Қазақстан Украина мен Грузияның үлгісін қабылдайтын болады

3589

"Кәсіби шағымданушыларға" арналған шағым беру ақысының көлемі анықталды, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақстан Украина мен Грузияның үлгісін қабылдайтын болады

Қазіргі кезде бизнесмендердің көбі тендерге құмар болып кетті. Мысалы, елорданың өзінде пластик терезелер мен жеңіл қабырғалар орнатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатары елеулі түрде азайды. Мұның мән-жайын сала маманы Андрей Володин түсіндірді.

"Кәсібіміз аса табысты. Әсіресе, көктем, күзде жұрт пластик терезе-балкондарының дұрыс ашылып-жабылуының, жылуды сыртқа шығармауының қамын жасай бастайды. Әрбір тапсырыстан он мыңға, ал күніне 30–40 мың теңгеге дейін түседі. Жөндеу жұмыстары күрделі болса, ақымыз да айтарлықтай өседі. Бір айда 1–1,5 миллион теңгені жеңіл табамыз. Бірақ әріптесіміздің көбі тендерлерге кетуде. Себебі, жеке тапсырмаларды орындағанда бүкіл қаланы шарлап, әр үйге бір жүгіресің. Ал әлдебір мекеме, ұйым, коммерциялық жылжымайтын мүліктің ішін пластик қалқалармен бөлу тапсырысын жеңіп алса, екі айлық табысты бірер күн ішінде қалтаға басасың", – дейді кәсіпкер.

Бұл ретте goszakup.gov.kz порталында өзге салаларға қатысты бірнеше миллиард теңгеге дейін баратын қымбат лоттар жетерлік. Бизнес үшін оны иелену – жасырулы қазынаға жолыққанмен, лотерея ұтып алғанмен тең. Содан үміттілердің саны күн сайын өсіп жатыр. 2021 жылғы 21 қыркүйектегі жағдай бойынша веб-порталда 340 589 жеткізуші тіркелген. Оларға қазір тек 26 729 тапсырыс беруші төл тендерлерін ұсынуда. Бәсеке жоғары.

Сондықтан әрбір ірі тендер үшін қырықпышақ талас жүреді. Жеңіліп қалғандар жеңімпаздың өмірін тозаққа айналдыруға тырысады: үстінен шағым боратады, тапсырыс беруші мен тендер жеңімпазы арасында келісімшарттың бекітілуіне тосқауыл қояды не ол істі барынша кешіктіреді. Салдарынан мердігер нысанды уақытында іске қоса алмай, келісімшарттағы мерзім бұзылады, тапсырыс беруші оны сотқа беріп, тиісті ақысын төлемейді және оның "жосықсыз жеткізушілердің" қара тізіміне кіруіне қол жеткізеді. Мұндай жағдайда жеңімпаз компания бір жыл тендерлерге қатысу құқығынан айырылады.   

Бүгінде 1 450-ден астам өнім беруші осындай қиындыққа тап болды. Олар "жосықсыз жеткізушіге" айналды.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңына сәйкес, егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, комиссияның шешімдері әлеуетті өнім жеткізушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, ол бұлардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағым жасауға құқылы. Бірде бір кәсіпкерді Үкімет мұндай құқығынан айыра алмайды.

Сонда қандай тосқауыл қоюға болады?

Қаржы министрлігі Украина және Грузияның тәжірибесін қабылдауды ұсынып отыр.

"2018 жылғы 1 қаңтардан бері мемлекеттік сатып алу веб-порталында "электрондық шағымдану" функционалы енгізілді. Енді шағымдар ЭЦҚ көмегімен электронды түрде беріледі. Нәтижесінде, жыл сайын мемлекеттік аудит органдарына әлеуетті өнім берушілердің сатып алуға қатысу мәселелері бойынша негізсіз шағымдары қаптап кетті. Ал мемлекеттік сатып алу қорытындыларына қатысты түскен әрбір шағым шарт жасасуды тоқтата тұруға әкеп соғады, бұл мемлекеттік сатып алу процесін ұзаққа созады. Жеңімпазды шығынға отырғызады. Шағым берушілердің арасында "кәсіби шағымшылар" пайда болды: олар шағым жасап, тендер шешімін бұзғызуды заңсыз табыс табудың құралына айналдырып алды", – деп хабарлады Қаржы министрлігі.

Аталған елдер үлгісінде, негізсіз, орынсыз "домалақ арыз" тасқынын бөгеу үшін шағым беруді ақылы ету ұсынылады.

Мемсатып алу туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын уәкілетті орган – Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің дерегінше, 2017–2021 жылдары тек осы комитетке келіп түскен шағымдар саны 155 981-ге жеткен. Оның 79 985-і, яғни 51,8%-ы негізді болып шықты және толық немесе жартылай қанағаттандырылды. Ал қалған 74 210 шағым, яғни 48,2%-ы қанағаттандырылмай тасталды.

Бұған қоса, арызданушылар Президентке, Үкімет басшысына, министрлерге және басқа да билік органдарына жүгінеді.

Мысалға, Нұр-Сұлтан бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жалпы саны 16 686 шағымды қабылдады. Соның ішінде қанағаттандырылған шағымдардың үлесі небары 33,6% (5 616 шағым). Қалған 11 070 шағым (66,4%-ы) негізсіз деп танылды.

Атырау облысы бойынша да шағым көп: 2 780. Оның 1 490-ы немесе 53,5%-ы қанағаттандырылмады. Қызылорда облысында 6 580 шағымның 2 727-сіндегі (42,8%) дәйектемелер расталған. Қалған 3 650 шағым немесе 57,2%-ы қанағаттандырылудан бас тартылды. Маңғыстау облысында – 2 837 шағымның 1 475-індегі (52%), СҚО-да – 4 343 шағымның 1 964-індегі (47,3%), Шымкентте – 7 270 шағымның 3 980-індегі (54,7%) дәлелдер расталмады деп танылды.

1 арыздың бағасы 290 мың теңге?

Шағымшылар көбіне шартты жеңілдіктердің қолданылмағанына не керісінше заңсыз қолданылғанына, талапқа сай емес қарсыласының конкурсқа қатысуға заңсыз жіберілгеніне, өтінімдердің заңсыз қабылданбағанына, шектен тыс жоғары немесе негізсіз талаптар қойылғанына, тапсырыстың лоттарға бөлінбегеніне шағымданады.

Қаржы министрлігінің ұстанымынша, енді шағымдану ақылы болса, "маған берілмесе, оған да болмасын" деп беталды арыздана беретін жеткізушілер алдымен ойласып, қосымша шығын шекпеу үшін ол ниетінен қайтады деп күтілуде.

Сондай-ақ бұл тетік ел бюджетіне қаржы құятын бұлақ-көзге айналуы мүмкін.

Бұл бастама "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізіліп отыр. Ол қабылданса, өтініш берушіге шағым бергені үшін ақы төлеуге тура келеді.

"Өтініш берушінің дәлелдері расталса, төлем кері қайтарылады. Ал дәлелдері расталмаса, тиісті төлем бюджет кірісіне аударылады. Төлем мөлшерін, енгізу және қайтару тәртібін уәкілетті орган – Қаржы министрлігі анықтайтын болады", – деп түсіндірді ведомство.

Шағым түсіру ақысының көлемі тендер лотының жалпы сомасына байланысты болады. Әйткенмен, шағымдану ақысының шекті сомасы, ең жоғарғы межесі де бекітілмек. Әйтпесе, бірнеше миллиардтық лотқа шағымдану үшін миллиондаған теңге ақы төлеу қажет болса, қатысушылардың ешқайсысы ондай тәуекелге батпай, әділетсіздікке көз жұма қарауға мәжбүр болуы ықтимал.

Бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың командасы келесі шағымдану ақысын жинауды ұсынып отыр: ол лот сомасының 0,1%-ын құрағаны, бірақ 100 АЕК-тен аспағаны жөн екен (1 АЕК биыл – 2917 теңге).

Сонда мысалы, лот сомасы – 1,3 миллион теңге болса, шағым беру ақысы – 1 300 теңгеге теңеледі. Ал егер тендер лотының сомасы  – 1,3 миллиард теңге болса, арыз құны – 291 700 теңгені құрауы мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу