор құруға келісті.

Италиялық инвестор Түркістан облысында қуаты жылына 800 мың тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы зауытын салатын болды. Маңғыстау облысында қуаттылығы 250 МВТ-ты құрайтын гибридті электр станциясын тұрғызатын бірлескен жоба бекітілді. Бұл әсіресе, "Қазақстан–Әзербайжан" арасында интернетті тікелей қосатын Транскаспий талшықты-оптикалық желісін қолданысқа беру үшін аса қажет, маңызды жоба.

Бұдан басқа, Италия Алматы ЖЭО-3-ін реконструкциялауға қатысып, оның жанында 544 МВт-қа дейінгі қуат өндіретін заманауи бу-газды қондырғыны салады деп жоспарлануда.

Қазақ және итальян кәсіпкерлері италиялық озық технологияларды қолданып, елімізде дәнді дақылдарды басқаша өсіруге, әлдеқайда мол егін жинап, оны ары қарай елімізде терең өңдеуге ниетті. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында азықжем ашытқыларын өндіретін зауыт салмақ. Ақтөбеде қой жүнін өңдеп, одан үйдің жылуын сақтап, изоляциялайтын заманауи материал жасайтын кәсіпорын ашады.

Италиялық кәсіпкерлер Қазақстанда атақты ірімшіктерінің түр-түрін, уылдырық өндірісін ашуды жоспарлауда.

Айтқандай, "Made in Kazakhstan with Italy" аясында екі елдің үкіметтері қазақстандық кәсіпорындарды – Италияда, итальян бизнесін Қазақстанда қорғап, отандық өндірушідей мемлекеттік қолдау жөнінде келіссөз жүргізуде екен.

Қалай болғанда, Апеннин түбегінде орналасқан бұл елден үйренеріміз, үлгі аларымыз көп. Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Марко Альбертидің айтуынша, Италияның жалпы ішкі өнімінің 95%-ы шағын және орта бизнеске тиісілі. Демек, республикамызға мұнай мен өзге шикізатқа тәуелділіктен кетіп, экономиканы әртараптандыруда осы басты серіктесіміздің тәжірибесі аса құнды.

Ортақ бренд құруды италиялық бизнес те қолдайды екен. Unionservici Confapi шағын және орта кәсіпорындар конфедерациясының президенті Винченцо Элифанидің айтуынша, егер бұрын италиялық компаниялар елдің ішкі нарығынан тыс шығуға аса ынта-ықылас білдірмей келсе, бүгінде кәсіпкерлер шетелдік нарықтарға, оның ішінде Қазақстанға деген шынайы қызығушылық танытып отыр.

116 мыңнан астам италиялық ШОБ кәсіпорындарын біріктіретін ірі конфедерация басшысының байламынша, "Made in Kazakhstan with Italy" жобасы Италия мен Қазақстанның шағын және орта бизнесі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағытына айналуы мүмкін. Осыған байланысты тараптар жақын арада екі елдің ШОБ кәсіпорындарының қатысуымен бірлескен жобаларды анықтауға келісіпті.

Әділін айта кету керек, Қазақстан мен Италияның бірыңғай сауда маркасымен тауар өндіру идеясын жаңа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ілгеріле бастады. Ол таяуда, 11 наурызда Римге арнайы жұмыс сапарын жасады. Министр әріптесі, Италияның Кәсіпкерлік және "Италияда жасалған" өнімдердің министрі Адольфо Урсомен және өзге де лауазымды тұлғаларымен кездесті.

Осы келіссөздер кезінде Қазақстан мен Италия арасындағы сауда қатынастарын кеңейту, қазақстандық және италиялық өндірушілер шығаратын бірлескен өнімдерге арналған "Қазақстанда Италиямен бірге жасалған" бірыңғай тұжырымдамасын енгізу мәселелерін пысықтаған екен.

А.Шаққалиев келешегі зор экспорттық бағыттарды қаперге салды.

"Қазақстаннан Италияға өңделген өнім экспортының әлеуеті 260 млн доллардан асады. Органикалық тамақ өнiмiнiң айтарлықтай артықшылығы бар. Италия нарығында сұранысқа ие тауарлардың бірі – жылқы еті. Қазақстан органикалық салқындатылған жылқы етін, сондай-ақ уылдырық пен балдың экспорттық жеткізілімін ұсына алады", – деді министр.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Италия мемлекеттері басшыларының биылғы қаңтардағы келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында А.Шаққалиев "Қазақстанда Италиямен бірге жасалған" ("Made in Kazakhstan with Italy") бірыңғай тұжырымдамасын құру және ілгерілету мәселесін пысықтауды ұсынды.

Өз кезегінде, Италияның Кәсіпкерлік және "Италияда жасалған" өнімдері министрі А.Урсо бірыңғай марка құру бастамасын қолдады. Әрі мұндай жоба тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болатын сапалы өнім шығаруға септігін тигізетінін атап өтті.

Министр Адольфо Урсоның түсіндіруінше, Италия үшін басты эталон – "Made in Italy" болып қала береді. Өйткені ғасырлар бойы жетілдіріліп, әбден кемеліне келтірілген бұл бренд бүгінде әлемде сапасы жақсы, сенімді, тұрақты, танымал, сәнді тауар дегенді білдіреді. Ал "Made in Kazakhstan with Italy" брендін италиялық және қазақстандық өндірушілер бірлесіп шығарған тауарларға қолдануға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу