Қоғамның да, сарапшылардың да бір бөлігі жаңа сайланған Парламенттің сессиясының ашылуында Президент бұрынғы биліктің ажырамас рәмізі болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жойқын соғыс жариялап, тегеурінді тетіктер ұсынады деп күткені еді. Бұл үміт ақтала қойған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа депутаттарға бұл тұрғыда бір ғана ескерту жасап, заңдар мен түрлі ережелерді әзірлегенде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал ететініне тоқталып, ағалық ақылын айтты. Оған сонда жаңа Қазақстан мықты тосқауыл қоя ма?
"Осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек", – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Егер лоббизм шынымен заңдастырылса, онда олигархтар өз депутаттары арқылы ашықтан-ашық төл мүддесін ілгерілете алады.
Жалпы, былтырғы қаңтар оқиғаларындағы наразылық негізінен жемқорлыққа қарсы бағытталған еді. Содан соң коррупциялық өрмегін барлық салада құрып, заңсыз пайда тапқан ықпалдылармен күрес басталғандай болды. 2022 жылы жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге қаражат жаңа мектептер салуға жұмсалатыны жарияланды. Биылғы 2 наурызда ел Үкіметі дәл осы санды қайта атады. Соған қарағанда ол қорға жаңа қаражат түспеген.
Қазақстаннан заңсыз тасылып, әлемге тарыдай шашылған активтерді шетелден елге қайтару ісінің соңы да сұйылып кеткендей.
Бұл ретте дәл осы жұмысты ондаған жылдан бері табысты жүргізіп жатқан шығыс көршінің тәжірибесіне үңілген жөн. Қытай өз коррупционерлерін ұстау және олардың заңсыз шығарып әкеткен қазынаны қайтару үшін дүниежүзіне "ұстайтын адамдарды" аттандырады.
Халықаралық сарапшылардың баяндауынша, ҚХР коррупциямен күресуші мамандарды арнайы даярлықтан өткізеді. Олар батыстық және басқа елдердің заңдарын мұқият меңгереді. Алпауыт қашқындарды іздетіп, қудалаудың, олардың түрлі схемаларды пайдаланып жатжұрттарда жасырған активтерін тауып, қайтарудың түрлі амал, тәсілдеріне үйренеді.
Бұл жүйе жұңғо елінің жаңа көшбасшысы келгелі жолға қойылды. Себебі, Си Цзиньпин өзінің басты миссияларының бірі ретінде қытай қоғамына тамырын терең жайған парақорлықпен күресті күшейту міндетін белгіледі.
Ағылшын, орыс тілдерінде хабар тарататын ҚХР ақпарат құралдарына сенсек, бұл жолда біраз жетістікке жетіпті. Биік лауазымды қаншама шенеунік қамалған, өлім жазасына кесілген.
Бірақ жемқорларды атып, асумен кесел жойылмайды: біреуі кетсе, орнына екіншісі келеді. Сондықтан оларды басты құмарынан, өмірлік мәнінен – заңсыз тапқан табысынан айыру әлдеқайда тиімді деген тұжырым жасалады.
Wall Street Journal жазуынша, ҚХР Коммунистік партиясының коррупциямен күрес жөніндегі жоғарғы органы мен басқа да осыған жауапты үкіметтік мекемелер бірқатар елдердегі Қытай елшіліктерінде арнайы әзірленген қызметкерлерін орналастыра бастады. Жемқорлықпен күрес жөніндегі осы инспекторлар сол елдегі шетелдік билікпен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істейді. Бірақ барлық көзірлерін ашып салмай, біраз шаруасын оларға білдірмей де тындыруы ықтимал.
"Аталған инспекторлар қытайлық коррупционер шенеуніктер пана тұтатын және заңсыз тапқан қомақты қаражаттарын тығатын негізгі елдерде, соның ішінде G20 елдерінде орнықты, деп мәлім етті дереккөзіміздің бірі. Жемқорлықпен күресетін орган – Тәртіпті тексеру жөніндегі орталық комиссия биылғы 2023 жылы коррупциямен күрес бағытындағы трансшекаралық іс-қимылды жандандыруға міндеттеме қабылдады. Бұл күш-жігер әсіресе Си мырза жариялаған "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысып жатқан елдерде өрістетіледі, олардың ішінде G20 мүшелері де бар", – деп жазды Уолл Стрит Джорнэл.
Америкалық басылым сарапшыларының мәліметінше, Си Цзиньпинь 2012 жылы билік басына келгелі бері осы бағытта біршама нәтижеге қол жеткізе алды. Мысалы, Қытайда экономикалық қылмыстары үшін ауыр жазаға кесілген "ең көп ізделген" 100 коррупционерінің 60-тан астамын тауып, кері қайтара алды.
Енді Си сыбайлас жемқорлықпен кең ауқымды күресті жаңадан бастауды талап етіп отырған көрінеді. Яғни, аяусыз шайқасуға деген пәрмен де, ел басшылығының саяси ерік-жігері де бар.
Бірақ АҚШ-та тұратын сарапшы Чун Хань Вонгтың (Сhun Нan Wong) түсіндіруінше, ірі істердің көбісі ескі, оларға қатысты ақпараттар да өзектілігін жойды. Сол себепті қытай тергеушілерінен жаңа тактика мен амал-шарғыларды ойлап табу, өзара координацияны күшейту талап етіледі.
Осыған байланысты ҚХР Компартиясының коррупциямен күрес жөніндегі жоғарғы органының басшысы Ли Си жемқорларды табу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға көңіл бөлінетінін мәлімдеді.
Дегенмен, ҚХР елшіліктерінде коррупциямен күресуге маманданған, бірақ дипломатиялық иммунитеті бар, тиісінше сол елдің аумағында еркін жүріп-тұру құқығына ие күш құрылымдары өкілдерінің болуы әсіресе батыс елдерінде алаңдаушылық туғыза бастады.
АҚШ ақпарат құралдарының хабарлауынша, қытай қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің бөгде елдерде құқық қорғау органдарына тән функцияны орындауға талаптануы көңілге күдік салады. Уолл Стрит Джорнэл дерегінше, АҚШ ресми тұлғалары құпия қытай агенттерінің тиісті рұқсат алмай, Америка жерінде өз қашқындарын қудалаумен айналысатынына бірнеше рет шағым айтып, наразылық білдіріпті.
Жасырынған адамдарды еркінен тыс, жасырын түрде елден алып қашу оқиғалары тіркелген. "Егер олар Қытай азаматы болса, оның үстіне Қытайда қылмыс жасаса, онда Қытай олармен не істеймін десе де өзі біледі" деп қолды бір сілтеуге болар еді. Бірақ біріншіден, ондай адамдарды ұстап берудің, реадмиссиялаудың, депортациялаудың халықаралық тәртіптері бұзылады. Екіншіден, өзге елде адам ұрлау жүзеге асырылса, бұл сол елдің заңын бұзу және сол елдің аумағында қылмыс жасау болып есептеледі.
Басылым ондай агенттер елшіліктерде заң мәселелері жөніндегі атташе мәртебесін қалқан етуі мүмкін деп жазады. Өйткені шетелге аттанған қытайлық полицейлер дәл осы атақты алады екен.
Safeguard Defenders құқық қорғаушы компанияның директоры Лаура Харттың айтуынша, антикоррупциялық инспекторлардың елшіліктерде орналастырылуы осы агенттердің желісін және олардың қашқындарды Қытайға қайтару үшін қолдануы мүмкін құқыққа қайшы әдістерін шетелде заңдастырудың бір амалы. Харт ханым мұндай талаптар "адам құқығы мен бостандықтарына салмақты нұқсан келтіруі мүмкін" деген пікірде.
Ол осы құрылымдар экономикалық қылмыскерлерді елге оралту үшін олардың арам жолмен алған қаражаттарын бұғаттау, алып қою сияқты тәсілдерді қолданады деген жорамалын жеткізді. Осы мақсатта "Түлкі аулау" (Fox Hunt) және "Аспан торы" (Sky Net) атты қос, параллелді операция жүргізілетін көрінеді.
Біріншісінде барлық күш Қытайда экономикалық және қаржылық ауыр қылмыстар жасаған қашқындарды репатриациялауға шоғырландырылады. Екіншісінде күдіктілер шетелге ақша аудару үшін қолдануы мүмкін схемалар мен арналар әшкереленеді. Оның барысында сондай-ақ әлгі адамдарға көмектесетін тұлғалар мен ұйымдар анықталады.
Тек ресми деректер бойынша Қытай Sky Net арқылы шетелде 7 мыңнан астам қашқынын ұстап алған. 2018–2022 жылдар аралығында шамамен 35,2 миллиард юань немесе 5,12 миллиард доллар заңсыз қаражатты елге қайтара алған.
Сарапшылар қытайлық мамандардың заңды өрістегі қимылы біршама шектеулі екеніне назар аудартады. Себебі, АҚШ сияқты батыстың жетекші державалары ҚХР-мен арада қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісімдерге қол қоюдан бас тартты. Мысалы, Қытайдың қауіпсіздік қызметінің өкілдері Америкада қашып жүрген бизнесмен Го Вэнгуйді тауып алып, оны отанына оралуға мәжбүрлемек болады. Сонда араға АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) килігіп, қытайлық қызметкерлердің транзиттік виза тәртібін бұзғанына нұсқап, елден тез кетуін талап етіпті.
Еуропалық елдер арасында Франция, Испания, Италия сияқты оншақты ел ғана Бейжіңмен экстрадициялау туралы шарттаса алды.
Әрине, Шетелге заңсыз әкетілген активтерді қайтару жөніндегі қазақстандық комиссия тек қана заң аясында жұмыс істеуге тиіс. Демек, шығыс көршінің құпия тірліктері үлгі бола алмайды. Ал құқық өрісіндегі шараларын зерделеу артық болмас.