Қазақстан өзге елдерге жарты млрд долларға көмек көрсетті

2118

Шетелге гуманитарлық көмек жіберудің жаңа саясаты әзірленуде. 

Қазақстан өзге елдерге жарты млрд долларға көмек көрсетті

Елімізде өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспей жатқанын денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі айтқан-тын. Оның мәліметінше, Қазақстандағы инфекциялық және провизорлық ауруханаларда жалпы саны 966 ӨЖЖ аппараты ғана бар. COVID-19 жұқтырғандар саны 65 мыңнан асты, ендеше мұндай құрылғылардың жетіспеуі түсінікті. Цой мырза шұғыл түрде әрі кем дегенде 4 мың 93 ӨЖЖ стационарлық аппаратын сатып алу керек деді.

Осы орайда ел Үкіметінің бұл аппараттардың үлкен көлемін Тәжікстанға жіберуге бел бууы халықтың наразылығын тудырды.

"Бұқара және дәрігерлер жасанды тыныстандыру аппаратын іздеп, дал болып, шырылдап жүгіріп жүрген кезде ел Үкіметі Тәжікстанға 100 аппаратты гуманитарлық көмек ретінде жеткізбекші. EGov.kz-тегі Үкімет қаулысында: "ҚР Үкіметінің төтенше жағдайлар резервінен 100 ӨЖЖ аппаратын сатып алу үшін "СҚ-Фармация" шығындарын өтеуге 63 млн 250 мың теңге бөлінсін" делінген. Мұны Сыртқы істер министрлігі ресми гуманитарлық көмек ретінде Тәжікстанға аттандырмақ. Сонда қалай? Басқа елге көмектесуге, басқаны жарылқауға жағдайымыз жетсе неге біз өзіміз шетелден гумкөмек алып жатырмыз? "СҚ-Фармацияның" қолында Көкшетауда 100 ӨЖЖ аппараты жатса, ол неге қарапайым халыққа жетпеді? Осыдан кейін біздің Үкіметтің тірлігін түсіну қиын", – деді әлеуметтік желіде журналист Ерқанат Көпжасарұлы.

Ақпарат халықтың ашынысын туғызды. Көбісі мұның шындық екеніне сене алмаған. Алайда бұл жоспарды денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова растады.

"Қазіргі уақытта барлық елдер бір-біріне көмектесіп жатыр. Біздің елімізге де өзгелер гуманитарлық көмек көрсетті. Қазақстан Үкіметі ӨЖЖ аппараттарын жіберу арқылы Тәжікстанға ізгілік көмегін көрсету мәселесін қарастыруда. Бірақ оны жыл соңына қарай қолға алу жоспарланып отыр. Бұл аппараттар портативті, қолмен алып жүруге арналған, олар сырқаттарды жедел жәрдем көлігінде тасымалдау кезінде қажет", – деді министрдің орынбасары. 

Қазақстан өкпені жасанды желдету аппараттарымен алдымен өзін толық қамтамасыз етуге мән береді. Осы мақсатта Ақмола облысында, Көкшетауда орналасқан отандық кәсіпорын бұл құрылғыларды құрастыруды жолға қоюда. Мысалы, оның 3 мың аппаратын сатып алу үшін Үкімет резервінен 38,7 миллиард теңге бөлінеді. Кәсіпорын стационарларға арналған аппараттар жасауға тек қараша айында кіріспек болыпты. Алайда билік оны асықтыруда. Тиісінше, тамыз айында ол өз өнімінің 595 бірлігінен тұратын алғашқы партиясын ауруханаларға жөнелтілуге міндеттеліпті.

"Бүгінде отандық кәсіпорын өз қуатын өрістетіп жатыр. Ол бұған дейін портативті аппараттар шығарды, енді ауруханаларға аса қажетті стационарлы ӨЖЖ аппараттарын жасауға ниетті. Жыл соңына дейін оның өндірісі елдегі портативті және стационарлы ӨЖЖ аппараттарына деген барлық мұқтаждықты өтейді", – деді Л.Бюрабекова.

Оның өнімін Үкімет одан әрі сатып алып, гуманитарлық көмек ретінде шетелге таратуды жоспарлауда. Бұл бір жағынан, биліктің бизнес алдындағы міндеттемесі: қауырт шақта кәсіпорынды пайдаланып, лақтырып тастағандай болмай, ары қарай тапсырыспен қамтамасыз еткені жөн.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі дамыған елдер қатарына ұмтылған мемлекетіміз ауқаты төмен елдерге қолұшын созып, дамуына жәрдемдесіп келе жатқанын еске салды. Бұл көмек жалғасын табады. Осы мақсатта ведомство "Қазақстанның дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021–2025 жылдарға арналған негізгі бағыттарын бекіту туралы" Президент Жарлығының жобасын әзірлепті.

"Қазақстанның шетелге бағытталған таза шығыстарының 64%-ы көпжақты дамуға ресми көмекке (ДРК) тиесілі. Ол көмек негізінен БҰҰ агенттіктері арқылы (91%), сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар арқылы берілді. 2017–2018 жылдары екіжақты және көпжақты арналар бойынша Қазақстан көмегінің жалпы сомасы 98,22 миллион доллар болды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға және басқа да дамушы елдерге 500 миллион доллардан астам сомаға әртүрлі көмек түрлерін ұсынды", – деді меморган.

Жарты миллиардтай қаражат ол елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ оларда мектептер, ауруханалар, жол және көлік инфрақұрылымы нысандарын салуға бағытталыпты. Бұдан бөлек, шетелдің жастарға отандық университеттер мен колледждерде білім алуы үшін стипендиялар берілді. Осылайша, "олардың адами капиталын байытуға ерекше назар аударылыпты".

Сыртқы саясат ведомствосы тағы бір қызықты мәлімет келтірді: Тәжікстан мен Қырғызстанды интернетпен қазақ елі қамтамасыз етеді.

"Қазақстан – Орталық Азияның басқа республикаларына, атап айтқанда Қырғызстан мен Тәжікстанға интернеттің басты жеткізушілердің бірі. Саяси прогрес те, елдің экономикалық дамуы да цифрландырумен тікелей байланысты. Орталық Азиядағы цифрлық экономиканы дамыту мемлекеттердің тұрақтылығын арттырады, сонымен қатар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді", – делінген Президент Жарлығының жобасында.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, Тәжікстанда адамдардың тек 17%-ы ғана интернетті кез келген құрылғыда пайдалана алады. Қырғызстанда кез келген гаджет арқылы ғаламторды кезе алатын тұрғындардың үлесі небары 28%. Салыстыру үшін айтсақ, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 44%-ды, Қазақстанда 55%-ды құрайды.

Жалпы, егер Қазақстан Тәжікстанға ӨЖЖ аппараттарын жеткізер болса, оны лайықты қолдануға үйрететін мамандарды да жіберуі қажет болуы мүмкін. Әзірге, бұл аппараттарды коронавируспен ауырғандарды емдеуде қалай дұрыс пайдалану керегін қазақстандық дәрігерлерге Ресейден шақырылған әріптестері үйретіп жатыр.

"Неге екені белгісіз, бірқатар сырқат ӨЖЖ аппаратына қосылған соң дүние салуда. Бұл қазіргі кезде ауруханаларда емделіп жатқан медик-пациенттердің пікірі. Қалай болғанда, проблема бар және біздің міндетіміз – оны шешу. Көрші Ресейде жүздеген сырқат ӨЖЖ аппараттары арқасында өмірге оралуда", – дейді Ақтөбе облысының әкіміне қайырылған "Ақтөбе облыстық тұтынушылар құқығын қорғау орталығы" қоғамдық ұйымының мүшесі Светлана Тынымбай.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин бұл тұжырыммен келіспеді.

"Қандай да бір дәйекті қорытындыларсыз, "ӨЖЖ аппаратын қолданғаннан кейін науқастардың арасында өлім-жітімнің көбейгені" туралы байлам жасау мүмкін емес. Бұл аппаратқа негізінен өздігінен дем ала алмайтын ауыр сырқаттар қосылады. Артериалдық гипертензия, қант диабеті, өкпенің обструктивті ауруы және басқа да созылмалы ілеспе дерттері бар сырқаттардың көбінің жағдайы ауыр болып келеді. Оған коронавирустық инфекцияның қосылуы өлімге де соқтырады", – деді өз блогында облыс әкімі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу