"Қазақстан заңдары әлі күнге құжатты факспен жіберуді талап етеді"

5001

Қазақстанда лицензиядан басқа барлық рұқсатнамалар жойылмақ.

"Қазақстан заңдары әлі күнге құжатты факспен жіберуді талап етеді"

Сорақысы сол, бизнесмендерден аккредиттеуден өтіп, 1 рұқсатнама алу үшін А4 форматындағы 2000 беттен тұратын өтінімді толтыруға тура келеді.

Енді оның бәрі тарихтың еншісіне кетуі мүмкін. Сауда жəне интеграция министрлігінің (СИМ) Техникалық реттеу және метрология комитеті осыған қатысты "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өнім айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты.

Ведомство мұның тікелей Президент тапсырмасы екеніне сілтеме жасады. "Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Қ.Тоқаев қыруар ел қаржысы шығын етілген ақпараттық жүйелердің өзара кіріктірілгеніне қарамастан билік органдары бизнестен басыартық құжаттар сұратып, "макулатураны көбейтетінін және мәнсіз хат алмасумен айналысатынын" қатты-қатты сынады.

Содан Тоқаев меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі деректерді "ресми" әрі "қағаз құжат түрінде растауды талап етпейді" деп тануды тапсырды. Жаңа заң жобасы президенттік идеяны заңдастыруға бағытталған.

Құжаттың тағы бір жаңалығы да осыдан өрбиді. Ол Қазақстандағы цифрландырудың басымдығы ретінде "меморгандардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен цифрлық форматта жан-жақты өзара әрекеттесуін" белгілейді. Бірақ "Цифрлық Қазақстанның" бұрынғы миссиясы – елге кеңжолақты интернетті қолжетімді ету міндеті де толық орындалмағаны мәлім.

СИМ комитеті елде цифрлық трансформация ауыр жүріп жатқанын мойындады.

"Заңнамада қағаз құжат айналымын, тіпті ақпаратты факспен беруді талап ететін нормалар бар. Сондай-ақ толық электронды форматқа көшуге Аккредиттеу субъектілерінің реестр-тізілімінде қосымша ақпараттың жоқтығы да кедергі. Сондықтан аккредиттеуден өтетін субъектіден өзі туралы қосымша ақпарат алғызуға тура келеді. Бұған қоса, процесті реттеудің цифрлық құралдары да жетіспейді", – деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті.

Тәуелсіздіктің отыз жылында оның бәрі жасалмаған. Салдарынан жаһандағы қазіргі күрделі шақта оны шұғыл жасауға тура келмек.

Қалай болғанда, президенттік тапсырмаға сәйкес, комитет Парламентке "Қазақстанда қағаз құжат айналымын жоюды қарастыратын заңнамалық түзетулерді" енгізетін болады.

Ведомствоның түсіндіруінше, мәселен, тек сәйкестік сертификатын рәсімдеу мен сәйкестікті бағалау органдарының қызметіне мониторинг жүргізу процестерін цифрландырудың және автоматтандырудың өзі кәсіпкерлердің біраз қаржы шығынынан арылтады, уақытын босқа шығындауына тосқауыл қояды.

Мысалға, қазір 500 беттен тұратын кеңселік қағаздың бір қорабы 4950 теңге тұрады.

"Кәсіпкерлік субъектілерінің қағазға басып шығару, поштамен жеткізу, құжаттардың бәрін нотариалдық рәсімдеу секілді шығыстары да қысқарады деп күтілуде. Тәжірибе көрсеткендей, аккредитациялау нысандарымен өзара іс-қимыл кезінде аккредиттеуге берілетін 1 өтінімнің А4 форматындағы беттерінің жалпы саны 300-ден басталып, 2000 бетке дейін барады. Олардың бәрі қағазға басып шығарылып, верификациялаудан өтуі міндет. Тек осы бағытта цифрландырудың толық циклын енгізу бизнесті біраз шығыннан құтқарады", – деп түсіндірді комитет.

Бюрократиямен күрес тек қағаз құжаттардан толық бас тартумен шектелмейді. Заң жобасының тұжырымдамасында "әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру үшін Қазақстанда рұқсат беру құжаттары арасынан енді тек мемлекеттік лицензиялар ғана қолданыста қалатыны" айтылған. СИМ комитетінің мәліметінше, "барлық қалған рұқсаттар жойылады, оның орнына бизнестің есептілігі және қызметті талдау енгізіледі". Бұл есептер ерікті негізде болады екен.

Айтпақшы, кейбір кәсіпкерлік субъектілері міндетті есептілікті де уақытылы тапсырмайтынына, деректерді дер кезінде ұсынбайтынына статистика мамандары шағымданып жүр. Онсыз дұрыс статистика қалыптастайды. Дұрыс статистикасыз ұтымды бағдарламалар әзірленбейді. Ал оларсыз экономиканы орнықты дамыту күрделі.

Тәжірибесі мол статистика маманы Амангелді Зәкіржановтың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік статистикалық органы сонау 1920 жылы құрылыпты.

"Бір ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда мемстатистиканың ешқандай беделі жоқ. Кейбір респонденттер мемлекеттік статистика органдарына ұдайы түрде статистикалық есептіліктер тапсыруы қажеттігін білмейді. Бұл мемлекеттік статистиканың имиджі жоқ дегенді білдіреді. PR-ымыз жоқ! Заңда субъектілер бізге статдеректер ұсынып отыруға және статорган талаптарын орындауға міндетті екені көрсетілген. Алайда өмірде олай емес. Кейбір респонденттер өз міндеттемелерін орындамайды немесе білмейді. Сондықтан жергілікті жерлерде статорган мамандары функционалдық міндетіне жатпаса да әр нысанға телефон соғып, белгіленген нысан бойынша есептілік тапсыруы қажет екенін ескертіп отыруға мәжбүр", – дейді эксперт.

Оның әңгімелеуінше, бұл бірқатар келеңсіз мәселелерге себепкер болады. Мысалы, ұйымдардың қызметкерлері статорган қызметкерлерімен дөрекі сөйлесіп, кей жағдайда балағаттайды екен. Өйткені "билік тағы заңда жоқ нәрсені ойлап тауып, бақылауға алу үшін әлдебір деректерді негізсіз сұратып отыр" деп ұғынатыны бар. Тіпті әлдебір алаяқтар қоңырау шалған болар деп ойлайтын көрінеді.

Сол себепті Амангелді Зәкіржановтың ұсынуынша, статистика қызметкерлеріне тікелей респонденттерге телефон арқылы есеп тапсыруын хабарлау жұмысын қатаң түрде тоқтату керек. Оның орнына беру керектігін білмеген, немесе біле тұра дерегін бермеген нысандарға бармай, қашықтан анықталған бұзушылықтарды жою қорытындысын толтыруға болады. Қатесін тез түземесе, әрі қарай айыппұл салынады. Бірақ бұл шара да біраз бюрократия туындатады.

"Қазірдің өзінде статистика органдарында есептіліктің алуан түрі бар және соны тапсыратын респондеттердің саны өте көп. Кейбір есептілік бойынша нысан саны бірнеше мыңнан асады. Сонда мамандарымыз ағымдағы жұмыстарымен айналысуы қажет пе, әлде заң бұзған респонденттерге қорытынды толтырып, соны бақылауда ұстап отыруға тиіс пе деген сауал туады. Бірнеше мың қорытынды толтырып, олардың орындалуын бақылау физикалық тұрғыдан қиын", – дейді статистика маманы.

Мұндай жағдайда сала қызметкері тіпті Антикордың назарына ілігуі ықтимал.

"Барлығын бақылап, үлгермей, шамасы келмей жатқан маман бір нысанға есептілік тапсырмағаны үшін қорытынды толтырып, тағы біріне толтырмай қалуы мүмкін. Онда оның үстіне шағым түседі. Мысалы, қорытынды алған респондент: "Маған бәленше профилактикалық бақылау жүргізді, ал дәл сондай есептілік тапсырмаған бәсекелесіме ол толтырмады. Неге ала қойды бөле қырқады? Мүмкін, ол құзыр-лауазымын асыра пайдаланып, біреулерге артықшылық жасап, пайда тапқан шығар?!" деп, бақылаушы органдарға жүгінеді", – дейді А.Зәкіржанов.

Яғни, былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кері. Тіпті жемқорлық болмағанның өзінде маман қызметіне салғырт қарады деп айыптауы ғажап емес

Ал жаңа заң күшіне енсе, бизнестен есептілік еселеп артады, статорган маманы тасқынның астында қалады.  

Тұйықтан тек бұл үрдісті жаппай автоматтандыру және цифрландыру ғана шығаруы мүмкін. Мәселен, есебін тапсырмаған нысандарды түртпектеп, түрлі коммуникациялық құралдармен ескертіп, қоңырау шалып отыруды, міндетін орындамағандарға стандартты ескертпе-қорытындыны толтыруды, сонымен бірге бекітілген нысан негізінде толтырылған есептілікті статистикалық формаға көшіруді де жасанды интеллектке, боттарға жүктеуге болар еді. Онда статистикашылар немен айналысады деген сауал туады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу