Reuters.com: "Теңгенің әлсіреуі Қазақстанға пайдасын тигізуі мүмкін" — Еуропаның қайта құру және даму банкі.
Теңге бағамының төмендеуі Қазақстан экономикасының әртараптануына қолайлы жағдай туғыза алады. Сонымен қатар шикізат бағасы арзандап жатқан кезде бұл фактор шикізаттық емес салалардағы бәсекелестік деңгейін арттыруы мүмкін деген пікірде банк экономисі Эрик Ливни.
Қаржы ұйымының есебінше, мұнайға бай Қазақстанның ЖІӨ 2020 жылы 3,0%-ға қысқарып, келесі жылы мұнай бағасы көтерілгесін бұл көрсеткіш 5,5%-ға өседі. Қазақстан экспорты биыл күрт қысқарады, бірақ валютаның әлсіреуі оның орнын толтыра алады. Осы жылы теңге долларға қатысты бағасының 9,1%-ын жоғалтты. Дегенмен, Орталық Банктің дерегінше, наурыз айында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің валюталарына қатысты теңгенің нақты эффективті айырбас бағамы 2019 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда өзгермеген. Ливнидің пікірінше, пандемия салдарынан тұтыну көрсеткіші күрт төмендеп жатқан кезде елдегі инфляция теңге бағамының төмендеуіне қарамастан өзгермейді. Еуропаның қайта құру және даму банкінің болжамынша, биыл Қазақстандағы инфляция мөлшері 10% болады.
People.cn: Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И ШЫҰ елдерін пандемияны саясатпен былғамауға шақырды.
Ван И Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері Сыртқы істер министрлерімен өткен онлайн кездесуде осылай деді. Ол әлем қауымдастығын пандемияны саяси мақсатта пайдалануға және бір де бір елге күйе жағып қысым көрсетуге қарсы тұруға шақырды. Бұл отырыс ұйымға биыл төрағалық ететін Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровтың жетекшілігімен өтті. Жиында Қазақстан, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан министрлері пандемиямен күресу жолдары, халықаралық және аймақтық ахуал туралы пікірлерімен бөлісті.
Reuters.com: Мамыр айындағы жауын-шашынның арқасында Қазақстан, Ресей және Украина сияқты ірі бидай өндірушілердің экпорты артуы мүмкін. Бірқатар сарапшы жаңа маркетингтік маусымға осындай болжам жасап отыр.
Бұған дейін осы үш ел пандемияға байланысты экспорт көлемін шектеген еді. Енді жаңа маусымдағы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты күдік сәл де болса сейіледі. Дегенмен алдағы айларда өнім ауа-райына тікелей тәуелді болатыны анық. Егер Қазақстан 2020 жылы 12,5-13 миллион тонна бидай өндірсе, 2020-2021 жылғы маусымда экспорт көлемін 7-7,5 миллион тоннаға дейін өсіре алады. Осы маусымда 6 миллион тоннадай экспортталады деп белгіленген еді.
"Сәуір айында бірнеше аймақта топырақ қуаңшылығы тіркелді. Жауын жауып, жағдай тұрақталғандай болды. Бірақ бұл ылғал қорын толықтыра алмады", – дейді Ресейдің Гидромет орталығының ғылыми директоры Роман Вильфанд.
Xinhua.net: Қытайлық кәсіпорындар Қазақстанның Қостанай облысындағы жел энергиясы жобасының өндірісін жаңғыртуға көмектесіп жатыр. Сайрам өзені, Гоцзыгоу көпірі мен Ляньюнган-Қорғас тас жолы арқылы жел турбиналарының 70 метрлік қалақшалары тиелген үш жүктеме Тяньцзинь қаласынан Қазақстанға жөнелтілді. Қостанайдағы қуаты 50МВт болатын жел электр станциясының құрылысына Universal Energy компаниясы 3 сәуірде жабдықтардың 3 партиясын жіберді. Қазақстан 2050 жылға қарай энергия тұтынудың 50%-ы жаңартылатын энергиямен қамтамасыз етіледі.
Tass.ru: Қазақстандықтар, белорустықтар мен украиналықтар Ресей елшілігінен АҚШ-тан шығуға көмектесуін сұрауда.
Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов осылай деді. 14 мамырда Нью-Йорк қаласынан Мәскеуге "Аэрофлот" рейсі арқылы 369 адам жеткізілген еді. "Әлі де көп жұмыс атқару керек. Мысалы, Белорусь, Қазақстан және Украина азаматтары Ресейге ұшуға көмек сұрап жатыр", – деді елші.