Халықаралық сарапшылардың байламынша, ауыз суға деген сұраныстың қарқынды өсуі және тұщы су қорының тоқтаусыз азаюы болашақ жаһандық қарулы қақтығыстардың себебіне айналуы мүмкін.
Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) мәліметінше, 2024 жылы Арал теңізі өзіне құятын Сырдария және Әмудария өзендерінен талап етілетін судың 40%-дан астамын ала алмаған.
Бұл ретте Сырдария-Нарын бассейнінен вегетацияаралық маусымда жоспарланған 2,1 миллиард текше метр тұщы су орнына Арал теңізіне 1,27 миллиард текше метрден сәл ғана асатын су келіп құйылған.
Жоспар бойынша 2025 жылы осы кезеңде Арал аумағына 1,67 млрд текше метрдей ғана су жетеді. Яғни, қажетті көлемде су биыл да келмейін деп тұр.
Осы орайда Аралды толтырушы басты бір қайнар – Сырдың суын екі елдің шектен тыс көп шығындайтыны анықталды.
Нақтылағанда, Сырдария өзенінен қазіргі вегетацияаралық кезеңде, яғни, егін егілмейтін маусымның өзінде оның бойындағы мемлекеттер келесідей көлемде суын шығындайтыны анықталды.
Сырдариядан республикалардың өтініші бойынша 2024-2025 жылғы вегетацияаралық кезеңде – 2024 жылғы 1 қазаннан 2025 жылғы 1 сәуір аралығында су алып қоюдың келесі лимиті бекітілді:
- Өзбекстан – 3 млрд 347 миллион текше метр;
- Қазақстан (Достық-Дустлик каналы арқылы) – 488 миллион текше метр;
- Тәжікстан – 365 миллион текше метр;
- Қырғыз Республикасы – 47 миллион текше метр;
- Жалпы көлемі – 4 млрд 247 миллион текше метр.
Мысалы, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы өзіне мүше республикалардың өтініштері бойынша Әмудария бассейнінен 2024 жылғы 1 қазан мен 2025 жылғы 1 қазан аралығында келесідей көлемде су алу лимитін бекітті:
- Тәжікстан – 9 млрд 821 миллион текше метр (соның ішінде вегетацияаралық кезеңнің өзінде 2 млрд 941 млн м3);
- Түрікменстан – 22 миллиард текше метр (6 млрд 500 млн м3).
- Өзбекстан – 22 миллиард текше метр (егін салынбайтын вегетацияаралық кезеңде – 5 млрд 980 млн м3).
Дегенмен, мемлекетаралық комиссия Қазақстаннан өзге үш елдің суды біршама үнеммен жұмсай бастағанын атап өтті.
"Мәселен, қалыптасқан су шаруашылығы жағдайында бүкіл Әмудария бассейні бойынша бекітілген лимит былтыр 85,3% орындалды. Бұл ретте Тәжікстан іс жүзінде 6 млрд 326,3 млн м3 суды немесе жалпы шегінің 90,6%-ын қолданды. Түрікменстан іс жүзінде 13 млрд 959,9 млн м3 немесе лимитінің 90,1%-ын қажетіне жаратты. Өзбекстан көп үнемдеді және 13 млрд 542,9 млн текше метр суды немесе жалпы лимитінің 78,6%-ын ғана пайдаланды", – деп хабарлады МСШҮК.
Жалпы алғанда, Әмудариядан былтыр 3 ел 39 млрд 701,6 млн текше метр су алады деп бекітілсе, олар соның іс жүзінде 33 млрд 829,1 миллионын немесе 85,3 пайызын шығындаған.
Бірақ Аралды толтыру үшін мұның өзі жеткіліксіз болды. Мысалы, вегетациялық кезеңде Әмудариядан өзеннің сағалары мен Арал теңізіне 2 млрд 100 млн текше метр су беру жоспарланған еді. Алайда былтыр іс жүзінде 1 млрд 238 млн текше метр немесе жоспарланған көлемнің небәрі 59%-ы ғана жіберілді.
Комиссия мамандары Аралды қоректендіретін негізгі дариялардың жағдайы онша жақсы еместігін жасырмады. Мысалы, олардың дерегінше, Сырдария өзені бассейнінің жалпы ағыны вегетациялық кезеңде норма бойынша 29 млрд 494 млн текше метрді құрауы керек көрінеді.
Одан асса, Аралға жақсы. Алайда 2024 жылы іс жүзіндегі жалпы ағыны 28 млрд 704 млн текше метр ғана болды. Бұл тіпті нормадағыдан да 97%-ға төмен.
Салдарынан, 2024 жылы Аралға дейін жеткен суының көлемі 2023 жылғыдан бірден -656 миллион текше метрге азайып кетті.
Бұлай бара берсе, қос дария бойындағы мемлекеттер су үнемдеуді күрт ұлғайтпаса, Аралға – толық құрғау, ұлы өзендерімізге – тартылып, таяздану қаупі төнуі мүмкін.
Бұл жағдайда әсіресе, Сырдарияның аяғында отырған Қазақстанға қиын болады.
Айта кету керек, биылғы жылы да тасқын күтіліп отыр.
"Қазіргі біздің басты міндетіміз – қарғын суды жинау. Біз оны Каспий, Балқаш, Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне және басқасына бағыттаймыз. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерді де сумен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселеде су дипломатиясы өте маңызды", – деген болатын мемлекетаралық комиссияның отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазіргі климаттық дағдарыс заманында тұщы судың тапшылығы проблемасы әлемнің көптеген өңірінде жеріне жете ушықты. БҰҰ-ның 2024 жылғы Су ресурстарының әлемдік дамуы туралы баяндамасына сәйкес, жыл сайын Жер ғаламшарында шамамен 2,2 миллиард адам таза ауыз судан таршылық тартады. Олардың саны жыл сайын тек өсіп барады.
Планета халқының өсуі және су тұтыну моделінің өзгеріп, су шығынының артуы салдарынан, бүгінде тұщы судың 70%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмсалады.
Бұған қоса, БҰҰ сарапшыларының түсіндіруінше, жаһандық жылыну кесірінен мұздықтардың еріп кетуі, әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуі құрлықтағы тұщы судың тапшылығын күшейтті.
Surveys in Geophysics басылымында жарияланған бір топ ғалымның зерттеуі көрсеткендей, жыл сайын әлемде тұщы су балансы азайып келеді. 2000 жылдардың басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда адамның ішуіне жарамсы су шамамен 1,2 миллиард текше шақырымға кеміген.
Жаһандық жылыну және мұхиттар деңгейінің көтерілуі теңіз суының жағалаулардағы тұщы су қайнарларына интрузиясына (еніп кетуіне) соқтыруда. Бұған адамдардың қоршаған ортаны қарқынды ластауы қосылды.
Басқаша айтқанда, Жер планетасында таза ауыз суды азайтатын, солай адамзаттың түбіне жететін факторлар көбейді.