Қазақстан спутниктерінен айырылатын күн жақын қалған ба?

9862

Мемлекеттің ғарышқа салған ақшасы желге ұшуы мүмкін.

Қазақстан спутниктерінен айырылатын күн жақын қалған ба?

Өз жерінде ғарыш айлағы бола тұрып, ғарыш саласын дамытпау әбестік. Сондықтан Қазақстан осы саладағы державалар көшіне қарай қадам жасады, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы ("ҚҒС" АҚ) құрылды. Көк сеңгіріне бірнеше жер серігі ұшырылды.

Ұлттық компания сыртында әбжіл тұлғалар қаптатып квазимемлекеттік және жеке компаниялар құрып алды. Олар осы секторға ел бюджетінен төгілген миллиардтарды игеруде. Бұл ретте қазақстандық нарықтың негізгі ойыншылары қатарында "ҰҒЗТО" АҚ, "DigitalORB" ЖШС, "Терра қашықтықтан зондтау және ГАЖ орталығы" ЖШС, "Дата+" ЖШС, "Надир" ЖШС, "KazAeroSpace" ЖШС, TerraLink компаниясы, сондай-ақ ІТ саласында қызмет көрсету спектрін ұсынатын компаниялар, геосервис (геопорталдар) әзірлеушілері: "Қазақстандық ГАЖ орталығы" ЖШС, "ГеоКом Астана" ЖШС, "Қазақстандық ГАЖ және ҚЗ агенттігі" ЖШС, "Қазақстан ГАЖ және ҚЗ агенттігі" ЖШС, "Азия-Софт", 2ГИС, "Аloraitsolutions" ЖШС бар.

Үкімет "Болашақ" бағдарламасына өзгеріс енгізіп, оның аясында аэроғарыш мамандарын шетелде оқытуға көшті. Сондай-ақ, отандық жетекші университеттерде аэроғарыш мамандықтарын құрды.

Бұдан не шықты?

Отандық жоғары оқу орындарында әлі күнге ғылыми-техникалық база жоқ көрінеді. Елімізде дуальді білім берудің енгізілгеніне біраз жыл болса да аэроғарыш мамандықтарында оқитын студенттер университетті жеткілікті тәжірибесіз аяқтайтын көрінеді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің байламынша, бұл "ҚҒС" ұлттық компаниясын жоғары кәсіби мамандармен қамтамасыз етудегі негізгі тежеуші фактор болып отыр. Сондықтан комитет жас кадрларды "Ұлттық ғарыш орталығында" (ҰҒО) практикадан өткізуді, серіктес кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуіне жол ашуды ұсынады.

Саланың басты мақтанышы – ғаламшарды айнала ұшып жүрген спутниктер. Алайда оларды пайдалану мерзімі келесі жылы бітеді. Демек, олардың орнына енді жаңаларын ұшыру қажет екен.

"Негізі, "KazEoSat-1" және "KazEOSat-2" ЖҚЗ отандық жерсеріктерінің белсенді жұмыс істеу мерзімі 7 жылды құрайды және 2021 жылы аяқталады. Өндірушінің ақпаратына сәйкес, аталған ғарыш аппараттары жоспарланған мерзімнен бірнеше жылға ұзағырақ жұмыс істей алатын платформаларда құрылған. Мысалы, "KazEOSat-2"-ға ұқсас платформада тұрғызылған еуропалық "RapidEye" жерсеріктер топтамасы 2008 жылы іске қосылды және тек 2019 жылы, 11 жыл өткенде коммерциялық қызмет көрсетуін тоқтатты. Бірақ жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері қолданылатын барлық негізгі бағыттар бойынша ғарыш мониторингі қызметтерін үздіксіз көрсету үшін таяудағы 5 жыл ішінде жаңа ғарыш аппараттарын ұшыру қажет", – деді Аэроғарыш комитеті.

Ал ұшырмаса не болады? Сала ары қарай дағдарысқа килігеді.

"Жұмыс істеп тұрған жерсеріктерін ауыстыру ісін қаржыландыру кешеуілдеген жағдайда бұған дейін құрылған активтерге мемлекет салған қаражаттың қажетсіз болып қалу және кейіннен құнсыздану қаупі бар. Салдарынан, жоғары технологиялық өндірістерді жасау құзыреттерін ары қарай арттыру мүмкіндігін жіберіп алу тәуекелі туындайды", – деді ведомство.

Меморганның мәліметінше, Қазақстанда қазіргі кезде сабақтас салалардағы өнертабыстар мен әзірлемелерді ғарыш өндірісіне нақты интеграциялау жүйесі де, сонымен қатар ғарыш технологияларының жетістіктерін өнеркәсіптің басқа салаларына тиімді трансферттеу, ендіру үшін қажетті инфрақұрылым да жоқ.

Бұл проблеманы еңсеру үшін "ғарыш саласының ғылыми-технологиялық, конструкторлық, оқу және өндірістік базасын дамыту қажет" екен. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығын одан әрі дамыту, оның "Назарбаев Университетімен", жоғары оқу орындарымен, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастығын жолға қою керек.

Мұның барлығы әзірге жасалмаған. Бұлар тек "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының 2021–2030 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы жобасында қарастырылатын болады.

Нарықтан аулақтап, бюджеттің "қойнына" кіреді

Ғарышқа аса қымбат спутниктерді ұшырар кезде салаға жауапты шенеуніктер олардың елге мол табыс әкелетінін қайталаумен болды. Шынында, олардың нарықтағы адымы ашылмай тұр. Олардың қызметі жеткілікті коммерцияландырылмаған: негізінен меморгандарға қызметін ұсынады. Яғни, ары қарай ел бюджетіне күні қарап отыр. Осыған орай нарықтан көңілі қалған цифрлық министрлік "қолданыстағы отандық жерсеріктерін негізгі тұтынушының – мемлекеттік органдарының талаптарына сәйкес ауыстыруды жоспарлауда".

"Соңғы 5 жыл бойы айыру қабілеті жоғары ғарыштық түсірілімдердің ең үлкен тұтынушысы – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі болып қалуда. Сол себепті енді Қазақстан үшін күш құрылымдарының қажеттіліктері – басымдық болып табылады. Бірақ "KazEOSat-1"-дің эксплуатациялық тәжірибесі көрсеткендей, қолданыстағы ғарыш аппараттары талап етілмеген күйде қалуда: өйткені түсірілім жиілігі аз, шектеулері бар", – делінген стратегия жобасында.

Мамандардың түсіндіруінше, ұлан-байтақ қазақ даласын батыстан шығысқа қарай ұзына-бойы түсіріп шығу үшін спутникке 1 айға жуық уақыт қажет болмақ. Оның үстіне төмен орбиталды ЖҚЗ жерсерігі бір аумақты бірнеше рет түсіруі үшін 3-4 тәулік кетеді (қайта түсіру уақыты). Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан дәуірде мұндай шабан ғарыш аппаратына нарықта сұраныс та жоғары болмайды.

Сондықтан Қазақстан қайта түсіру уақытын азайту үшін ғарышта отандық спутниктердің жаңа топтамасын құруды жоспарлап отыр.

Жобаға сәйкес, ол топтама айыру қабілеті орташа 3 және айыру қабілеті жоғары 3 жаңа ғарыш аппараттарынан тұрмақ. Нәтижесінде, Аэроғарыш комитетінің дерегінше, қолданыстағы жүйенің тәуліктік өнімділігі 530 мың 340 шаршы шақырымнан асады. Қайтара түсіру жиілігі 3–4 есе артпақ.

Бұл топтаманың бюджетке қанша миллиардқа түсетіні әзірге хабарланбады. Есеп-қисабы жалғасуда. Бір белгілісі, жаңа спутниктерді жобалауға және өндіруге қазақстандық "Ghalam" ЖШС қатыспақ. Ол 2021–2023 жылдары – "KazSat-2R", 2021–2024 жылдары – айыру қабілеті орташа, ал 2022–2025 жылдары – айыру қабілеті жоғары жерсерігін жасап шығады деп күтілуде. Соның ішінде "KazSat-2R" спутнигіне 40 миллиард теңге жұмсалатыны мәлімделді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу