Қазақстан ТОП-25 елдің қатарына қосылды

2123

ШОБ өкілдері 12,7 трлн теңгенің өнімін өндірді. 

Қазақстан ТОП-25 елдің қатарына қосылды

Біздің ел дүниежүзілік Doing Business рейтингісінде 3 саты жоғарылап, әлемдегі 190 елдің арасында бизнес жүргізу көрсеткіші бойынша ТОП-25 елдің құрамынан табылды. Бұл ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдемесі.

Оның сөзінше, биыл қаңтар-шілде аралығында ел көлемінде шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 28,5%-ды құраған.

"Жоғарыдағы көрсеткішті 2025 жылға дейін 30%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу жоспарланған", – деді министрдің орынбасары.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, шағын және орта бизнес (ШОБ) иелері маусым айына дейін 12,7 трлн теңгенің өнімін өндірген. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға көп көрсеткіш.

"Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексеру жүргізу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды. 114 бақылау саласынан 20 сала және 18 қадағалау саласынан 3 сала алынып тасталды", – деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, Doing Business рейтингі шеңберінде бизнесті дамыту үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданған. Іс барысында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасына сәйкес, бизнестің реттелуін жетілдірудің тұжырымдамалық реформасы жүргізілген. Оның ішінде, мемлекеттік бақылау және қадағалау, рұқсат беру жүйесі, бизнестің қызметіне негізсіз араласуды шектеу бойынша нақты қадам жасалған.

"Соңғы екі жылда Қазақстан 11 позиция жоғары көтерілді. Рейтинг нәтижелеріне сәйкес Қазақстан 10 негізгі бағыттың үшеуі бойынша алға ілгеріледі және "Шарттардың орындалуын қамтамасыз ету" индикаторы бойынша әлем бойынша төртінші орнын сақтап қалды. Қазақстан "Кредит алу" (+35 позиция), "Кәсіпорындарды тіркеу" (+14 позиция), "Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу" (+9 позиция) индикаторлары бойынша алға жылжыды", – деді вице-министр.

Жаслан Мәдиевтің түсіндіруінше, Қазақстан Doing Business рейтингіндегі оң нәтижеге "Астана-1" электрондық кедендік декларациялау жүйесін енгізу, қосымша құн салығын тіркеу уақытын 5 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту, заңды тұлғаларға қатысты сот актісін орындау уақытын 231 күннен 64 күнге азайту, жергілікті атқарушы органдардан құрылысқа қосымша рұқсат алу қажеттігін алып тастау, шотты онлайн ашқаннан кейін банкке бару қажеттілігін жою, "Сот кабинеті" сервисі шеңберінде үйден немесе кеңседен шықпай сотқа талап арыз (шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арыз немесе өтініш) беру және онлайн режимде мемлекеттік баж төлеу мүмкіндігін ұсыну арқылы қол жеткізген.

"Бизнесті дамыту үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған заңнамалық бастамалардың 8- топтамасы әзірленіп жатыр. Соған сәйкес электр желілеріне қосылу бойынша "Бір терезе" жүйесі енгізіледі. Бұған қоса қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркеу электронды өтінім бойынша бір күнде жасалатын болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығына келмей жеке кабинетте компанияның электронды цифрлық қолтаңба алу құқығы беріледі. ЖШС мүшелері арасында дауларды шешу тетігі қарастырыладыз", – деді ұлттық экономика министрінің орынбасары.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу