Қаржыгерлер, экономистер және депутаттар арасында көп сөз болған биылғы жылдың нақтыланған бюджетінің жобасы әзір. Ел күтердей бұл құжаттың несі маңызды? "Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін Президент Қ. Тоқаевтың халыққа берген уәделері, 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған міндеттері, 16 наурыздағы жолдауда жария еткен мемлекетті саяси жаңғырту, "Жаңа Қазақстанды" құру бастамалары – осының бәрі-бәрі бюджеттік шығындарға тіреледі.
Нақтыланған бюджет жобасында мына бір жайт назар аудартады. 2021 жылғы 2 желтоқсанда бекітілген "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке" сәйкес, 2022 жылы Ресейдің "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін Қазақстан бюджетіне 48 млрд 875 млн теңге және әскери полигондарды қолданғаны үшін тағы 8 млрд 516,5 млн теңге жалдау төлемақыларын төлейтіні бекітілді.
Енді осы сома 3,2 миллиард теңгеге өскелі тұр. Қайта қаралған биылғы бюджет жобасында Ресей "Байқоңыр" кешенi үшін осы жылы 52 млрд 143,5 млн теңге және әскери полигондарға – 9 млрд 217,9 млн теңге жалдау ақысын төлеуге тиіс болады.
Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл өзгеріс "теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда нақты өзгеруіне байланысты" екен. Екі ел арасындағы мәміле бойынша ғарыш айлағы кешенін қолданғаны үшін Мәскеу жыл сайын республикамызға 115 млн доллар төлеп тұрады. Өткен жылғы желтоқсанда биылғы бюджетті қабылдау барысында 1 доллар = 425 теңге деген бағам қолданылыпты. Енді бюджет жобасын қайта қараған кезде 1 доллар 453 теңгеге тең деп алынады. Биылғы 9 наурызда америкалық валюта 510 теңгеге дейін қымбаттағаны мәлім. Егер жыл соңына дейін бағам сол шамаға барса, "Байқоңыр" Кремльге 58 млрд 650 млн теңгеге түспек.
Бірқатар сарапшылардың дерегінше, Мәскеу космодромды жалдау ақысын да доллардан рубльге көшіруді қалайтын көрінеді. Қазақстан болса, долларды қолдап, соған табандауы керек. Бұл бізге қолайлы.
Қазақ жеріндегі ғарыш айлағы 1994 жылы Ресейге 20 жылға арендаға берілген болатын. Кейін, 2004 жылы екі ел келісімді ұзартуға уағдаласты. Нәтижесінде, Қазақстан "Байқоңыр" кешенін қаламен және оның аймағындағы жерімен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берді.
"Негізі, "Байқоңыр" кешенін жалға беру шешімі 1994 жылы қабылданды, сол кезде ауыр экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанның оны ұстап тұруға және пайдалануға мүмкіндігі болмады. Бекітілген келісімге сәйкес, Ресей Байқоңыр қаласын және космодромды ұстап тұру жөнінде өзіне міндеттеме алды. "Байқоңыр" сақталды және жұмыс істеп тұр. Республикалық бюджетке жыл сайын 115 млн доллар жалдау төлемі түсіп тұрады. Кейінгі 27 жыл ішінде кешенді жалға беруден Қазақстан 3 млрд доллардан астам табыс тапты", – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Экономикалық тұрғыдан ғарыш кешенін жалға беру пайдалы болғанымен, қазақстандық қоғам, сарапшылар мұның өзге қырларына алаңдаушылық білдіріп жүр. Мысалы, экологияны бұзады. Байқоңыр қаласындағы 12 мектептің тек бесеуі ғана қазақстандық стандартпен оқытады, қалғаны Ресейге бағынады. Оларда қазақстандық балалар "Президентім Путин, астанам Мәскеу" деп оқытылатын көрінеді, қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихын пәнін оқымайды. Қаладағы балабақшалардың жағдайы да солай. 2020 жылы қазақстандық білім беру стандартына негізделген 2 жеке балабақша ғана ашылыпты.
Ресейліктер бұл қаланы өз жеріндей сезінеді. Өткенде "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровты ұлтжандылығы үшін ұнатпай, қазақ министрінің қазақ жеріндегі "Байқоңырға баруына тыйым салатынын" мәлімдегені бар. Ресей Байқоңырға әскери, сауытты техникаларын енгізіп және кері қайтарып, елдің зәресін ұшыратыны да жасырын емес...
Бюджет шығысы бірнеше триллионға артпақ
Дегенмен нақтыланған бюджет жобасы қаралатын Мәжіліс пен Сенат отырысында басқа мәселелер қызу пікірталасқа тамыздық болуы мүмкін. Ел Үкіметі биыл бюджет шығынын ел тарихында болмаған көлемге дейін күрт арттырғалы тұр. Енді осыған жеке-жеке тоқтала кетсек.
Сонымен 2022 жылғы республикалық бюджеттің кірістері бұған дейін 12 трлн 848,9 млрд теңгені құраса, енді ол 15 трлн 665 миллиардқа дейін артады деп күтілуде. Бұған ішінара салықтық түсiмдердің былтыр болжанғандай, 8 трлн 919,1 млрд теңге орнына 9 трлн 816,7 млрд теңгеге дейін, салықтық емес түсiмдердің – 286 миллиардтан 343,2 миллиардқа дейін артуы есебінен қол жеткізіліп отыр.
Ең бастысы, Үкімет Ұлттық қордан алатын қаражат көлемін күрт арттырмақ. Биыл республикалық бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi бұрын бекітілген 2,4 триллионнан енді 4 трлн 30 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Осылайша, елдің басты одақтасы – Ресейдің соғысы және оған санкциялық қысымның күшеюі ақыр соңында Қазақстан Үкіметінің Ұлттық қордан алынатын қаражатты азайту, сөйтіп ондағы қорды молайту жоспарын жайына қалдырды.
Қазақстан бюджетінің шығындары да айтарлықтай – 2 триллион 414 млрд теңгеге артатын түрі бар: 2022 жылғы нақтыланған бюджеттің шығындары – бұған дейін белгіленген 15,6 триллионнан енді 18 трлн 62,6 миллиардқа дейін өседі деп жоспарланған.
Бұған дейін ел басшылығы еліміздің донор облыстарынан табысын тып-типыл етіп алып қоюды тоқтату, олардың дамуына көбірек қаржы қалдыру туралы айтқан. Жаңа өмір шынайылығы бұған мұрша бермейтін сияқты. Нақтыланған бюджет жобасында облыстық бюджеттерден, Алматы мен елорда бюджеттерінен алынатын трансферттердің түсімдері бұған дейін жоспарланған 201 миллиардтан 432,3 миллиард теңгеге дейін ұлғаятыны көрсетіліпті.
Бюджеттің жаңалығы неде?
Құжатта бірқатар жаңалықтар көзделген, мысалы, 1 сәуірден бастап АЕК көлемі қайта өзгереді. Нәтижесінде, бір жағынан Қазақстанда жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер артады. Екінші жағынан айыппұлдар, салықтар өседі.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап:
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 20 191 теңге болып бекітілмек;
- Зейнетақының ең төмен мөлшерi – 48 032 теңге болады;
- Жәрдемақыларды және өзге әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ айыппұл, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн қажетті айлық есептiк көрсеткiшті – 3 180 теңге деп белгілеу ұсынылады (2022 жылдың басынан бері ол 3 063 теңге болған);
- Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң (төменгі күнкөріс шегі) шамасы – 37 389 теңге болып белгiленбек.
- Жасына байланысты зейнетақы төлемдері және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7%, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап тағы 4%-ға өседі.
Бюджет жобасында ішкі істер органдарының қосымша штат санын ұстауға және материалдық-техникалық жабдықтауға; асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға; халық арасындағы әлеуметтік шиеліністі төмендету үшін нан пісіру кәсіпорындарын шикізатпен, ал халықты қолжетімді бағадағы нанмен тұрақты қамтуға және басқасына бағытталған шаралар қарастырылып отыр.
Елең-алаң шақта биліктің шабан іс-қимылын әбжілдеу ету үшін Үкімет резерві бұрын-соңды болмаған көлемге дейін ұлғаяды. Егер бұған дейін ел Үкiметiнiң 2022 жылға арналған резервi 105,4 миллиард теңгені құраса, енді ол жарты триллионға (479,5 млрд теңге) жетпек. Қаржы министрінің түсіндіруінше, "бұл шығыстар шұғыл мәселелерді шешуге бағытталады".
Мемлекеттің "қиын заманға" арналған қоры қарқынды толықтырылады. Төтенше жағдайлар министрлігіне "мемлекеттiк материалдық резервті қалыптастыруға және сақтауға" биыл 6,6 млрд теңге бөлінеді деп қарастырылған еді. Ал нақтыланған бюджетте бұл сома 15 млрд 416 млн теңгеге дейін көбейеді. Бұған "ескі қорларды жаңарту тәртібінде шығарылған материалдық құндылықтарды сатудан түскен" 2 млрд 251 млн теңге де қоса берілуге тиіс.
Соған қарағанда, ел Үкіметі қиын күндерге дайындалып жатқандай.
Жанат Ардақ