Қазақстан сәулетшілері Президентке хат жазды

Онда сарапшылар қауымы сала мамандарының беделін қалпына келтіріп, сәулетшілердің жеке рөлін заңнамалық тұрғыда бекітуді сұрады.

Қазақстан сәулетшілері Президентке хат жазды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстанның сәулетшілер одағы 1936 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сәулетшілер мен қала құрылысшылары бас жоспарларды әзірлеумен айналысты, олар әрдайым елдің жоғарғы басшылығының қатысуымен бекітілді. Бұл мызғымас заң - бекітілген бас жоспар болды. Оны өзгертуге болмайтын, түзетудің өзіне ұзақ уақыт кететін: талдаулар жүргізіліп, аздаған өзгерістер 10 жылда бір рет қана жасалатын. Қалалар қарқынды салынған кезеңде сәулет өнерінің рөлі төмендеді. Бұл жоспарсыз құрылысқа әкеп соқтырды", – деген одақ басшысы бұл олқылықтарды түзету мақсатында Мемлекет басшысына хат жазғанын мәлімдеді. 

Ұйым атынан жазылған құжатта ол бүкіл сала мамандарының жан айқайын жеткізгенін айтады. 

"Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізде дұрыс жобалауды жүзеге асыруға көмектесу, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің басты консультанттары болу және өз беделімізді көтеру үшін жүгіндік. Мен Президентке жазған хатымда бірінші кезекте Алматының проблемаларына назар аудардым. Бұл көп адамның сүйікті мегаполисі. Алматыдағы басты мәселе – сейсмиканы есепке алмағанда, "нүктелі" және тығыз орналасқан құрылыстардың көптігі, биік үйлер, қабаттар және құрылыс талаптарына сай келмейтін басқа да бұзушылықтар. Олар тек сәулетшілерді ғана емес, сонымен қатар осы "тәртіпсіздіктің" жанында тұратын алматылықтарды да алаңдатады. Саябақтар сүріліп, тұрақтар жойылды. Мұндай мысалдарды республика бойынша келтіруге болады", – деді одақ басшысы. 

Бұл ретте ол Шымкентте ескі ипподромның орны үшін ВІ Group пен қала жұртшылығы арасында дау болғанын еске салды. Әрі ол мұны құптамайтынын атап өтті.

"Олар бұл тарихи учаскені пайдалануға үзілді-кесілді қарсы болды, бірақ ештеңе істей алмады. Иә, азаматтарымызға баспана керек, ол неғұрлым арзан болса, соғұрлым жақсы. Бірақ әзірленген жоба сараптамадан өтпестен, жай салынып жатса – онда басқа көрініс қалыптасады. Тұрғын үйді көп салса, ақша көп болады. Неге бұлай жасалып отыр? Себебі ең басты құрал – Қала құрылысы кеңесі болған жоқ", – деп атап өтті Серік Сұлтанғали.

Осы олқылықтарды түзету үшін Алматыда 1 тамыздан бастап Қала құрылысы кеңесі жұмыс істей бастайды. Басқа өңірлерде де әкімдіктер жанынан қалалық кеңестер құру да жоспарланған. 

"Оларға Қазақстан сәулетшілер одағының мүшелері міндетті түрде қатысады. Жастар да белсенді атсалысуда. Ұзақ үзілістен кейін Сәулетшілер одағының съезі өтті. Сәулет "ұйқыда" болды десек те болады. Кінәлайтын ешкім жоқ, өмір қайнап жатыр, құрылыс жүріп жатыр. Әрине, министрлік және басқа қызметтер қазіргі кезеңге ғана қолайлы заңдар әзірлейді. Онда сәулетшілер жоқ, тек сәулет пен қала құрылысы қызметі туралы ғана айтылады. Яғни, біз барлық осы ұйымдардың ортасындамыз, мұның ара жігін ажырату керек", – деді спикер.  

Сәулетшілер одағы басшысының пікірінше, коммуналдық және инженерлік қызметтердің кураторының қызметіне жатпайтын функциялардан босатып, "сәулетшінің" жеке рөлін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет.   

"Бұл ұзақ жол екенін білеміз. Президентке әділдік орнатып, әсіресе Алматы мен Шымкентте орын алып жатқан заңсыз құрылысты тоқтату үшін хат жаздық. Бұл сын емес, оны дұрыс түсіну керек. Архитектурасыз ешқандай құрылыс, бас жоспарлардағы өзгерістер жасалмауы керек", – деді спикер.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу