Қазақстан ресейлік релоканттарға жаңа, қатаң талап қояды

2013

Елімізде тұрақтап қалғысы келгендерден Үкімет бір пәтер сатып алатын қаражатының болуын, отандық банкке миллиондаған теңге жинақ салуын талап етпек. 

Қазақстан ресейлік релоканттарға жаңа, қатаң талап қояды Фото: 24newnews.ru

Соғысқа қарсы болып, елінен кеткен, сондай-ақ былтырғы қыркүйектегі мобилизациядан қашқан РФ азаматтары елдеріне кері қайтып жатыр. Мұны ақпарат құралдарына РФ құзырлы органдары хабарлаған, бірақ нақты санды атамады.

Мұның түрлі себебі айтылып жатыр. Мысалы, Қазақстанда, өзге елдерде жұмыс таба алмағандарының қаражаты таусылып, оралуға мәжбүр. Сонымен бірге "оралмандар" қайтадан кетіп қалуы мүмкін деген де жорамал бар.

"Релоканттардың көбі шетелдегі еркін өмірдің дәмін татып, бостандық ауасын жұтты. Ұнатты. Сондықтан Ресейде қалады деп ойламаймын. Неге онда қайта келді? Себебі, көбісіне асығыс қашуға тура келді. Көліктерін, пәтерлерін, саяжайларын, бизнесін, барлық дүние-мүлкін тастап кетті. Мобилизацияның екінші толқыны жарияланбағанын, шекаралардың жабылмағанын көріп, ақырын-ақырын оралуда. Бизнесін, жылжитын, жылжымайтын мүлкін сатып, қарыздарынан құтылып, туысқандарымен көрісіп, мауқын басқан соң, қайтадан шетелге кетіп қалады", – дейді Андрей.

Ол Петерборда танымал түнгі клубтар желісінің менеджері болып жұмыс істеген. Былтыр мобилизациядан қашып, Қазақстанды паналапты. Алматыда мейрамхананың әкімшісі жұмысына орналасқан.

"Маған қазақстандықтардың өмірге көзқарасы ұнайды. Қолындағысын бөлісуге дайын тұрады. Бұл халықтың дәстүрімен тығыз байланысты болса керек. Алғашқы күні баспана тауып орналасқаным сол, есікті біреу дүрсілдете қақты. Бір мезет Қазақстанда екенімді ұмытып кетіп, зәрем ұшқаны. Есік көзшесінен сығаласам, қамзол киген апай тұр. Үйіне қонақ келіпті, орындық жетіспей қалған екен. Менің шетелдік екенімді сұрап білген соң кетіп қалды. Ертесіне көршілер лек-лекпен келіп, керек-жарақ, тамақ, басқасын әкеле бастады. Әлгі апай мен туралы ортақ чатқа жазып жіберіпті. Халық мұнда мейірімді. Біздің Петебургте адамдар бір-біріне аса суық қарайды, ұрсысуға дайын тұрады. Әркім тек қара басының қамын ойлайды", – дейді Андрей.

Ол Қазақстанда тұрақты тұру ықтиярхатын әзірге алмапты. Енді Ресейге қайтып барады. Сондағы баспанасын сатып, қалыңдығын алып, кері оралу, Алматыда орнығу ойы бар.

Релоканттар форумында пікір бөліскен Сергей Грузиядан еліне оралған екен. Уақытша дейді.

"Грузияда өмір сүру қызықсыздау, іш пыстырады. Оның үстіне қымбат. Ресейде өз пәтерім бар, ал Грузияда жалдап тұруға тура келді. Бірақ Грузияда рух беретін бір ізгі сезім кеудеңді кернейді: мемлекеттің саған жау еместігін, ешкімді де саяси көзқарасы үшін түрмеге тықпайтынын, қудаламайтынын түсінудің өзі бақыт. Ешкімге жамандық жасамасаң, қоғам сені дос ретінде қабылдап, жақын тартады. Грузиндермен еркін тіл табысуға болады. Тек тілін сыйлап, жиі айтылатын бірнеше сөзді жаттап алсаң болғаны. Табиғаты қандай тамаша. Айнала таза. Ауаны улайтын ірі өндірістер жоқ. Адамдар көп ақшаға құнығып, бұзылмаған. Сондықтан Ресейде қалып, қысымға төзгенше, Грузияға оралып, тұрақты тұру ықтиярхатын алып, әлемді аралауға ниеттімін", – деп жазды ол.

Оның мәліметінше, оралып жатқан релоканттардың үлкен бөлігі кезінде жеке көлігімен кетіп қалғандар. Олар енді көлігін Ресейде сатып, орныққан еліне оралып, сонда жергілікті көлікті сатып алуды жоспарласа керек.

Бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті хабарлағандай, 2022 жылы Қазақстанға 3 миллионға жуық (2,9 млн) ресейлік кірді. Соның 146 мыңы Қазақстанда қалды. Мұның өзі өте көп. Оның ішінде елу мыңға жуығы уақытша тұру ықтияр хатын алыпты. Бұлар Қазақстанда тұратын отбасымен қауышқандар, жұмыс таба алғандар, төл бизнесін ашқандар және оқуға түскендер.

Сонымен бірге таяуда Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикалық есебінде айтылғандай, Қазақстанға табыс табуға аттанған ресейлік саны екі есе ұлғайыпты. Атап айтқанда, егер 2021 жылы Қазақстанға жұмысқа тұру үшін 31 600 РФ азаматы келсе, 2022 жылы оларға тағы 63 мың ресейлік қосылыпты.

Егер алда Мәскеу жаңа мобилизацияны жарияласа, немесе Украинаның күтіліп отырған үлкен контршабуылы Ресей аумағына соққы беруге ұласса, онда Ресейден қашқандар тасқыны қайтадан Қазақстанға лап қоюы мүмкін.

Біздің Үкімет бұған азды-кем әзірленуде. 2023 жылға дейін ресейлік релоканттар визаранды пайдаланып, Қазақстанда қалағанынша қала беретін. Бұл үшін олар тіпті Ресейге қайтпай, көрші Қырғызстанға немесе Өзбекстанға бір күнге сапарлап, шекараны кесіп өте сала, Қазақстанда 90 күн болу мерзімін жаңарта алатын. Енді биылғы 27 қаңтардан бастап, мемлекетіміз бұл қулыққа тосқауыл қойып, визаранды жойды. Сөйтіп, ресейліктер Қазақстанда тек жарты жылда бір рет қана 90 күн тұра алатын болады.

Тек уақытша не тұрақты тұру ықтиярхаты бар РФ азаматтарына көп мерзімге қалуға рұқсат.

Бірақ алда "ПМЖ" алу да қиындатылады

Ішкі істер министрлігі ведомство басшысы Марат Ахметжанов қол қоятын жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Құжат "Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үмiткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда болу кезеңiнде өздерiнiң төлем жасау қабiлеттігін растау қағидаларын" бекітеді.

Жаңа бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк 10 күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Жаңа қағидаларға сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанда тұрақты тұру құқығына рұқсатты алуға өтініш берсе, өзiнің төлем жасау қабiлеттiгiн растауға міндетті болады.

Бұл ретте РФ азаматтарынан біріншіден, отандық банктердің бірінде ашқан есепшотында 1 320 ең төменгi есептiк көрсеткiшке (айлық есептік көрсеткішке) тең немесе одан асатын салымы, жинағы жатуға тиіс. Бұл 2023 жылы 4 млн 554 мың теңгеге барабар.

Екіншіден, бұдан бөлек, ресейліктің банктік есепшотында не картасында "өтiнiш бiлдiрушiнің өзі тұруға ниет бiлдiрген елдi мекеннен әрбiр отбасы мүшесiне шаққанда 15 шаршы метрден келетін тұрғын үй сатып алуға жеткiлiктi сомасы" болуы шарт.

Әрине, Қазақстанның әр қаласы мен облысында пәтер бағасы әртүрлі. Онда релокант бұл соманы қалай есептеуі керек?

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, "соманың мөлшерi сол елдi мекендегi тұрғын үйдiң орташа нарықтық құнына сәйкес, жылжымайтын мүлiкке арналған құқықтарды тіркеудi жүзеге асыратын тиiстi уәкiлеттi орган берген құжаттың негiзiнде белгiленедi".

Осылайша, РФ азаматы қазақстандық банктегі есепшотында тиісті көлемдегі қаражаттарының бары туралы банк басқармасы төрағасының қолы қойылған Қазақстанның резидент-банкінiң құжатын ұсынса ғана оның тұрақты тұруға өтініші қарастырылатын болады.

Әйтпесе, 90 күн өткен соң Ресейге депортацияланады.

Ұсынылған құжаттың түпнұсқа-оригинал әлде жалған екенін анықтау үшін ішкі істер органдары төлем жасау қабілеттілігін растайтын сол құжатты берген банк мекемесіне сұрау жіберу жолымен тексеріс жүргізеді. Жалған анықтама ұсынса, релокант қылмыскерге айналып, істі болып, жазаланады және ұзақ уақытқа елден аласталады.

Дегенмен, жаңа бұйрық жобасында бұл талаптарды айналып өтудің жолы бар сияқты. Онда: "Өтiнiш берушiнің өзіне тұрғын үй беру туралы жеке немесе заңды тұлғамен шарты болса, тұрғын үй сатып алу үшiн ақшасының болуы туралы банктiң құжаты талап етiлмейдi".

Ендеше егер РФ азаматы қазақстандық әйелге үйленбегенімен, ең құрыса, азаматтық некеге тұрса, екінші талаптан құтылады.

Бірақ бәрібір есепшотында 4,5 миллион теңгесі жатуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу