Қазақстан тағы бір салада Ресейге тәуелді болып қалуы мүмкін

12880

Биылғы күзде өткір энергетикалық дағдарысқа тап болмауымыз үшін Ресейден көп электр сатып алуға тура келеді.

Қазақстан тағы бір салада Ресейге тәуелді болып қалуы мүмкін Фото: canva.com

Әйтпесе, тоқсаныншы жылдардағы сияқты тоқты тек белгілі бір уақытта беріп, "веерлік ағытулар" жасауға мәжбүр болады.

Түрлі сарапшылар қуатты ыланойран қолданатын майнерлер жүгенделгелі, үлкен бөлігі өзге елдерге көшіп кеткелі Қазақстанда энергия тапшылығы проблемасы еңсерілгенін айтып жүр. Статистика мұны жоққа шығарады.  

Осы орайда еліміздің басты энергетикалық компаниясының мамандары көңілсіз қорытындыға келіпті. "KEGOC" АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың мәліметіне жүгінсек, 2023 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі алдыңғы 2022 жылғы деңгейде қалып, небары 112,82 миллиард кВт/сағатты құрады. Ал дәл осы кезде электр энергиясын тұтыну көлемі 115,06 миллиард кВт/сағаттан асты. Осылайша, 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. Биыл әрі қарай артуда.

Салдарынан, электр энергетикасы саласында Қазақстанның Ресейге тәуелділігі күшейе бастады.

"Яғни, 2023 жылы жүктеме өсті, сонымен бір мезгілде Қазақстанның электр станцияларының генерациясы төмендеді. Тұтыну мен генерацияның осы көрсеткіштері елде 1 519 МВт электр қуаты тапшылығына соқтырды, оны Ресей Федерациясынан алынған ағындармен қамтуға тура келді. Осы арқылы ғана рекордтық тұтыну жағдайында Қазақстанның ұлттық электр торабының (ҰЭТ) сенімді жұмысы қамтамасыз етілді", – деді KEGOC басшысы.

Нәби Айтжанов алда ахуал тек нашарлай береді деп отыр. 2024-2030 жылдарға арналған электр қуатының болжамды теңгерімі көрсеткендей, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр қуатының тапшылығы алапат 6,2 гигаваттқа дейін ұлғаяды.

"Алдағы күзгі-қысқы кезеңге арналған болжамдық теңгерімдер – 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы наурызға дейінгі бүкіл аралықта электр энергиясы бойынша да, қуаттылық бойынша да дефицит қалыптасатынын паш етті. Станцияларымыз тек 16,4 ГВт қуатты генерациялайды, болжамды жүктеме 17,4 гигаваттан асады. Салдарынан, биылғы тапшылық шамамен 1,025 ГВт-қа жетеді. Оны да негізінен Ресей Федерациясынан импорттау көмегімен немесе Қазақстанның тұтынушыларын шектеу арқылы қамтуға болады", – деді Н.Айтжанов.

Оның айтуынша, әсіресе, еліміздің оңтүстігі энергия ең тапшы аймаққа айналды. Оңтүстік өңірдің қажеттіліктерін толық қамту, онда уақыт бойынша ағытып-қосып, шектеулер енгізуге жол бермеу үшін Жамбыл ГРЭС-і 5 блоктық режимде жұмыс істеуге көшуі қажет екен.

Жағдайды қабылданып жатқан шаралар да құтқармай тұрған көрінеді. Ел Үкіметі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, салада жаңа модель енгізді. Оған сәйкес, Қазақстанның барлық субъектілері үшін нарыққа тең қолжетімділік қамтамасыз етілді, электр энергиясының барлық өңірлердегі бағасы теңестірілді. Барлық дерлік өңірде тұтынушылар үшін тариф күрт өсіріліп, электр құны қымбаттатылуда. Ұлттық банк инфляцияны болжамдау аясында тарифтердің өсірілуі алдағы жылдары да жалғасатынын білдірді.

Жалпы, кеңестік қалыптан алысқа ұзай алмаған қазақстандық энергетиканың артта қалуы жалғасуда. KEGOC басқарма төрағасы атап өткендей, саланы автоматтандыру жағы нашар.

"Қазіргі уақытта энергия нарығы субъектілерін "электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен" (ЭКЕАЖ) жарақтандыру деңгейі айтарлықтай төмен. Объектілердің шамамен 40%-ы әлі күнге ЭКЕАЖ-сыз жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде, теңгерімдеуші нарықта сағаттық есептеулерді жүргізуді қиындатады. Электр энергиясын, әсіресе ең жоғары сағаттарда тұтынуға өтінімдердің дұрыс қалыптаспауын туындатады. Энергия нарығы субъектілерін ЭКЕАЖ-бен 100% жарақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдау талап етіледі", – деді Нәби Айтжанов.

Энергетикалық орталықтарды, ЖЭО-ларды, қазандықтарды, желілерді табыс табу үшін ондаған жылдар бойы аяусыз жеккен, ал жетілдіруге инвестиция салмаған олигархтар ЭКЕАЖ-ға көшпеу арқылы да мемлекет пен халықты алдап, қалтасын қампайтып отыр. Биліктің әлі күнге тиісті талап қоймағаны, енді ғана есін жиып жатқаны қайран қалдырады. Оның өзінде заң жүзінде тиісті талаптар әзірге енгізілмеген.

Былтыр компания "Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту" жобасын іске асыруға кірісті. Жоба Жамбыл және Түркістан облыстарының 500 кВ электр желілерін күшейту арқылы оңтүстік энергетикалық аймақтың тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған. 

Ұлттық электр торабының үздіксіз және сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін "KEGOC" АҚ желілерін дамыту бойынша бірқатар ауқымды жобаларды 2035 жылға дейін іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту, Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру, "Солтүстік-Оңтүстік" тұрақты тоқ желісін салу бар.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда электр қуатының тарифтерін қайтадан көтеруге тура келуі мүмкіндігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, билік бұған тосқауыл қоймайды, тек тарифтердің күрт артуына жол бермейді.

Мысалы, 1 наурыздан бастап, Алматы тұрғындары үшін тоқ бағасы көтерілді. Астана жұртшылығы да тарифтердің көтерілуіне шағымданып жатыр. Елордада қаңтар айына арналған түбіртектерде электр және жылу энергиясы үшін тіпті еселеп өскен шоттар келді. Ұлттық экономика министрлігінің монополияға қарсы органы "Астанаэнергосбыт" ЖШС-ін тексеріп, айыппұл салғанын хабарлады.

Алайда астаналықтар ақпан айына арналған шоттар да үлкен болады деп қауіптенеді. Себебі, "Астанаэнергосбыт" тарифін төмендеткенін хабарламады, демек, сақтап қалса керек.

Дәл осы кезде Қазақстанның онсыз да тапшы электр энергиясын көрші Қырғызстанға жеткізуі қазақстандықтарды аң-таң етті.

Қырғыз республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраевтың хабарлауынша, қырғыздарда қуат тапшылығының туындауына майнерлердің қаптап кетуі ықпал етіпті.

"Енді біз майнинг фермаларға электр энергиясын бермейміз. Олар Қазақстанмен өздері келісімге келді, криптовалюта өндіру үшін қазақтың қуатын пайдаланатын болады. Сондықтан біз майнерлердің қызметіне кедергі жасамаймыз", – деді көрші елдің бас энергетигі.

Бұл хабар әлеуметтік желілердің қазақстандық пайдаланушыларының ашуын туғызды. Азаматтардың айтуынша, билік Қазақстан халқы үшін тоқ бағасын тоқтаусыз қымбаттатуда, ал олигархтар соның есебінен арзан энергияны сыбайлас майнерлерге сатып, ілеспе табыс табады.

Қазақстанның Энергетика министрлігі қырғызстандық майнинг фермаларды тікелей қуатпен қамтып отырғанын мойындамады, тек көрші елмен өзара ынтымақтастық аясында электр энергиясын жеткізетінін мәлім етті.

Екі елдің су-энергетикалық ынтымақтастық саласындағы су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының өзара уағдаластығы соны қарастырады екен.

"2023 жылдың тамызында Қазақстаннан Қырғызстанға жеткізілетін электр қуатының көлемі анықталды. Ол бойынша 2023 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы сәуір аралығында Қырғызстанға 1 миллиард 500 миллион кВт/сағат тоқ жіберіледі. Қазақстандық "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС мен қырғызстандық "Электрические станции" ААҚ арасында энергияны экспорттаудың жоспарлы көлемдерін сату туралы шарт бекітілді. Бұл электр энергиясы Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде энергия профициті, артық көлемі қалыптасқан сағаттарда ғана экспортталады", – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл көлемді әрі қарай қайда, кімге беретіні "тек Қырғызстанның энергетиктерінің ішкі құзырындағы мәселе".

Сырдарияға мол су жіберіп, Қазақстанның оңтүстік өңірлерін, Түркістан мен Қызылорда облыстарын жазғы-күзгі кезеңде егін суаратын сумен қамтамасыз етуі үшін қырғыздар Тоқтағұл су қоймасын сумен толтыруға тиіс. Егер қырғыздың Тоқтағұл ГЭС-і электрді көп өндірсе, суды көп жинай алмайды. Сондықтан ол шектен тыс көп жұмыс істемеуі үшін Қазақстан көршісінің қуат тапшылығын өтеуге мәжбүр.

"Бензин күрт қымбаттаған соң халық ауып, жаппай автогазға көшіп еді, газ бағасын да еселеп көтерді. Енді билік бұқараны электромобильге ауыстырып отырғызуға тырысып жатыр. Сонымен бірге электр бағасын жоғарылатуда. Бұлай қуалау қашанға жалғасады?" – деген сұрақ қойды ғаламторда Руслан есімді қазақстандық.

Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаеваның айтуынша, "KEGOC" АҚ-ының таза пайдасы былтыр 42,7 миллиард теңгеден асты. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен бірден 60%-ға немесе 15,9 миллиард теңгеге жоғары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу