Қазақстан ұлттық компаниясы экс-басшысының мол мүлкін тәркілемек

4446

Айыптының Швейцария банкіндегі ақшасы тартып алынуы мүмкін. 

Қазақстан ұлттық компаниясы экс-басшысының мол мүлкін тәркілемек

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданының №2 аудандық сотының қарауына ірі іс келіп түсті. Оған өтінішхатпен жүгінген еліміздің Бас прокуратурасы сотқа дейінгі іс жүргізу материалдары бойынша үкім шығарылуын күтпей, 1962 жылғы 2 шілдеде туған Қазақстан азаматы Рүстем Тұрарұлы Тұрсынбаевтың заңсыз жолмен тапқан бар дүние-мүлкін тәркілеуді сұрап отыр.  

Бұл есім былайғы жұртқа таныс болмауы мүмкін. Алайда ол қатардағы қарапайым адам емес. Рүстем Тұрсынбаев Қазақстанның әлемде №1 орында тұрған көшбасшы кәсіпорны – "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының бұрынғы вице-президенті. Қазір шетелде қашып жүр.

"Р.Тұрсынбаевқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған басшылық етті, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде және бірнеше рет талан-таражға салды, заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастырды, ұйымдарынан салық төлеуден жалтарды, көрінеу жалған құжаттарды қолдан жасап, пайдаланды деген айыптар тағылып отыр. 2011 жылғы 4 наурыздан бері Р.Тұрсынбаевқа халықаралық іздеу жарияланды", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаменті Тұрсынбаевтың "Қазатомөнеркәсіп" және оның еншілес компанияларының ақшасын ұрлағанын, оларды заңдастырғанын, өзінің бақылауындағы компаниялар арқылы Швейцария банктеріне қаражаттар аударғанын дәлелдейтін айғақзаттар жинақтапты.

Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Тұрсынбаевтың бақылауындағы компаниялардың швейцариялық банк шоттарындағы ақшалары бұғатталып, тұтқын қойылды. Осылайша, қазіргі кезде ол шоттардан 9 миллион 661 мың 948 еуро және 2 миллион 448 мың 977 долларды тәркілеп, елге қайтару жөнінде сөз болып отыр.

Рас, Швейцарияға: "сол шоттардағы ақшаны беріп жіберіңіздер!" деп хат жолдауға болмайды. Мұқият, заңды жолмен рәсімделген сот үкімі болуға тиіс. Сондықтан Бас прокуратура заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеуді сұрап, сотқа өтінішхатпен жүгінді.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, осы іс бойынша Р.Тұрсынбаевтың қорғаушысы, елордалық адвокат Сергей Яремчук Нұр-Сұлтанда мүлікті тәркілеуге қатысты сот отырысы болатыны туралы хабардар етіліпті.

"Күдікті Тұрсынбаев өз қорғаушысын өз бетінше не өз туыстары, сенім білдірген адамдары арқылы шақыруға құқығы бар. Р.Тұрсынбаевтың Қазақстаннан тыс жерде болуына және оның орналасқан жері туралы ақпараттың болмауына байланысты оған арналған хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде жарияланады", – деді құзырлы орган.

Бас прокуратура ол хабарламаны Рүстем Тұрсынбаевтың "Facebook" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да жариялап қойды.

Нәтижесінде, Тұрсынбаевтың мүлкін тәркілеуге қатысты сот отырысы биылғы 23 желтоқсанда сағат 15.00-де бейнеконференц байланысы арқылы өтетінін болды. Істі судья Қанат Тобағалиұлы жүргізеді деп белгіленген. Қатысушы прокурор – А.Н.Дулатбеков.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, отырысқа Тұрсынбаев пен оның қорғаушысының онлайн қатысуы да міндетті емес, егер олар бұл құқығын пайдаланбаса, отырыс оларсыз өткізіле береді.

"Тәркілеу туралы сот қаулысына қарсы Р.Тұрсынбаевтың өзі немесе оның қорғаушысы шағым жасауына, наразылық келтіруіне болады. Р.Тұрсынбаев (немесе оның қорғаушысы) өтінішхаттың көшірмесін Бас прокуратураға немесе Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданының №2 сотына жүгіне отырып ала алады", – деді Бас прокуратура.

Бірақ оның хабарласа қоюы неғайбыл.

Рүстем Тұрсынбаев әйелі Наталья екеуі Канадаға 2009 жылғы шілдеде көшіп кетті. Бір ай өткенде олар 4 жатын бөлмесі, 7 суға түсетін бөлмесі, үлкен бассейні бар үлкен сарай-особнякты 3,6 миллион долларға сатып алды. "Қазатомөнеркәсіптің" экс-вице-президентіне Қазақстанда 70 миллион доллар жымқырды деген айып тағылды және халықаралық іздеу жарияланды. Сол 2009 жылы ұлттық атом компаниясын жиырма жылдай басқарған Мұхтар Жәкішев тұтқынға алынып, 14 жылға сотталған (ол 2020 жылғы наурызда мерзімінен бұрын босап шықты).

Ал Тұрсынбаев болса, әзірге бір күнін де қазақстандық темір торда өткізген жоқ. Интерпол 2011 жылдың тамызында күдіктіге қатысты "қызыл циркуляр" шығарды, оған сәйкес, Тұрсынбаев кез келген елде тұтқынға алынып, Қазақстанға экстрадициялануы керек еді. Канада полициясы оны 2012 жылғы 10 ақпанда тұтқындады. Кейін қоя берді. Бұған қоса, федералдық соттың шешімімен Канада билігі 2019 жылы қазақстандық қашқын-миллионерге иммиграциялық іс аясында шеккен шығынына өтемақы төледі. Тhespec.com басылымының мәліметінше, Тұрсынбаев 203 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы алды.

Канадалық сот жергілікті шенеуніктерді өз билігін асыра пайдаланды деп кінәлады. Себебі, Р.Тұрсынбаев 2012 жылы алдымен Интерполдың талап етуімен Үлкен Торонто ауданында тұтқындалды, соңыра Торонто-Вест түрмесінен босатылғанымен, бірнеше жыл бойы қатаң үй қамағында ұсталған.

Ұзақ жылға созылған сот процесінің қорытындысында Рүстем Тұрсынбаев өзін Қазақстанға депортацияламауға қол жеткізбек. 2017 жылы канадалық шенеуніктер, соның ішінде әділет, қоғамдық қауіпсіздік, иммиграция және сыртқы істер министрлері оны Қазақстанға депортациялау жолымен емес, экстрадициялау тәсілімен аттандырмаққа ниеттенді. Дегенмен, соттың ақырғы шешімін күтуге келісті.

Бүгінде Р.Тұрсынбаев бостандықта жүр және оның соңынан полицейлік бақылау жүзеге асырылмайды. Дегенмен, кейбір дерек бойынша Канадада сот өндірісі жалғасуда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу