Қазақстан Ресейдің әскери-патриоттық тәрбиесін үлгіге алғалы жатыр

2946

2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбие берудің жаңа бағдарламасынан Назарбаевтың аты алынып тасталып, орнына Тоқаев енгізілді. Басқа ілкімді өзгеріс байқалмайды.

Қазақстан Ресейдің әскери-патриоттық тәрбиесін үлгіге алғалы жатыр Фото: inbusiness.kz

Қорғаныс министрлігі "2030 жылға дейін жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасының" жобасын әзірлеп шықты. Оны бекітетін Үкімет қаулысының жобасы да дайын.

Қорғаныс ведомствосының түсіндіруінше, бұл құжат тікелей Президент Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 5 мамырда Астанада өткен бүкіл армиялық кеңестегі тапсырмасына сәйкес дайындалып отыр.

Оны орындауға билік Қорғаныс, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғарғы білім, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Әділет, Қаржы, Еңбек, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерін, Шекара қызметін, Бас прокуратураны, Ұлттық ұланды, Мемлекеттік күзет қызметін, барлық әкімдіктерді және салалық қоғамдық ұйымдарды жұмылдырмақ.

Дегенмен, тұжырымдаманың тіксінтетін тұстары бар. Мысалы, онда біздің әскерилер өзге елде қан төгіп жатқан Ресейдің ісіне тәнті екенін білдірді. Көршінің әскери патриоттық тәрбиесіне тамсанды. Осыдан-ақ сауатсыздық пен бір шикіліктің иісі мүңкиді.

Бұл жерде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі былтыр мобилизация жарияланғанда Ресейден бір миллионнан астам ер-азаматтың шетелге, соның ішінде Қазақстанға тұра қашқанын, ал қаша алмай қалғаны өзге өңірлердегі туыстарын жағалап, тығылып қалғанын тіпті ескермеген. Олай болса, көршідегі қандай патриотизм, патриоттық тәрбиенің нендей тиімділігі туралы айтуға болады.  

"Ресей Федерациясында Әскери-патриоттық тәрбиенің үйлесімді жүйесі құрылған, сондықтан оның тәжірибесі қызықты. Қазіргі уақытта Ресейде Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі Стратегиясы жүзеге асырылуда. Әскерге шақырылуға дейінгі жастағы жастармен жұмыс істеудің тиімді нысандарының бірі – Қорғаныс-спорт лагерлерінің жұмысы. Көрші елде олардың жалпы саны 2 мыңнан асты. Ел бойынша 4 700-ден астам ұйымнан тұратын патриоттық тәрбие саласындағы жетістіктері үшін Кеңес Одағының Батырлары мен Ресей батырларының аты берілген білім беру ұйымдары мен клубтар санының артуын көрсететін оң үрдіс байқалды. РФ субъектілерінде әскери-патриоттық тәрбие беру және азаматтарды, әсіресе жастарды әскери қызметке дайындау орталықтары құрылды. Өскелең ұрпақты спорттық тәрбиелеу жүйесі жетілдірілуде. Оқушыларды дене шынықтыруға, спортпен шұғылдануға жаппай тарту мақсатында жыл сайын президенттік жарыстарға қатысатын оқушылар саны артып келеді", – деп мақтауын келістірді қазақстандық әскери-патриоттық бағдарлама.

Қазақстандық бағдарлама емес, дәл бір ресейлік пропаганда сияқты. Бұл – саясаттанушы Зейін Сабырқұловтың пікірі.

"Азаматтарды, соның ішінде жастарлы әскери, патриоттық тәрбиелеу – кез келген мемлекеттің ішкі саясатының маңызды міндеті саналады. Сондықтан мұндай тұжырымдамалар, бағдарламалар ұлттық идеология мен идеалдарға тұнып тұруы қажет. Олар қазақта жоқ емес, бар және ата-бабамыз сол ұлы мұраттар үшін жанын қиған, қанын төккен. Енді оның бәрін жоқ қылып, жоқтың жетегінде кетіп отыр. Бұл құжатта билік бізге не ұсынады? Жастарды патриоттық тәрбиелеудегі бағдар – Тоқаевтың "Адал азамат" идеясы болады дейді. Негізі, Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр бір ғана мерзімге, 7 жылға сайланды, мұны Конституцияға енгізіп қойды. Яғни, содан соң кетеді. Онда 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді бағдарламаны соның идеясына құру қаншалықты орынды?", – деген сауал қойды саясаттанушы.

Шынында, Қорғаныс министрлігінің бұған дейінгі "Біртұтас ұлт–біртұтас әскер" жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасы бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеологиясына құрылған болатын.

Жаңа бағдарламада экс-елбасының бастамалары да, тіпті аты да алып тасталыпты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қоғамда патриотизм, адамгершілік, білімге табынушылық, кәсібилік, үнемшілдік, еңбекқорлық, өз жеріне және еліне құрметпен қарау сияқты негізгі құндылықтар бірінші орында тұруға тиіс деп мәлімдеді. Осы асыл қасиеттерді бейнелейтін адамды бір терең сөз тіркесімен сипаттауға болады: жауапты азамат – "Адал азамат". Дәл осы образ жастарды патриоттық тәрбиелеуде бағдар болуға тиіс. Нәтижесінде, қазіргі кезеңде Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбиенің тиімділігі патриоттық тәрбиенің біртұтас және бөлінбейтін кеңістігін құруға қабілетті мемлекеттің, отбасының, педагогикалық ғылымның, БАҚ, білім беру ұйымдарының күш-жігерін біріктіруге және жауапкершілігін үйлестіруге байланысты", – делінген жаңа тұжырымдамада.

Саясаттанушы Ресейдің немесе ТМД елдерінің емес, әлемдік держава АҚШ-тың үлгі-тәжірибесін басшылыққа алуды ұсынады. Оның түсіндіруінше, Америкада әскери, патриоттық бірыңғай мемлекеттік бағдарлама жоқ екен. Тіпті бұл термин де қолданылмайтын көрінеді. Оның орнына Құрама Штаттарда "моралдық рухты қалыптастыру" деген терминология пайдаланылады. Яғни, рухты көтеруге баса мән беріледі.

АҚШ-та патриоттық тәрбие, рухты қалыптастыру ісі дәстүрмен тығыз қабысып жатыр. Балалардың әр күнді елге адалдық антымен бастауы және мектептегі сабақтар басталмас бұрын Американың әнұранын шырқауы – соның жарқын бір мысалы. Әрбір америкалық балалық шағынан мемлекеттік гимнді, елтаңба мен туды құрметтеуге үйренеді. Американың ұлылығы, еркіндік, заңның үстемдігі, индивидуализм, прогресс сияқты мемлекет уағыздайтын идеалдар әрбір азаматқа кішкентай кезінен құлағына құйылады.

Америкада әскерлердің әр түрі азаматтардың, жас ұрпақтың арасында өз беделін арттыру үшін өзара бәсекеге түседі. Тәуелсіздік күні (4 шілде), Колумб күні, Алғыс айту күні сияқты кең атап өтілетін ұлттық мерекелерде әскер түрлерінің ең үздік өкілдері түрлі кездесулер өткізеді, халықтың арасынан табылады. Қаруды қақпақылдап, жонглер жасау, оркестрмен ән айту және басқа да таланттарын паш етіп, өнер көрсетеді.

Ал Қорғаныс министрлігі үлгі етіліп отырған Ресейде және жалпы, кеңестік ескі әскери дәстүрлерді ұстанатын ТМД елдерінде әскерилер мерекелерде ішімдікке тым әуес болады, халыққа жаман қырынан көрінеді. Мысалы, Ресейде "День ВДВ" деп дәріптелетін мерекеде десантшы ішіп алып, жолаушыны ұрып өлтірген. Өткен аптада Каменск-Уральский қаласында осы әскер жауынгерлері көшеде кетіп бара жатқан қыз баланың шашын көгілдір түске бояғанын ұнатпай, оны сүйрелеген күйі фонтанға батырып өлтірмек болған. Оған араша түскен анасын да соққыға жыққан. Мұндай оқиғалар өте көп және жылда кездеседі.

Қынжылтатыны сол, қазақ елінің жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеудің жаңа бағдарламасынан қазақ рухының иісі де шықпайды. Оны орыстілділер жазғаны көрініп тұр. Оның қазақшасы апыл-ғұпыл аударыла салғаны байқалады.

"Қазақ халқының даңқты тарихы өзін-өзі танудың Ұлы мектебі болып табылады және біз оны құрметтеуге, ата-бабаларымыздың героігі мен подіктерінің жарқын мысалдарын зерделеуге және оларды отансүйгіштік пен Отанға адалдық идеясының негізі ретінде бекітуге міндеттіміз. Жастарды жалпыұлттық өзін-өзі тану, мемлекет пен халыққа адалдық, толеранттылық, патриотизм және ұлттық құндылықтарды қастерлеу рухында тәрбиелеу барлық мемлекеттік органдар мен тұтастай алғанда қоғамның маңызды міндеті болып табылады", – делінген мемлекеттік ресми құжатының мемлекеттік тілдегі жобасында. Оның үстіне Қорғаныс министрлігі мұның пысықталған үшінші нұсқа екенін көрсетті. 

Жалпы, 2030 жылға дейінгі жаңа патриоттық тұжырымдамадан Назарбаевтың аты алып тасталғанымен, құжат толығымен соның мұрасына құрылған. "Жас сарбаз", "Жас қыран", "Жас ұлан" ұйымдарына арқа сүйейді. 2030 жылға дейін жаңа ұйымдар құру жоспарланбаған.

"Әскери-патриоттық тәрбие процесінің негізгі локомотиві" ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы болатыны көрсетілген. Астанадағы Бараев көшесінде орналасқан бұл орталықты да 2015 жылғы 1 желтоқсанда Н.Назарбаев ашқан болатын.

Яғни, жаңа тұжырымдамада тың, жасампаз идеялар жоқтың қасы.

Ресми дерекке жүгінсек, қазіргі уақытта "Жас Сарбаз" жұмысының нәтижесінде әскери-патриоттық клубтардың саны 7 мыңнан асты, оған тартылған жастар саны 215 мыңға жетіпті.

Сонымен қатар, жыл сайын "Айбын" әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Оған жыл сайын екі мыңнан астам әскери-патриоттық клубтар, сондай-ақ 55 мыңнан астам балалар қатысады.

Қорғаныс министрлігі әскери, патриоттық тәрбиелеу саласында келесі проблемалар ғана бар деп есептейді:

  • әскери-патриоттық тәрбие саласында жүйелі тәсіл жоқ;
  • стейкхолдерлер арасында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жоқ;
  • әскери-патриоттық тәрбие саласында ұрпақтық өзгерістерді ескере отырып, қазіргі заманғы ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеу де жоқ;
  • білім беру процесінде тәрбие жұмысының маңыздылығы төмендеп кетті;
  • ата-аналардың тәрбие процесіне қатысуы төмен;
  • тәрбие жұмысын іске асыру бойынша жауапты субъектілер жетіспейді;
  • әскери-патриоттық тәрбие саласында оң нәтижелерді көтермелеу және есепке алу тетіктері жоқ.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру қорытындысында әскери-спорттық іс-шаралармен қамтылатын жастар үлесін 2024 жылғы 13,8 пайыздан 2030 жылы 96,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылы әскери-патриоттық тәрбиеге бағытталған жастар бастамаларының, эксперименттік және инновациялық жобалардың 55%-ы қолдаумен қамтылмақ. Мұның қалай жүзеге асатыны, қанша қаржы жұмсалатыны жария етілмеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу