Қазақстан пәрменді популизм еліне айналып бара ма?

2817

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы.

Қазақстан пәрменді популизм еліне айналып бара ма?

Qmonitor.kz: "Қазақстан пәрменді популизм еліне айналып бара ма?" деп сұрайды аталмыш басылым. Бұл мақалада елдегі саясаттанушылар мемлекетте орын алып отырған популизм деңгейі жөнінде айтады және бұл популизм Қазақстан қоғамына қандай қауіп төндіріп отырғаны жайында ой бөліскен. Сарапшылардың пікірінше, популизмнің белең алу себебінің бірі – білім сапасының нашарлығынан. Өйткені білімі таяз адам ойлана бермейді, популист саясаткерлердің айтқанына сеніп жүре береді. 

Қазақстандық саясаттанушылардың айтуынша, популизм халықты жаппай мисыздануға әкеледі. Өйткені популистердің үндеуін түсіну үшін ойланудың, білім алудың керегі жоқ. Барлығы бір-екі ұранға сияды.

"Әлемдегі ең танымал оңшыл популист Гитлер болған. Танымал солшыл популистің есімін атау қиын, себебі оған Лениннен бастап, Грета Тунберг сияқты тұлғаларды жатқызуға болады. Алайда олардың тәсілі бір: олар күрделі мәселені шешу оңай деген түсінікті пайдаланады. Демек, ас үйде жүрген әйел күллі мемлекетті басқара алады деген түсінік осыдан шыққан. Жоғары білімі жоқ бұқара халық саясатты, экономиканы, әлеуметтік саланы білемін деп ойлайды! Популизм адамдарға ойланудың қажеті жоқ, кез келген күрделі мәселе оңай шешіледі деген түсінікпен тартымды", - дейді саясаттанушы Данил Бектұрғанов.

Саясаттанушы Максим Казначеевтың пікірінше, популизм әлемнің көптеген елінде белең алған, оның ішінде Қазақстан да бар. Оның себебі де бір. Біріншіден, сарапшының пайымдауынша, білім сапасының төмендеуі әсер етіп отыр. Екіншіден саясаттың кәсіби еместігі себеп.

"Саяси популизм қоғамның және осы қоғам элитасының бірегейсіздігін көрсететін индикатор. Саясаткерлер бізге шындықты қабылдаудың бірегейсіздігін көрсеткенде, біртіндеп бұл нормаға айнала бастайды. Олай болған жағдайда біз мифологиялық кеңістікте жүргендей боламыз. Ал шындық жоғала бастаса, адамдар өздеріне лайық даму үлгісін жасай алмай қалады",- дейді саясаттанушы.

Liter.kz: Танымал қазақ әншісі Төреғали Төреәлінің суреті мен әншінің әрекетіне арналған мақаланы осы газет бетінен оқуға болады. Мақалада әлеуметтік желілерде жарияланған әншінің өлген шиебөрімен түскен суреті сынға алынған. Басылымның хабарлауынша, бұл сурет әлеуметтік желіде қызу талқыланып, елдің наразылығын тудырды. Экология министрлігі суретке "жануарларды қорлауды насихаттау" деп баға берген. 

Басылымның жазуынша, 2020 жылдың соңында Төреғали Төрәлі Алматы облысында аңшылық жасаған, сонда шиебөрінің өлімтігімен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге шығарған. Желі пайдаланушылары наразылық білдіргеннен кейін әнші бұл суретті алып тастаған. Әншінің мұндай әрекетіне наразы болған қазақстандықтар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне шағымданған. Бұл мекеме өз кезегінде былай деп жауап берген:

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мұндай суреттерді жануарларға қатыгездік көрсетуді насихаттау деп санайды және мұндай суреттерді әлеуметтік желілерге шығару өрескел әрекетке жататынын ескертеді", - деп жазылған мекеменің жауабында. 

Express-k.kz: Балалардың ойын-сауық орталықтарына енгізген шектеу шараларына қарсы тұру үшін Алматы облысындағы ата-аналар балаларды пайдаланып жатыр, деп жазады аталмыш басылым. Пандемиядан шаршаған ата-аналар балаларын видеоға түсіріп, облыс әкіміне жолдау жасаған. Өз кезегінде мұны көрген әлеуметтік желі пайдаланушылары ата-аналардың бұл әрекетін сынға алған.

Басылымның хабарлауынша, шектеу шараларының арқасында өңірде коронавирус дертіне шалдыққандардың саны күрт өспеген. Осыған байланысты бір ай бұрын жергілікті билік кинотеатр, сауда ортылықтарының жұмысына рұқсат берген, тек балалардың ойын-сауық орындары жабық тұр. Осы орталықтардың ашылуын қалаған ата-аналар облыс әкімі Амандық Баталовқа және бас санитарлық дәрігер Ерғали Сыдымановқа арнап, үндеу жолдаған.

Мақала авторының хабарлауынша, санэпидбақылау департаменті үнсіз қалмаған. Сөйтіп не үшін бұл орталықтар жабық екенін түсіндірген. Мамамандар коронавирус дертіне шалдыққандардың саны көбеймеуі үшін бұл орталықтардың жұмысы уақытша тоқтатылады, деген. Сонымен қатар облыс дәрігерлері мұндай шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырған.

Exclusive.kz: Үйсіз қалған қазақстандықтардың саны соңғы бір жылда 36% өскен, деп хабарлайды аталмыш басылым. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесінде үйсіз қалатындардың көбісі жұмыссыз, олардың құжаттары жоқ. Сонымен қатар зерттеу нәтижесінде үйсіз қалудың негізгі себептері анықталған. Біріншіден, бұл ішімдікке салынып кету, екіншіден ажырасу, үшіншіден жұмыссыздық әсер етеді. 

Басылымның хабарлауынша, үйсіз қалғандардың дені тамаққа керек ақшаға зәру, олардың көрсеткіші 81%-ды құрайды. Сарапшылардың дерегі бойынша, Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсететін орталықтардың өз шектеулері бар. Мәселен, олар ішімдік ішкен адамдарды, есірткі қабылдаған азаматтарды, психикалық ақауы барларды, жұқпалы ауруға шалдыққандарды қабылдамайды. 

"Зерттеушілер үйсіз қалғандардың арасында 30-45 жас аралығындағы адамдар осал топқа жататынын анықтады. Себебі олар экономикалық тұрғыдан белсенді топқа жататындықтан олар әлеуметтік көмек алатын топқа кірмейді", -  деп жазады аталмыш басылым.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу