"Қазақстан Үкіметінің ендігі мұңы мен қамы – халықты тамақтан тарықтырмау болмақ"

4157

РФ Экономика жоғарғы мектебінің Ұлттық зерттеу университетінің аға оқытушысы, белгілі экономист, қаржы аналитигі Евгений Надоршин Батыстың жаңа санкциялары және Украинамен соғыс жағдайында Ресей экономикасының күйреуіне қанша жыл қалатынын айтты.

"Қазақстан Үкіметінің ендігі мұңы мен қамы – халықты тамақтан тарықтырмау болмақ"

– АҚШ Президенті Джо Байден Ресейге қарсы аса салмақты, салдары ауыр санкцияларды жариялады. Оның айтуынша, Ресейдің доллар, фунт, еуроны пайдалануы енді шектеледі. Жалпы сомасы 3 трлн доллардан астам активі бар ресейлік 4 алып банкке санкция салынады. Ресей экспорты да шектеуге ілікті. Жалпы "соғыс жағдайында" экономикаға қатысты болжам жасауға бола ма? Кейбір сарапшы Ресей экономикасының мүлдем күйрейтіні және Қазақстанды өзімен бірге құрдымға ала кетуі мүмкін екендігі туралы болжам айта бастады.

– Әрине, адам айтса нанғысыз жағдай қалыптасуда. Бірақ жағдай сонша бірегей емес. Демек тарихи тәжірибеге жүгіне отырып, осы жағдайда да экономикалық болжам жасауға болады. Бейбіт кезде ахуалды, ақпарат ағынын асықпай талдауға, әлдебір формулаларды қолдануға мүмкіндік бар. Ал қазіргі ахуал тек талдаудағы жеделдікті талап етеді...

– Алдағы алапат дағдарыстың белгілері Ресейде қазірден белгі беруде ғой. Сіздерде не болып жатыр?

– Жағдай шынымен аса күрделі. Орталық банк Мәскеу биржасында акцияларды төмендетуге бәс тігуге тыйым салды. Соған қарамастан, биржа -40 пайызға дейін құлады. Сбер, Тинькофф секілді алыптар күніне 50 пайыздап құнын жоғалтуда. Бұл апатпен бірдей! Бірнеше жыл бұрын ресейлік қор нарығына сеніп, ақшасын инвестициялаған адамдар елдің көз алдында барынан айырылып жатыр. Инвестиция әрдайым тәуекелді іс қой, ол жинағын ешкім қайтармайды.

Ал жинағын депозитте сақтаған Ресей тұрғындары банктерден ақшаларын шешіп алуда. Еуро мен долларға сұраныс өскен. Доллар бағамы айырбастау пунктерінде 100 рубльге дейін барып қайтты. Орталық банк интервенция жүргізіп, біршама түсіре алды.

Қаржыгерлердің байламынша, мемлекеттің қолдауы арқасында ахуал жарты жылдай толық бақылауда болады. Мемлекеттің бұған қажетті ауқаты бар. Егер осы уақыт ішінде жағдай оңалмаса, Ресейді 90-шы жылдардағыдай алапат дағдарыс күтіп тұр.

– Ресейде доллар тапшылығы туындамай ма?

– РФ Орталық банкінің алтын-валюталық қоры әзірге жеткілікті. Ол осы кезеңге біраздан қамданды. 643,2 миллиардтан астам доллар қор жинақтады. Енді осы мол ресурстан рубльді қолдауға қаражат жұмсайды. Осынша қаржы мемлекеттің өмір сүруі, қоғамның өзін азды-кем жайлы сезінуі үшін 2,5 жылға дейін еркін жетеді.

Кейінгі жылдары Орталық банк долларлық резервтерді мейлінше азайтты, долларлық құралдардан шықты. Қолдағы АҚШ валютасының белгілі бір бөлігі енді биржаға құйылатын болса керек. Қазіргі уақытта долларға деген сұраныстың негізгі бөлігі "транзакциялық" емес, яғни шетелден импорттайтын компаниялар тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысу мақсатында сатып алып жатқан доллар көлемі үлкен емес. Негізгі сұраныс капитал операцияларымен байланысты. Жинағын сақтап қалуға, пайда табуға ұмтылған халық жаппай доллар сатып алуда. Банктерде бұған қажетті валюта жеткілікті көлемде бар.

Оның үстіне санкциялардың бірде-бірі РФ Орталық банкінің долларды сатып алуына тыйым салған жоқ.

Ақша таусылғанда, әлгі мерзім аяқталғанда не болады, оны болжау үшін сол кезде қалыптасатын факторларды талдаған жөн.

– Қарулы қақтығыстан Қазақстанның мұнай экспорты тоқтап қалуы мүмкін деген болжам айтуда қазақ экономистер. Қазақ мұнайының үлкен бөлігі әлемдік нарыққа Ресей құбырлары арқылы тасымалданады. Бұл шындыққа жанасымды ма?

– Ең бастысы, Батыс және басқа елдер Ресейден шығатын шикізат экспортын тосқауылдап тастамайтыны байқалуда. Яғни мұнай экспорты тоқтап қалады деп әзірше алаңдауға негіз жоқ.

– Еуропа, соның ішінде Германия еуропалық елге осы шабуылдан кейін Ресейден газды сатып алуын тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді.

– Мұнда тұрған үлкен проблема жоқ. Олар шикізатты тікелей Ресейден емес, айналмалы жолмен, өзгелер арқылы да сатып ала береді. Онда экспорт көлемі тіпті өсуі мүмкін. Алдағы 1-2 жыл ішінде шикізат экспорты төмендей қоймас деген ойдамын.

Газға келсек, Германия "Солтүстік ағын-1" құбыры арқылы тікелей алудан бас тартса, Испания арқылы алады. Тіпті шиеленіс өршіп кеткенімен, Украина арқылы сұйытылған мұнай газын айдау ары қарай жалғаса беруі мүмкін.

Егер Батыс елдері ресейлік, онымен қоса қазақстандық шикізаттан бас тартса, онда Қытай нарығы бар. Бірақ ҚХР отынды мейлінше арзанға алуға тырысады. Ендеше барлық шикізатты жалғыз Қытайға сатып-ақ күнелтемін деу – аңғалдық. Жұңғо елімен саудада баю қиын. Сондықтан Батыс нарығын сақтау – Ресейге де, Қазақстанға да маңызды.

Қазақстан шикізат саудасында Украина-Ресей қақтығысынан емес, декарбонизация процесінен қорыққаны жөн. Соғыс Еуропа елдерін "жасыл революцияны" жеделдетуге, жаңғыратын қуат көздеріне көбірек жүгінуге итермелейді. Бұдан көмір, мұнай, соңынан газ секілді өнімдер зардап шегеді. Бірақ бұл алдағы айлардың еншісі емес, асықтырғанның өзінде 2-5 жылға дейін созылатын үрдіс. "Жасыл" энергетика енді Еуропа үшін экономикалық емес, бірінші кезекте геосаяси мәселе посткеңестік кеңістікке тәуелділіктен кетіп, энергетикалық тәуелсіздігін нығайтудың тәсілі болып табылады. Ең ірі контрсанкция да осы – "жасыл" энергетикаға жаппай көшу болмақ.

Шикізатты өткізу күрт төмендеген жағдайда экономика күйремеуі үшін  Қазақстанның қайта өңдеу саласын дамытқаны абзал. Мұнайдың, көмірдің өзінен мыңдаған өнім түрін шығаруға болады.

Ал "Солтүстік ағын-2" тарихы осымен тұйықталғанға, жоба тоқырағанға ұқсайды.

– Санкция сыртында бұл соғыстан қандай зиян келуі мүмкін?

– Үлкен қақтығыстың болатыны туралы әңгіме былтырдан бері күн тәртібіндегі мейнстримге айналды. Байқасаңыз, шетелдік өнімдер мен қызметтерді жеткізушілер өткен жылдан бері Қазақстан және Ресей үшін валютаның бағам айырмасын өз беттерінше көтере бастады. Мысалы, Қазақстанда доллар бағамы KASE-де 445 теңгеге дейін барды, ал жеткізушілер одан біршама жоғары бағам белгіледі. Бұл шетелдік тауарлардың біршама өсуіне соқтырды. Олар бағамнан ұтылмау үшін сол арқылы алдағы уақытқа запас жасады.

Енді соғыс басталғаннан кейін шетелдік жеткізушілер геосаяси ахуалды, санкциялардың күшейетінін ескеріп, осы запас-айырманы ары қарай арттыра береді, тиісінше, елдің ішкі нарығындағы қымбатшылық та өршуі ықтимал. Баға өсуі үшін бұдан былай экономиканың қызып кетуі, сұраныстың күрт ұлғаюы қажет емес, ол онсыз да қамырдай күмпие бермек. Оның үстіне кейбір секторларда, мысалы, автосалондарда тауар жоқ, жұрт көлік алу үшін қазірден ұзын кезекке тұруда. Мұның бәрі ақыр соңында Ресейде гиперинфляцияның басталуына соқтыру қаупі бар. Қазақстан да осыдан қауіптеніп, қам қылғаны жөн.

Одақтас Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтері үшін қазіргі ең басты мәселе – ішкі нарықты тауармен толтыру және бағаны барлық күш-құралдармен ұстап қалу болмақ.

Бұл ретте өткен жылдардағыдай қуаңшылықтың қайталанбағаны маңызды. Үкімет осының жайын ойластырғаны, егістік, жайылымдарды суландырғаны қажет. Әйтпесе, Қазақстан да құрғақшылық кесірінен екі жылдан бері халық көп тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін рекордтық деңгейде азайтып алды.

Олай болса, көрші елдерде соғыс жүріп жатқанда Қазақстан Үкіметінің ең сыйлы, ең құрметті адамы – ауыл шаруашылығы өндірушілері болуға тиіс. Оларды қуатты қолдау тетіктері тездетіп іске қосылғаны жөн.

Ең бастысы – ел жұтап қалмауы, дүкендер азық-түлікке толы болғаны қажетті. Бұл жерде өнімнің сапасын тіпті ауызға алу мұң болуы мүмкін, әйтеуір – саны жағынан неғұрлым мол болғаны маңызды. Сонда әлеуметтік кернеудің негізгі бөлігі босаңсиды. Кеңес өкіметінің түбіне экономикалық дағдарыс кесірінен босап қалған сөрелер жеткенін ұмытпаған жөн.

Қорыта айтқанда, қазір қорқып, үрейге бой алдырмаңыздар. Қазақстанның жиған қоры бар, демек экономика 90-шы жылдардағыдай мүлдем жайрап қалмауға тиіс.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу