Қазақстан мен Қытайдың кедендік статистикасы неге сәйкеспейді

3004

Екі ел арасындағы тауар айналымы статистикасының айырмашылығы 45 пайызды құрап отыр. 

Қазақстан мен Қытайдың кедендік статистикасы неге сәйкеспейді

Жыл басында Мемлекеттік кірістер комитеті осылай есеп берген. Мұндай жер мен көктей айырмашылықтың үлкен күмән туғызуы да заңды. Бұл мәселе бүгін тағы Парламент Сенатының қабырғасында көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жалпы екі елдің арасындағы кеден статистикасының айырмашылығы бұрыннан сөз болып келеді. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев (ол тұста Президент болып тұрған кезі) Қазақстанның кеден әкімшілігін қатаң сынға алған еді. 

"Кедендік әкімшілендіруді алып қарайық: біздің көрсеткішіміз бір бөлек, Қытай тарапының саны тіпті басқа. Айырмашылық миллиардтап есептеледі. Ол жерде не болып жатқанын ешкім білмейді-ау деймін. Сұрастыра бастасаң, қайдағы бір бастықтар кеденді "ұстап тұрғанын" естисің. Қандай бастықтар олар? Аты-жөнін айтыңдаршы маған. Көкесін танытыңдар. Қылмыстық тұрғыда қудалаңдар оларды. Ол жерден бюджетке миллиардтап ақша түсіруге болады", деген еді 2019 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бұл мәселе сол тұста расында да, көп адамды ойландырған. Мемлекеттік кірістер комитеті де іске кіріскен еді. Ізінше осы жылдың ақпанында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев Қазақстан-Қытай кеден статистикасындағы сәйкессіздік 45%-ға дейін төмендегенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша Қытаймен кедендік сәйкессіздік 2017 жылы 60%-ға, 2019 жылы 48% -ға, ал 2020 жылы 45%-ға дейін төмендеген.

Бүгін бұл сұрақ сенаторлар тарапынан тағы көтерілді. Сенатта ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралған. Отырыс барысында Дана Нұржігіт баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа дәл осы сұрақты қайтара қойды. Депутат Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының айналы салыстыруы жағынан соңғы 4 жылда айтарлықтай ауытқу барын айтады. Ол айырмашылық 45-59 пайызға дейінгі аралықты көрсетіп отыр. Яғни бұл бюджеттегі шығын деген сөз. 

"Жобамен бұл сан 55,3 млрд долларды құрайды. Алайда жүргізілген аудит осы сәйкессіздіктердің сомасы мен себептері туралы сенімді әрі негізді ақпараттарды анықтай алмады. Сондай-ақ мұндай Қытай мен ЕАЭО мүше мемлекеттер арасында да бар. Қазақстанның ЕАЭО мүше елдермен жүргізілген айналы статистикасында сәйкессіздіктер бар ма?",– деп сұрады Дана Нұржігіт министрден.

Бұл сұраққа жауап берген Ерұлан Жамаубаев, шынында да, жалпы статистика саласында қателіктер болатынын, бұл қалыпты жағдай екенін атап өтті. Бірақ екі елдің арасындағы тауар айналымында бұл статистика әдетте көп болуы мүмкін.

"Мысалы, ҚХР мен АҚШ – дүние жүзіндегі ірі екі мемлекет. Олардың арасындағы тауар айналымының статистикалық айырмашылығы – 50 млрд доллардан асады (15 пайыз) Қытай мен Германия арасындағы статистика айырмашылығы да 50 млрд доллар шамасында. Басқа да мемлекеттермен Қытайдың статистикалық айырмашылығы өте жоғары. Қазақстан бойынша мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден Қытайдың кеден ұйымдары өз елінен шыққан тауарлардың бәрін "экспорт тауары" деп жаза береді. Бізде нақты аталмыш экспорттың 60-70 пайызы транзитпен басқа мемлекеттерге кететінін ескеру керек. Яғни бізде ешқандай кеден бажы төленбейді. Декларация бойынша екі елдің арасындағы айырмашылық міне, осы себепті 50 пайыздан асып тұр. Біз енді Қытайдың кеден органдарымен етене байланыстамыз. Қытайдың шекарасы өте үлкен", деп жауап берді Қаржы министрі.

Министр сонымен қатар Қорғаста тауарларды декларациясыз енгізетін мүмкіндік барын еске салды. Ал Қытай тарапы оның бәрін де экспорт деп санайды. 

"Бізде тауар декларацияланбағандықтан, бұл – статистикалық қателікке апарып соқтырады. Соған қарамастан, екі ел арасындағы онлайн режимде статистикалық ақпаратты алмасу ісін күшейттік. Соның арқасында айырмашылықты 60-тан 45 пайызға дейін түсірдік. Біздің мақсатымыз – белгіленген қателіктерге дейін түсіру. 0-ге дейін әлбетте, төмендету мүмкін емес. Себебі әртүрлі фактор бар. Қытайдан экспортерлар шығарған кезде тауардың бағасын өсіруге тырысады. Сондай жағдайда Қытайдың экспортерлары қосымша құн салығын қайтаруға мүмкіндік алады. Бірақ Қазақстанға келгенде импорттаушыларымыз тауардың бағасын бірнеше есе төмендетуге тырысады",– дейді ол.

Ерлан Жамаубаевтың айтуынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен қарым-қатынасында кеденнің жоқтығын жеткізді. Сол себепті экономикалық одақтағы мемлекеттермен тауар айналымының статистикасы Ұлттық статистика бюросынан алынады. 

"Бұл жерде де айырмашылықтар бар. ЕАЭО елдерінің арасындағы статистика қызметтері өзара меморандумға қол қойған. Сол бойынша жол картасын әзірлеп, бүкіл статистикалық айырмашылықтарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр", деп түйіндеді жауабын министр.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу