Қазақстан мен Қытай Ресейді айналып өтудің жолын тапты

11236

Ресейлік сарапшылар "Ұлы Жібек жолының" орнын енді "Ұлы санкциялар жолы" алмастырды деп ащы әзілдейді. 

Қазақстан мен Қытай Ресейді айналып өтудің жолын тапты

Украинаны зорлық-зомбылық жолымен өзінің "ықпал аймағына" қайтаруға тырысқан Мәскеудің басы бәлеге қалды. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропа жеріндегі ең ірі соғысты өз орайына пайдаланған Батыс әлемі Ресейдің үстінен "темір шымылдырықты" түсірді. Солтүстік көрші Батыс елдеріне және олармен серіктес мемлекеттерге қатынай алмайды. Құрлықтағы, теңіздегі, сондай-ақ әуедегі жолдар жабылды.

Бұл жағдай Қазақстан мен ҚХР 2013 жылдан бері ілгерілетіп келген "Бір белдеу, бір жол", "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" халықаралық дәліздеріне нүкте қойғандай еді. Себебі олардың бәрі Ресей аумағы арқылы өтеді.

Бірақ қос көрші жаһан жұртшылығына жиіркенішті болып кеткен одақтасын бұл жобалардан аластатудың жолын тапқан сыңайлы. Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары да кіжіне жазуда.

Сонымен шың елі Ресей аумағын айналып өтіп, жүкті Германияға дейін жеткізетін жаңа жүк теміржол маршрутін іске қосты.

Ол бойынша алғашқы жүк пойыздары ҚХР-дің Шэньси провинциясындағы Сиань қаласынан бастап, Қазақстанға келеді, шекарада жүк вагондары қазақстандық рельске тұрып, жеріміз арқылы Каспий теңізіне дейін жетеді. Әрі қарай жүк Ақтау теңіз портында кемелерге тиеліп, Әзербайжанға жол тартады. Сол жерде қайтадан теміржол көлігіне тиеледі де, Грузия, Румыния, Венгрия, Словакия және Чехия арқылы Германияның Мангейм қаласына аттанады. Бұл ретте Грузияның, Руминияның Қара теңіздегі порттарын да пайдалану көзделген. Қалай болғанда, бүкіл бағдар Ресейді айналып өтеді, оған мүлдем тәуелсіз болады.

Теміржол және теңіз көліктерін араластыра, үйлестіре пайдаланатын бұл маршруттің жалпы ұзындығы 11,3 мың шақырымды құрамақ.

Әрине, бұл бастапқы бағыттан ұзынырақ: Қытай, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша және Германия арасын жалғайды деп күтілген "Бір белдеу, бір жолдың" ұзындығы 9447 шақырым болады деп күтілген.

Бірақ посткеңестік кеңістіктегі 3 мемлекеттің аумағы қантөгісті, сұрапыл соғысқа тартылған шақта дағдарған халықаралық тасымалға жан бітіру үшін жаңа маршруттің өзі жетуге тиіс. 

Сиань кедендік басқармасының мәліметінше, алғашқы сынақ пойызы 13 сәуірде жолға шықты. 42 контейнерге толтырылған жалпы салмағы 316 тонна болатын спорттық тауарларды немістерге жеткізіпті.

"Осылайша, жаңа маршрут Қытай кәсіпорындары үшін еуропалық елдердің нарығын ашты. Бұл Қытай мен Еуропа арасында тауар таситын жүк пойыздарына арналған 16-шы бағдарымызға айналды. Ол Қазақстан жері арқылы өтеді", – деп хабарлады Сhina.org үкіметтік порталы.

"Бұл жаңа маршруттің бір ерекшелігі ол Қытайдан шыққан пойыздар сирек жүретін елдер мен өңірлерді басып өтеді. Мұндай тасымалдың тиімділігі жоғары, ал шығыстар қысқарады. Осы маршрут қазіргі күрделі жағдайда экспортты кең жолға қоюға мүмкіндік береді", – деп нақтылады "Жуйан" халықаралық логистикалық компаниясы.

Қазақстандық жүк тасымалдаушы компанияның логистика бойынша менеджері Сергей Кузнецов бір жайтты ескертті.

"Бірден айталық, әзірге бұл жолмен негізінен қытайлық жүк тасымалданады: контейнерлер ҚХР-дан лық толып келеді, оған қазақстандық тауарды қосу қиын. Бірақ маршруттің ашылып, жолға қойылуының мультипликативті тиімділігі бар. Оның ізімен Қазақстан Ақтау порты арқылы өз жүктерімізді Батыс елдеріне аттандыра алады. Ал кері қайтқан жолда Еуропадан бұл контейнерлердің көбі бос келеді, демек, оны Еуропадан тауар импорттау үшін, сонымен қатар ары қарай шығыс көршіге жүк тасымалдау үшін пайдалану жолын қарастырған жөн. Сондай-ақ Қазақстан жүк транзитінен де табыс таба алады", – дейді С.Кузнецов.

Оның мәліметінше, жұңғо елінен жүк жөнелтушілер Еуропалық Одаққа бағытталған жүктерін Ресей арқылы транзитпен жөнелтуді тоқтатты. Бұған дейін дәстүрлі түрде Қазақстан және Ресей аумағымен Батысқа жүгін тасымалдаған қытайлық өндірушілер наурыз айынан бері теңіз және автокөлік тасымалына жаппай ауыса бастапты.

Ресейлік сарапшылар бұдан идеологиялық астар іздеп отыр.

"Жалпы Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыту мәселесі Қазақстан, Қытай, Орталық Азия елдерінің жеке келіссөздерінде біраздан көтерілуде. ОА-дан Ресейге тәуелсіз болатын бағытты тартуды Түркия да ілгерілетуде. Бұған дейін мұның бәрі қаржыға тірелді: мол инвестиция керек, оны кім құяды? Себебі Ақтау портының және Әзербайжан порттарының өткізу қабілетін арттыру қажет. Сонда ғаламат жобаларды қолға алуға болады. Егер бұған дейін Орталық Азияға Ресей үстемдік етсе, енді көшбасшылық тізгін Қытай мен Түркияға көшуде. Түркия түрлі ресми, бейресми топтар мен күштер арқылы "түркі әлемінің" мәдени бірлігі идеологиясын ілгерілетсе, ҚХР Ресейді сырт қалдыратын теміржол бағыттары секілді экономикалық жобалармен ықпалын күшейте береді", – дейді ресейлік экономист Артем Васильев.

Оның дерегінше, Қытай жалғыз "Сиань (ҚХР) – Мангейм (Германия)" теміржолы маршрутімен шектелмейді. Бұдан бөлек, "Теміржолдық Жібек жолы" жобасы Сиань қаласынан Қазақстан, Әзербайжан. Грузия арқылы Түркияға дейінгі аралықты қосуға тиіс. Алғашқы пойыз 2020 жылы сапарлап, жолды бағамдап қайтты. Каспий теңізін пароммен кесіп өтіп, 8 693 шақырым жүріп, шың елінен Түркияға дейін 12 күнде жетті. 2021 жылы онымен үш-төрт рет пойыз қатынады.

Бұған қоса, Қытайдан Қырғызстан, Өзбекстан арқылы Түркияға және Парсы шығанағына шығатын теміржол бағыты пысықталуда. Оның құрылысы Қырғызстандағы экономикалық дағдарысқа тірелді. Қытай алдында онсыз да үлкен қарызға батқан қырғыз елі осы жолды өз аумағы арқылы жалғайтын 270 шақырымдық теміржолды төсей алған жоқ. Бастапқы бағалаулар бұл теміржолдың құрылысы 1,5 миллиард долларға түсетінін көрсеткен, кейін ол құн 4,5 миллиардқа жетті. Әлемде метал бағасы және басқасы күрт қымбаттап кеткенін ескерсек, сарапшылар алда жоба құны 8 млрд долларға жетуі мүмкін дейді. Халықаралық дәліздерді аймақта Қазақстан ғана игере алады, оның өзінде халықаралық қаржы институттарынан қарыз тартты.

Негізі, бұл бағыт Ресейді ғана емес, Қазақстанды да айналып өтеді. Ол ашылса, қазақстандық бағытқа қарағанда жүк Қытайдан Түркияға әлдеқайда қысқа уақытта жеткізіледі, әрі тасымал бағасы да арзандау. Сондықтан Қазақстан ол жобаға қолдау көрсетпегенді жөн көрді.

Қазақстан мен Қытайдан жүктерді Ресейге соқтырмай тасымалдауға Украина да ынтық болып отыр. Әйтпесе, Украинаға арналған жүктерімізді Ресей түрлі сылтаумен өз аумағынан өткізбей тастап жүр.

Атап өтетін жайт, таяуда, 21 сәуірде Қытайдың "Боао Азия форумының" пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Азия елдерін Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде пайдалануға шақырды.

Ә.Смайылов "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында ықпалдастыққа енді жоғарғы серпін беруді ұсынды.

"Қазақстан "Жібек жолының экономикалық белдеуінің" негізгі буыны ретінде халықаралық транзиттік тасымалдарды үздіксіз күшейтеді. Осыған байланысты шетелдік әріптестерге тасымалдау қауіпсіздігінің жоғары талаптарына жауап беретін және жүктерді трансконтиненталдық тасымалдауға деген сұранысты толық көлемде қамтамасыз етуге қабілетті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде пайдалануды ұсынамыз", – деді Қазақстан Премьері.

Олай болса, халықаралық тасымал тізбегінен қиянатшыл Ресейді шығарып тастаудың қажеттілігін Азия елдері түсінгенге ұқсайды. Түсінумен шектелмей, тиісті іс-қимылға кірісті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу