Қазақстан неге жаңа ұйым құруды кейінге қалдырды?

6989

Астанада бірқатар сарапшы тарихи деп бағалаған саммит өтті. Оның мән-маңызы неде? Неге ел күткендей осы саммит аясында "Азия кеңесі" жаңа ұйымы құрылмады? АӨСШК трансформациясы нені білдіреді?

Қазақстан неге жаңа ұйым құруды кейінге қалдырды?

Inbusiness.kz-тің осы және басқа сұрақтарына Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев жауап берді.

– Айдар Кенжебекұлы, бірқатар сарапшы осы VI саммитте Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі ұйымға айналады деп болжады. Себебі кезінде Қазақстанның  Тұңғыш Президенті еліміздің осыны мақсат тұтып отырғанын мәлімдеген. Әйтпесе, әрі қарай дамымаса, тоқырайды. Бірақ осы саммиттегі сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұйым құрмайтынын мәлім етті. Неге?

– Қазақстан Президенті қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын мүше мемлекеттер мойындағанын алға тартты. Олардың саммитке жиналуы да соны білдірсе керек. Бірақ азиялық кеңес тоқырамайды. Бұған дейін оны 27 мүшесі болған, кеше мүше елдер қатары Кувейтпен толықты. АӨСШК-ке кіретін мемлекеттер Азия континентінің бүкіл аумағы мен халқының шамамен 90%-ын қамтиды.

Осы саммитте мүше мемлекеттер Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдады. Осы екі жыл уақытта Қазақстан АӨСШК-ті одан әрі трансформациялап, институционалды тұрғыдан дамытуға кіріседі. Бұл оның жаңа кезеңі саналады. Мысалы, Өзара тұрақты байланыс жөніндегі АӨСШК Кеңесі құрылды. Себебі пандемияға, содан соң соғысқа бола, жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі Азияда тиімді көлік-транзит дәліздерді қалыптастыруды талап етеді.

Президент АӨСШК-тің Қаржы саммитін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыруды ұсынды. Бұл Азиядағы қаржы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру үшін қажет. Экологиялық өлшем мәселелеріне де мән беріледі. Себебі экологиялық апаттар, климаттық дағдарыстар құрлықта әскери қақтығыстардың өршуіне соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ке мүше елдердегі экология проблемалары бойынша 2024 жылы Астанада жоғары деңгейде конференция өткізу бастамасын көтерді. Білім беру, бизнес, экономика, гуманитарлық, басқа салаларда ынтымақтасу да ұсынылды.

– Бұл жолы жаңа ұйым құрудан неге бас тартылды?

– Оның жағымды жақтары сыртында, күрделі тұстары да көп. Азиядағы көптеген мемлекет Кеңес мәртебесіндегі бірлестікке мүше болуға ынталы. Ал ұйымға мүше болса, онда мүлдем басқаша: мүшелік жарна төлеу сыртында, нақты міндеттемелері пайда болады. Мысалы, былтыр АӨСШК-тің Сенім шараларының каталогы қайта қаралып, жаңғыртылды. Оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық, коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілді.

Аталған каталогта қарастырылған өзара сенімді қалыптастырудың талаптарына сәйкес, мысалы, қандай да бір мүше ел әскери-сынақ ісшараларын жүргізетін болса, онда басқа мүшелерді хабардар етуге тиісті болады. Ұйымға мүше болғысы келетін бірқатар елдер бұған келіскісі келмеуі мүмкін. Бұдан бөлек, мүше елдерге ортақ шекараға таяу жерде әскери жаттығулар жүргізуіне тыйым салу ұсынылған.

Қазір Кеңеске 28 мемлекет мүше. Соның ішінде 5-еуі өзінің белгілі бір түзетулері қабылданатын болса, ұйымға қосылар еді. Қалғандары кеңес форматын қолайлы көреді. Кеңесте еркіндік бар, қандай уағдаластыққа қатысқысы келсе, ел соған атсалысады. Қаламағанын орындауға міндеттелмейді.

Егер АӨСШК-ті толыққанды ұйымға айналдырса, онда дауыс беруге қатысты мәселелерді шешу керек. Мысалы, ұйым аясындағы шешімдер қалай қабылданады: басым көпшіліктің даусымен бе, әлде толық консенсуспен бе? Бұған қоса, ұйымның күн тәртібіне өзекті мәселелер шығарылса, оған қатысты құжаттар, қарарлар, шешімдер барлық мүше елдің келісімін алып, ұзақ пысықталуы керек. Ұйымға неғұрлым көп мемлекет мүше болса, ортақ келісімге келу де соғұрлым қиындайды. Салдарынан көп мәселеде ұйым дағдаруы ықтимал.

Тіпті ұжымдасқан, ауызбіршілігі бар деген Еуропалық одақта да біраз мәселеде шешім қабылдау қиынға түсіп жатады. Ал Азия елдері Еуропа сияқты біркелкі емес, ауызбірлігі аз. Мәдениеті, дәстүрі, салт-санасы бір-бірінен тым алшақ. Мысалы, Қазақстан мен Қытайды қалай салыстыруға, ұқсас деуге болады? Ар жағында араб елдері де бар. Қазақша айтқанда, үш қайнаса, сорпасы қосылмайды.

Бірақ бұл олардың басын қосудан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Соғыс пен бейбітшілік, экология мен климат, экономика мен инвестициялар және өзге де халықаралық, мемлекетаралық маңызды мәселелерде өзара келісімге келіп, өзара сенімге негізделген іс-әрекет жасау маңызды.

– Яғни болашақта бүкіл Азияны қамтитын ұйым құрыла қалса, оны алдымен аз шоғыр ғана мемлекет құрып, оған басқа елдер тартылатын болар?

– Ондай жол да бар. Еуразиялық одақты құру туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері ғана қол қойды. Армения мен Қырғызстан кейінірек қосылды.

Еуропалық ұйымның да құрылтайшы мемлекеттері 6-ау ғана. Оны құруға алғашқы қадамды 1951 жылы Бельгия, Батыс Германия, Нидерланды, Люксембург, Франция және Италия жасап, Еуропалық көмір мен болат бірлестігін (ECSC, European Coal and Steel Community) құрды. Ондағы мақсат – осы қос стратегиялық шикізатты өндіру бойынша еуропалық ресурстарды біріктіру болатын. Олар соғыстан кейінгі Еуропаны индустриалдық дамыту үшін аса қажет еді.

Ұйым құру мәселесі алдағы екі жылда қарастырылады. Мүше болғысы келетін елдермен келісім жүруі мүмкін. Ұйым құру бір саммитте жарияланып, бәрі келісе салатын оңай дүние емес. Бұл ұзаққа созылатын процесс. АӨСШК-ке мүше барлық 28 мемлекет жаңа ұйымға көше салады деуге болмайды. Мүше саны азайып қалуы мүмкін. Ол ұйым құру шарттарына қанша мемлекеттің келісетініне байланысты болады.

– Ақпарат құралдары өкілдерін қызықтырған бір мәселе болды. Сонау 1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақырудың авторы, бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Оның көзі тірі. Неге онда ол бұл құрылтайға шақырылмады?

– Құрған адам міндетті түрде қатысуы керек деген қағида жоқ. Кеңес түгіл, ұйымдардың саммиттеріне де авторлары шақырыла бермейді. Себебі президенттердің жабық отырыстарында, келіссөздерінде мемлекеттік құпияға қатысты мәселелер талқылануы мүмкін.

Мысалы, Еуропалық одақтың негізін қалаушының бірі – француздың мемлекеттік қайраткері Жан Монне (Jean Monnet) болып есептеледі. 1979 жылы өмірден өткен. Ұйым бастауында тұрған басқа да қайраткерлері болды. Олардың бәрін қатыстыра беру міндет емес қой.

Саммиттерге өз мемлекеті атынан белгілі бір өкілеттіктер берілген ресми тұлғалар қатысады. Қазақстан атынан іс басындағы Президент болды, ол елді басқарудың толық билігіне ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу