Қазақстан судьялары әділдік іздейді

3275

Елімізде судьялардың төл мерекесін енгізуге бұрыннан әрекет жасалып келеді. Бірақ одан әзірге түк шықпады. Жоғарғы сот жаңа мерекені енгізуге кезекті рет талап қылып, оны қабылдатуға белді бекем буды.

Қазақстан судьялары әділдік іздейді

Неге 5 маусым?

Жоғарғы сот "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп шықты. Оның мақсаты біреу ғана – биліктің тұтас бір тармағының төл мейрамын ресми бекіту.

Әйтпесе, 5 желтоқсанда – Ресейдің, 15 желтоқсанда – Украинаның соттары кәсіби мерекелерін тойлап жатқанда қазақстандың әріптестері тойдан шет қалғандай, елеңдеп, жабырқап отырады. Олар амалсыздан "Конституция күнін" төл мерекелеріндей атап өтеді, 30 тамызда Жоғарғы сотта салтанатты жиындар ұйымдастырылады.

Таяуда, 5 наурызда қырғыз сотының жұмыскерлеріне де жан-жақтан құттықтау жауа бастамақ: "Қырғыз Республикасынын сот системасы қызматкеринин күнү" олар сыйақы алады, қошемет сөздер естиді.

Кәсіби мейрамнан құр қалғанын қазақстандық сот қызметкерлері, судьялар өзіндік бір әділетсіздік санайды. "Әділдік орнатуға" деген талапты Фемида қызметкерлері көп жылдан бері жасап келеді.

Соңғы талаптардың бірі 2021 жылғы 15 шілдеде жасалды. Жоғарғы сот сонда осы жаңа мерекені 5 маусымға белгілеуді ұсынды.

Неге дәл осы дата таңдалып отыр? Жауабы қарапайым. Заң ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Сүлейменованың дерегінше, 1992 жылғы 5 маусымда "Қазақстандағы конституциялық сот өндірісі туралы" № 1379-XII заңы қабылданды. Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш заңның бірі саналған бұл құжат тәуелсіз сот саласының іргесін қалады.

Дегенмен, былтыр соттардың мерекесі сол бойы пайда болмады. Себебі де жария етілмеді. Бұған бәлкім, 1992 жылғы 5 маусымда қабылданған әлгі заңның "Конституциялық сотқа" қатысты екені де ықпал еткен болар?! Бертінде ол сот жойылып, орнына сарапшылардың сынына жиі ұшырап жүрген "Конституциялық кеңес" құрылғаны мәлім.

Енді міне, Жоғарғы сот сүрілене бастаған бастамасын қайта ұсынып отыр. Үкімет қаулысының жобасы 2022 жылғы 21 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Онда мереке үшін басқа дата ұсынылып отыр. Атап айтқанда, 24 маусымды – "Судья және сот қызметкерінің күні" деп белгілеу көзделген.

Неге 24 маусым?

Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жазған түсіндірме жазбасында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бұл "Қазақстан соттарының және сот жүйесінің беделі мен пәрменділігін арттыру" үшін қажет дейді.

"Конституцияның 75-бабына сәйкес сот төрелігі – сот билігінің ажырамас белгісі, мемлекеттік биліктің ерекше функциялары мен нысандарының бірі. Қазақстанда сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судьяның өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ! Сот билігінің негізгі міндеті – қоғамдық және мемлекеттік өмірде туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, құқықтық тәртіпті бұзып, заңды бұзғандарды жазалау", – делінген Ж.Асановтың хатында.

Оның айтуынша, жаңа кәсіби мерекені "судьяларға, сот қызметкерлеріне олардың конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін құрмет ретінде" белгілеу ұсынылады.

"Судьялар мен сот қызметкерінің күні" кәсіби мерекесінің датасы ретінде 24 маусымды белгілеу ұсынылады. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі, дәл осы күні, 1992 жылы Қазақстан соттары тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері қолданып келген "Қазақ КСР сот құрылысы туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес, елде сот төрелігін тек сот жүзеге асыратыны бекітілді. Онда Жоғарғы сот және жергілікті соттар – облыстық, қалалық, аудандық соттар, сонымен бірге жаңадан құрылған әскери соттар Қазақстанның соттары болып табылатыны көрініс тапты", – деп түсіндірді Жоғарғы сот төрағасы.

Сот жүйесіне қандай жаңалықтар енуде?

Айта кету керек, "Жаңа Қазақстанда" сот жүйесі де реформалануда. Таяуда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Президент соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Бұл салада енді талапқа сай келмейтін судьяларға орын болмауға тиістігін қадап айтты.

3 жылда 174 судья жұмыстан шығарылған, лауазымы төмендетілген. Бұл – осыған дейінгі 10 жылдағы көрсеткіштен 3 еседей артық!

Былтырғы шілдеден бастап Қазақстанда "ерекше әділет органдары" – әкімшілік соттар жұмыс істей бастады. Жаңа, маманданған ауданаралық әкімшілік соттар тек мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің, өзге лауазымды тұлғалардың шешіміне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым келтірілген істерді ғана қарайды. Бюрократиядан көп зардап шегетіндер – кәсіпкерлер екені мәлім. Бұған дейін бизнес арасында "мемлекетпен соттасу – алжасып өлу" деген қыжыртпа сөз болатын, себебі ол тартыс еш опа бермейтін: сотта жеңе алмағаны сыртында, шенеуніктер кейін оны қырына алып, ізіне түсуі мүмкін. Ал қазір жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 талап-арыз түскен. Бұрын мұндай істердің 85%-ы меморгандардың пайдасына шешілетін. Енді тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шығыпты.

Бұл жүйедегі жаңғырулардың бір белгісі сол, бүгінде Қазақстанда судья болу үшін сот жүйесінде төменнен бастап, жұмыс істеп, тәжірибе жинау қажет болмай қалды. Жоғарғы лауазымдарға, Жоғарғы сот судьясына бұрын судья қызметін атқармағандар – заңгерлер, адвокаттар, Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік бақылау комитетінің экс-төрағасы (Берік Нәжімиденов) сайланды. Яғни, судьялық корпусқа "соттар кастасына" жатпайтын жаңа кәсіби мамандар тартылуда. Бұл Президент сынағандай, сот жүйесі "қарғаның көзін қарға шұқымайтындай" "жабық корпорацияға" айналып кетпеуі үшін жасалып жатқанға ұқсайды.

Жуырда ірі бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы бұл практика жалғасатынын мәлімдеді.

"Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз заңнамалық шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі саласынан, корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылуда. Осының негізінде Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі жаңа сот алқасы құрылды. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүддесін сапалы қорғауды қамтамасыз етеді", – деген Қ.Тоқаев Жоғарғы сот кеңесі мен Жоғарғы сотқа судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізуді жүктеді.

2021 жылғы 20 желтоқсанда Президент "ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңға қол қойды. Заң 2022 жыл басында күшіне енді. Оған сәйкес, биліктің сот тармағы атқарушы биліктен тәуелсіздік алып отыр. Енді жалақысын да өз бетінше жоғарылатуына жол ашық. Бұған дейін соттар төл бюджетін қалыптастыру, өздерін мүліктік және материалдық қамту үшін жыл сайын атқарушы билік органдарына қол жайып жүгінуге мәжбүр еді. Жоғарғы сот мұны сот жүйесінің Үкімет пен оның құрылымдарына тікелей және салмақты тәуелділігі ретінде бағалайтын. Тәуелділіктен құтқарған заң жайында Іnbusiness.kz жан-жақты сараптап, жеке жазған болатын.

Жалпы, "қасіретті қаңтар" оқиғалары Қазақстанның сот жүйесінің тәуелсіздігіне үлкен сын болғалы тұр. Қорғаушылар, құқықтанушылар "бейбіт демонстранттар да лаңкес, діни экстремист немесе басқа ауыр баптармен сотталып кете ме?" деген қауіп білдіруде. Түрмеге тек нақты қылмыс жасағандар қамалғаны жөн.

"Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды! Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз", – деді Мемлекет басшысы.

Бұл сөздерді Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын, 2021 жылғы 12 ақпанда, сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңесте айтқан еді. Бірақ ол сөздері әлі күнге өзекті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу