Қазақстан үшін Қытайдағы қандастар мәселесін шешіп алуда бірегей мүмкіндік туып тұр – қытайтанушы

2668

ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарын бір қорытындылап алайық. Іnbusiness.kz тілшісі осы мақсатта белгілі қытайтанушы Руслан Ізімовты сөзге тартып көрген. Сарапшы Қазақстан билігі алда қандай мәселелерге назар аударуы керектігі турасында өз пайымын былайша білдіреді.

Қазақстан үшін Қытайдағы қандастар мәселесін шешіп алуда бірегей мүмкіндік туып тұр – қытайтанушы

Қазақстан – қауіпсіз арал іспеттес

– Руслан мырза, жалпы Си Цзиньпиннің сапары халықаралық деңгейде де біршама қызу талқыланғаны белгілі. Қытай төрағасының пандемиядан бергі алғашқы сапарына бүкіл әлем назар аударып отыр десек те қателеспейтін болармыз. Осы ретте Қытай басшысының алдымен Қазақстанға ат басын тіреуінің қандай да бір саяси астары бар ма? Жалпы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарынан не түйдіңіз?

– Қазақстанда ғана емес, Ресейде де, халықаралық аренада да "Си Цзиньпин не үшін алдымен Қазақстанға келді" деген сұрақ қызу талқыға түсіп жатыр. Екі жарым жылдық үзілістен кейін, бұл Қытай төрағасының алғашқы мемлекеттік сапары. Мен бірнеше себеп барын атап өтер едім. Біріншіден, қазіргі өте күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан – Қытай үшін ең қолайлы әрі проблема туғызбайтын, Қытай саясаты үшін едәуір лояльды серіктес.

– Қауіпсіз арал секілді дейсіз?

– Иә, қауіпсіз арал іспеттес. Қазақстан көпвекторлы саясатының арқасында Ресеймен де, Батыс елдерімен тығыз интеграцияда. Егер Си Цзиньпин екі жарым жылдан кейін алғашқы сапарын Ресейден бастаса, оның бұл қадамын Батыс елдері "Бейжің Мәскеуді, сол арқылы Украинадағы соғысты қолдап отыр" деп түйер еді. Егер Қытай басшысы алғашқы сапарын Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінен бастаса, бұл қадамы Тайванға қатысты конфрантацияны күшейте түсері анық. Яғни Азияның бүкіл оңтүстік-шығыс бөлігі қалай десек те, АҚШ-пен Қытайдың геосаяси текетірес аймағы саналады. Демек, ол үшін Орталық Азия – идеал нұсқа болды. Ал Қазақстан проблема туғызбайтын бірден-бір серіктес.

Екіншіден, дәл қазір екіжақты кездесу жайлы бірдеңе деп кесіп-пішіп айту қиын, өйткені келісімдер жайлы толығырақ бәлкім, ертең жарияланатын болар. Бірақ бірден көзге түсетіні – Қытай тарапынан сапарға жан-жақты дайындық жасалғаны.

Өздеріңіз білетіндей, таяуда "Казахстанская правда" газетінде Қытай лидерінің ауқымды мақаласы жарияланды. Ол мақаласында Си Цзиньпин екіжақты қарым-қатынасқа барынша маңыз берген. Оның сөзінен ұққанымыздай, осы сапар арқылы Қытай көшбасшысы 30 жылдық қарым-қатынасты бір қорытып алғысы келеді. Бір жағынан Қытай тарапы "иә, бізде 30 жылдық қарым-қатынас, байланыс орнады, бәрі жақсы болды, сәтті жобаларымыз баршылық" дейді де, екінші жағынан "бұл кезеңнің аяқталғанын, ендігі кезекте мүлде жаңа кезең басталатынын, екіжақты қарым-қатынаста Қытайдың рөлді мүлде бөлек болатынын" атап өтеді. Ал Қытайдың рөлі қандай болатынын біз тек болжай аламыз. Аналитиктер ретінде қауіпсіздік мәселесіне келгенде Қытайдың рөлі арта түсетінін, Қазақстанның ішкі саяси процестерін түсінуге ұмтылыстары барын аңғарамыз. Оны бізге Қаңтар оқиғасы көрсетіп берді. Өйткені Қытай бізде қазір не болып жатқанын жіті білмейді. Егер ашық айтар болсақ, Қытай тарапы бірінші президентке ме, әлде екінші президентке ме, қайсысына ставканы қоярын білмейді. Яғни ол тарапта осындай үлкен сұрақ болған.

– Демек, сіздіңше, Қытай тарапы Қазақстанды бұрынғыдан жіті зерттейді дегеніңіз бе?

– Ал оны Қытай қалай жасайды? Қытай Конфуций институттары, қытайдың масс-медиасы арқылы жүзеге асырады.

– Дәл осы мәселе турасында қателеспесем, былтырғы семинарлардың бірінде өзіңіз де айтқан едіңіз. Сол тұста сіз "Қазақстанға түбі АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауға тура келетінін" де атап өткеніңіз бар.  Осы сәт сіздіңше, таяп келе жатқан секілді ме, қалай?

– Иә, уақыт өткен сайын таңдау жасау сәті жақындап келеді.

– Ең қызығы, сіз сол тұста Ресейді аймақтағы саяси ойыншы ретінде мүлде есепке алмаған едіңіз...

– Жаһандық ауқымда қарайтын болсақ, әлемде күштің екі орталығы, яғни екі полюс бар. 1990 жылға дейін екі полюс – Совет одағы мен АҚШ болса, қазір алдыңғысының орнын Қытай басты. Ресейді экономикалық тұрғыдан да, саяси бағытта да, идеологиялық ықпалы жағынан да толыққанды күш орталығы немесе полюс деп атай алмаймыз. Яғни сол тұстың өзінде Орталық Азияға түбі таңдау жасау керек болғанда, осы пікірді айтқанбыз. Қазір ол сәт таяп келе жатыр. Әлбетте, біз осылай деп ой білдірген кезде трактарды аздап қоюландыратынымыз бар. Алайда бұл біз сәл тізгінді босатып, ағыс бағытымен жүре беруіміз керек дегенді білдірмейді. Қалай десек те, өз бағытымызда жылжып, сыртқы байланыстарымызды барынша тиімді түрде үйлестіре беруіміз керек.

Қытайдағы қандастар мәселесі және win-win формуласы

– Қытай басшысының сапары кезінде Қазақстан, оның ішінде қазақ қоғамында Шыңжаңдағы қандастардың мәселесі тағы қызу талқыланды. Ол жақта бірнеше жылдан бері қандастардың қудаланғаны көп айтылып та, жазылып та жүр ғой. Бұл жолы Ақордаға қазақ зиялылары хат жазып, Қытайдағы қазақтардың мәселесіне назар аударуды сұраған екен. Хат авторлары қандастардың Қазақстанға 2020 жылдан бері келе алмай отырғанын жазған. Қазақстан бұл мәселені қаншалықты шеше алады? Жалпы біздің билік оған құлықты ма? Ол мәселені келіссөз арқылы реттеуге қауқарлы ма?

– Сізбен келісем, аталған мәселе көптен бері талқыланып жатыр. Бұл Қытаймен екіжақты қарым-қатынаста өте күрделі сұрақ. Бәрін рет-ретімен айтуға тырысайын.

Біріншіден, Қазақстан Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайды. Қазақстан түгілі әлемдегі кез келген мемлекет, тіпті АҚШ-та. Сол секілді Қытай да біздің елдің ішкі ісіне араласа алмайтыны анық. Бұл бір. Одан бөлек Қазақстан сонымен қатар АҚШ секілді осы мәселені жариялы түрде ашық көтере алмайды. Мұның себебі де белгілі. Экономика, су жағынан оларға тәуелділігіміз бар.

Екінші жағынан, Қазақстан шағын мемлекет әрі Қытайдан тәуелсіз субъект бола тұра шама-шарқымыз келгенде Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мен басқа да мұсылмандардың құқығын қорғауда тиімді әрекет етіп жатырмыз деп есептеймін. Ол қалай десеңіз, 2017-2018 жылдан 2020 жылға дейін екі елдің сыртқы саяси ведомстволары біршама келіссөз жүргізді. Қазақстан мен Қытай сол жылдары дәл осы ШҰАР-дағы этникалық қазақтардың мәселесімен айналысты. Біздің Сыртқы істер министрлігінің арқасында жекелеген ондаған, жүздеген мәселе шешілді. Барлығы болмаса да Қытайдан Қазақстанға келіп, қайтадан Қытайға барып, қайта тәрбиелеу лагеріне түсіп қалған кейбір азаматтардың жағдайы реттелді. Сол келіссөздер арқылы лагерьлерден шыққандар да болды. Ондай жағдайлар бар. Әлбетте, Қазақстан ол проблеманы толыққанды шеше алмайтынын түсіну керек.

Үшіншіден, дәл қазір Қазақстанда бұл сұраққа келгенде едәуір жұмысты алға жылжытарлық бірегей мүмкіндік бар. Неліктен? Себебі белгілі бір деңгейде Қытай да Қазақстанға тәуелді. Өйткені Қытайдың айналасындағы елдердің алып көршімізге дұшпандығы арта түскен. АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Жаңа Зеландия, яғни Азия-Тынық мұхит аймағында оңтүстік-шығыстағы барлық мемлекеттер сондай көзқараста. Демек, Қытай шеңбер бойы өзіне дос деп атай алмайтын мемлекеттердің ортасында тұр. Тиісінше, энергоресурстарды тасымалдау жолдарының бәрін АҚШ пен оның серіктестері жауып тастап жатыр. Сондай жағдайда Қытай үшін тек жерүсті дәліз ғана қалады. Тауарды, энергоресурсты жеткізуде Қазақстан арқылы өтетін жерүсті дәліз ең сенімді болып тұр оларға.

– Қазақстан шағын мемлекет болса да, транзиттік әлеуеті жоғары дегеніңіз ғой?

– Иә. Орталық Азия арқылы. Яғни мұндай жағдайда Қытай бізге белгілі бір деңгейде тәуелді екенін сезеді. Тәуелділік соншалықты көп емес шығар, бірақ өте маңызды. Дәл осы жағдайды біз пайдалана аламыз. Бірақ біз бұл мүмкіндікті дойыр күш ретінде пайдаланбауымыз керек. Шығыс халықтарына, қазаққа тән өзара сыйластықпен, жариялы дипломатиямен осы ойды оларға да жеткізіп, "көршілер, серіктестер, сіздер бізге этникалық қазақтардың жағдайын реттеуге барынша көмектесіңіздер, сонда бізде қолдауға барымызды саламыз" деген месседжді жеткізу керек. Мұндай амал win-win (жеңіс-жеңіс) формуласы бойынша екі жаққа да тиімді болар еді. Меніңше, мұндай әдіс іске асатын да секілді. Біздің дипломаттар істің тігісін жатқыза білсе, Қытай осы ережемен ойнайтыны анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу