Қазақстан тізгінін ұстаған "ресейлік НАТО" құру алдында тұр ма

1872

ҰҚШҰ ұйымының ендігі  "өмірі"  Қазақстанның және Иманғали Тасмағамбетовтың іс-қимылына да байланысты болуы мүмкін. 

Қазақстан тізгінін ұстаған "ресейлік НАТО" құру алдында тұр ма Фото: egemen.kz

Төл тарихында тұңғыш рет Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) тізгіні қазаққа тиді. Дұрысын айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, ҰҚШҰ Бас хатшысы ретінде Қазақстанның өкілі Иманғали Тасмағамбетов жұмысына кірісті.

Дегенмен, ұйымның ресми сайтында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек ҰҚШҰ төрағалығы Беларуське көшкені айтылған.

"Ротация тәртібімен ҰҚШҰ төрағалығының Армениядан Беларусь республикасына көшуіне байланысты ҰҚШҰ жанындағы Беларустің Тұрақты және өкілетті өкілі Александр Гриневич ұйымның Тұрақты кеңесінің төрағасы ретінде сайланды. Арменияның өкілетті өкілі Виктор Биягов оған ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінде шешім қабылдаудың символы болып табылатын төрағаның ағаш балғасын табыстады", – делінген ұйымның соңғы жаңалықтарының бірінде.

Тасмағамбетовтың ҰҚШҰ Бас хатшысы екенін тек "Руководство" бөліміндегі "Генеральный секретарь" деген бөлімді басып қана білуге болады.

Тағы бір назар аударатын жайт: ҰҚШҰ ресми сайты тек орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Ағылшын тілі Батыстағы қарсыластар ұйымның көз қылып жасаған жария шараларын біле жүруі үшін жасалса керек. Әрине, ҰҚШҰ жұмыс тілі – орыс тілі, оның барлық отырыстары, жиындары, саммиттері тек орыс тілінде өтеді. Осыдан-ақ ұйымда кімнің үстем екені байқалады. Бірақ Қазақстанның ең құрығанда ресми сайтты қазақша да тең жүргізуді талап ете алмағаны қынжылтады. Елордада өткен жиындардың бірінде ұйым өкілдері "ресми сайттарыңыздың қазақша бөлімі неге жоқ" деген сауалға "қазақша маманға штат қарастырылмағаны" айтылды.

Ұйым бюджетінің валютасы – РФ рублі. 2022 жылы ҰҚШҰ бюджеті 488,9 миллион рубльді құрады. Оның 50 пайызын Ресей төлейді. Қазақстан еншісінде 10 пайызы: яғни, мемлекетіміз ҰҚШҰ-ға 48,9 миллион рубль төледі. Осының ішінде сайтты қазақша жүргізу үшін 2 миллион рубль де жететін еді.  

Жалпы, халықаралық, сондай-ақ ресейлік сарапшылар да ҰҚШҰ ұйымының тіршілігінің мәні қалмағанын айтып жүр. Ұйым 2022 жылдың басында, "қанды қаңтар" оқиғалары барысында, Қазақстанға біріккен әскерін кіргізді, тәртіптің орнауына азды-кем үлес қосты. ҰҚШҰ дерегінше, негізін ресейлік әскер мен ұрыс техникасы құраған біріккен әскерлер көшедегі шерушілерді қуып таратуға араласпаған, тек стратегиялық нысандарды қорғауға ғана жұмылдырылды. Жалпы, ҰҚШҰ әскерлері елге кіргенде, қазақстандық күш құрылымдары қоғамдық тәртіпті қалпына келтіріп жатқан еді. Сол себепті отандық сарапшылар ұйым көмегіне жүгінбеуге де болатын еді деген байлам айтты.

ҰҚШҰ көмегіне жүгініп, оның әскерін елге шақыру идеясының авторы Халық Қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров екені белгілі. Ақпарат құралдары жариялағандай, егер ҰҚШҰ әскерін шақырмағанда, сонда РФ әскері кіретін еді деген жорамал бар екен. Мұны белгілі кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол Тоқтар Әубәкіровтен: "Тоқа, қаңтар оқиғасы болып жатқанда ҰҚШҰ әскерін кіргізу керек деп теледидардан айтқаныңыз қалай? Сізді жұртшылық сатқын деуге дейін барып жатыр, астары не?" деп сұраған. Сонда Тоқаң былай деп жауап беріпті:

"Шерулер енді басталып, әлі қантөгіс, бұзақылық жоқ кезде Мәскеуден өзімді жақсы білетін беделді әскери адамдар маған телефон соғып, Қазақстанға 9 дивизия кірейін деп жатқанын хабарлады. Оның ішінде әуе десанттары да, ауыр артиллерия да бар. Жақын күндері біздің елге кіріп, өз тәртіптерін орнатпақ екен. Мен осы ақпаратты ел билігіне айттым. Бірақ олардың тарапынан ешқандай ұсыныс, қимыл байқалмағандықтан, амалсыздан телеарна арқылы ОДКБ әскерін шақыру туралы ұсыныс беруге мәжбүр болдым. Егер ОДКБ әскері кірсе, Ресей билігінің зұлымдық идеясы жүзеге аспай қалады деген пайым тұрды. Содан бір-екі күннен соң Тоқаев шешім қабылдап, онлайн жиналыс өткізіп, ОДКБ-ны шақырды. Осылайша Кремльдің жоспары іске аспай қалды. Басып кірейін деп дайын тұрған әскердің ішінен таңдап, басқа мемлекеттердің солдаттарымен бірге жібере салды", – деді.

Мұның шын-өтірігін анықтау қиын.

Қалай болғанда, қаңтар оқиғаларына дейін де, одан кейін де ҰҚШҰ әскері өзге мүшелеріне көмекке келмеді. Мысалы, Түркия әскерилерінің тікелей қолдауымен Әзербайжан былтыр Таулы Қарабақты азат етуге кіріскенде, Армения дереу ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрады. Бірақ бұл кезде Ресей Украинаға басқыншылық жасап, жойқын қарсылыққа тап болып, өзгеге мойын бұра алмады. Ал ҰҚШҰ өзге мүшелері халықаралық келісімдер бойынша Таулы Карабах Арменияның емес, Әзербайжанның территориясы ретінде мойындалғанын алға тартып, ҰҚШҰ өзге елдердің территориясында соғыс жүргізбейтінін мәлімдеген. Артынша әзербайжан әскері тіпті Арменияның өз территориясына да еніп кетті. Сонда да ұйым былқ етпеді.

Сонымен қатар 2022 жылғы 14 қыркүйекте, дәл Самарқандағы ШЫҰ саммиті қарсаңында шекарада Тәжікстан әскерлерінің шабуылына ұшыраған Қырғызстан да әскери ұйымнан әскери көмек ала алмай, меселі қайтты.

Айтпақшы, 2022 жылғы 5 қазанда В.Путин өзі оккупациялаған Украинаның 4 өңірі (Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарын) Ресей федерациясының құрамына қосылғаны туралы жарлыққа қол қойып, Кремльде салтанатты рәсім өткізді. Содан соң, ресейлік саясаттанушылардың мәліметінше, 14 қыркүйекте және содан кейін бірнеше рет ҰҚШҰ саммитін шақырып, ҰҚШҰ әскерін жаңа территорияларды қорғауға жіберуді талап еткен. "Бұл аумақтар РФ құрамына кірді, тиісінше, өзге елдің территориясы саналмайды" деп дәйектеген-мыс. Мұны Беларусь басшысы қолдаған деседі. Бірақ Қазақстан лидері бастаған орталықазиялық мемлекеттер халықаралық құқық бойынша ол аумақтың Украина территориясы болып табылатынына, тиісінше, БҰҰ қолдауынсыз, ол аумақта ҰҚШҰ бітімгершілік операциясын жүргізе алмайтынына табандаған көрінеді.

Жылдар бойы ҰҚШҰ-ны НАТО-ға қарсы тұра алатын әскери блок ретінде дәріптеген ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылар осыдан кейін одан көңілі қалды. "ОДКБ сегодня разваливается", "Конец ОДКБ", "ОДКБ сегодня. Пациент мёртв или жив?" сияқты түңілген тақырыптар қаптады.

"2022 жыл ҰҚШҰ үшін рубиконға, жолайрыққа айналды. Бір жағынан, осы ұйым Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде өз мүшелерін қорғау үшін батыл шешімдерге қабілетті екенін алғаш рет паш етті. Екінші жағынан, Қазақстандағы операция ҰҚШҰ-ның аққу әніне айналғанға ұқсайды. Тіпті дәл сол Қазақстан ұйымды тастап шыққысы келіп жүр деген дерек бар. Армения да ҰҚШҰ-ға мүшелігінен пайда жоқ деген ауанда сын айтып жүр. Қырғызстан ҰҚШҰ-ның "Нерушимое братство–2022" командалық-штабтық бірлескен жаттығуларына қатысудан бас тартты. Ұйымның болашағы бар ма деген сұрақ туындап тұр. ҰҚШҰ-ның тіршілікке қабілетсіз ұйымға айналып бара жатқаны көптеген көңілтолмастыққа арқау болды. Оның аясында тек Ресей мен Беларусь арасында ғана шынайы одақтастық қатынастар орнағаны көзге ұрып тұр", – деген байламға келді ресейлік саяси сарапшы Александр Батуров.

Carnegie қорының ғылыми кеңесшісі, өзбек саясаттанушысы, шығыстанушы Темур Умаров ҰҚШҰ-ны "өлдіге" санауға әлі ерте дейді: Мәскеу Орталық Азияға ықпалын сақтау үшін оны пайдалана тұрады.

"Әрине, ұйымнан өз мүшелеріне шынайы қолдау болмай тұр. Былтырғы қыркүйекте Қырғызстан ҰҚШҰ-дан жәрдем сұрады. Бірақ бұл ұйымға жүгіне отырып, Бішкек одан әскери көмек алмайтынын жақсы түсінді. Арменияның әскери көмек алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болды. Бірақ премьер-министр Никол Пашинян да ештеңеге қол жеткізе алмайтынын тамаша білді. Олар біле тұра, бұл ұйымның пайдасыздығын, ал Мәскеудің әлсіздігін кезекті рет паш ету үшін солай жасады. Қаңтарда Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін енгізу арқылы Мәскеу ұйымның қуатын әлемге көрсеткісі келді. Бірақ содан кейінгі оқиғалар оның мүшелеріне бұл ұйымның пайдасыздығы туралы айтуына негіз болды", – деді сарапшы.

Өткен жыл бойы ресейлік, украиналық, батыстық саясаттанушылар, ақпарат құралдары Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шыққысы келетіні туралы қауесетті талқылаумен болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл сөзді жоққа шығарды. Әйткенмен, кейбір сарапшылардың бағалауынша, Мәскеу ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымын Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетовке беруге келісу арқылы республиканы ұйым аясында ұстап қалуға тырысып отырған сияқты.

Жалпы, Тасмағамбетов ұйымның қуатын арттырып, күшейтуге тиіс пе, әлде оны түпкілікті күйретіп қайта ма?

"ҰҚШҰ-да Бас хатшының рөлі маңызды, бірақ оны асыра бағалаудың да қажеті жоқ. Ұйымда басты рөлді Мәскеу ойнайтыны құпия емес, демек, оның тағдырын сол айқындаса керек. Кремльдің шешімінсіз ұйымда қандай да бір ірі бетбұрысты, ірі өзгерісті күтпеген жөн. Мен бұдан басқа бір нышанды байқадым. Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасы біраз суып қалғаны аңғарылады. Көптеген әріптестерім олардың ынтымақтастығына сына түскенін айтып жүр, бірақ өмірдегі жағдай әлдеқайда күрделі әрі көпқырлы. Қазақстан мен Ресей арасында әзірге сенім сақталған дер едім. Мәскеу мұны "ресейлік НАТО" басшылығына қазақстандық белгілі тұлғаны тұрғызу арқылы паш етіп отыр. Қазіргі кезде Ресей Орталық Азияға бұрын-соңды болмаған деңгейде тәуелді болып қалды. Тіпті өзіне қажетті, қат тауарларды да Қазақстаннан тасиды. Егер Қазақстанмен қырғи-қабақ болса, онда бүкіл Орталық Азиядан айрылатынын түсінеді", – деді Т.Умаров.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси салмағын арттыра түсу үшін бүгінде Өзбекстанмен одақ құрып, Орталық Азияны өз айналасында топтастыра бастады. Бұл да Мәскеуді Қазақстанға сойыл сілтеуден бас тартуға итермелейтін фактор саналады.

Басқа жағынан алғанда, сарапшының айтуынша, ҰҚШҰ мүше елдері шынында да бұл ұйымның енді неменеге керек екенін түсінбейді. Ұйым аясында өздеріне Ресейдің қандай игілік ұсынуға даяр екенін ұғына алатын емес. Бұрын ұйым аясында ресейлік қаруды өз құнына сатып алуға мүмкіндік болған. Мәскеу Украинаға соғыс ашқалы ол да тоқырады.    

Соған қарамастан, Темур Умаров дәл қазір ҰҚШҰ-ның ыдырауы неғайбыл деді. Мәскеу дирижерлық жасайтын ұйымдар Ресей Украинамен соғыста толық жеңіліп, өңірлік держава рөлін түбегейлі жоғалтса ғана жойылатыны даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу