Қазақстан және Израиль басшыларының кездесуінде не талқыланбақ?

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
10896

Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастық мәселесімен қатар визалық тәртіп және ауыл шаруашылық ынтымақтастығы талқылануға тиіс.

Қазақстан және Израиль басшыларының кездесуінде не талқыланбақ? Фото: weproject.kz

Желтоқсан айының ортасында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Қазақстанға іс сапармен келеді. Қазақстан және Қырғызстандағы Израильдің төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродский abctv.kz-ке берген сұхбатында кездесу барысында екі ел басшылары қандай мәселелерді талқылайтынын әңгімеледі.

– Михаэль мырза, Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты экономика, мәдениет, саяси ынтымақтастық сынды негізгі үш бағыт тұрғысынан қалайша бағалайсыз?

– Біздің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға келесі жылы 25 жыл болады. Соның жемісі ретінде желтоқсан айының ортасында Қазақстанға Израиль премьер-министрі алғашқы рет ресми сапармен келеді.  Бұл сапарға үлкен үміт артып отырмыз. Ол тіпті тарихи болып, біздің әлеуетімізді одан әрі қолдануға мүмкіндік береді.

Екі ел арасында саяси алауыздық мәселесі жоқ деуге болады. Негізінен барлық әлемдік мәселеде ортақ пікірдеміз. Қазақстандағы әріптестермен тез тіл табысамыз. Мұның барлығы премьер-министрдің сапары барысындағы күн тәртібінде қарастырылады.

Оның ішінде халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық мәселесі де бар. Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның қауіпсіздік комитеті жұмысына қатысатын болады. Бұл Таяу Шығыс, Израильге ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ басқа да саяси мәселелер талқыланатын болады.

Экономика саласында, әсіресе медицина, ауыл шаруашылық, энергия және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығымыз өте жақсы дамыған. Бұл бағыттарды одан әрі дамытпақпыз.

Премьер-министрдің сапары барысында бизнес-форум өтеді. Кәсіпкерлер кездесіп, мәселелерді талқылап, мәміле жасауы мүмкін. Іссапар барысында әр түрлі келіссөз өтеді. Жалпы барлығы жақсы дамып жатыр деуге болады.

Мәдениет саласына тоқталар болсақ, Қазақстанға израильдік мәдениетті көптеп әкелуге тырысамыз. Алматыда өткен джаз фестиваліне қатыстық. Келесі жылға үлкен мәдени бағдарламаны жоспарлап отырмыз. Қазір мұны айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 2017 жылдың басында егжей-тегжейлі айтып беремін.

– Желтоқсанның ортасында премьер-министр Биньямин Нетаньяху алғаш рет Қазақстан мен Орта Азияға келеді дедіңіз. Осы сапар барысында Израиль үшін қандай маңызды мәселелер қарастырылады? Қандай келіссөздер өтеді?

– Ең алдымен, бұл сапар саяси және экономикалық қарым-қатынас деңгейін арттырады. Осы кездесу барысында бірқатар келіссөзге қол қойылады деп күтіп отырмыз. Алайда, бұл туралы айту әзірше ерте. Тікелей әуе тасымалы және визалық тәртіп, экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде ауыл шаруашылық мәселелері қарастырылады деп ойлаймын. Менің ойымша, ең басты мәселе – осы.

– Ауыл шаруашылық саласына тоқталсақ. Израиль қиын климаттық жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылық саласында алдыңғы қатардан көрініп отыр. Біздегі кейбір өңірдің климаты сіздерге ұқсас. Осыған қатысты Израиль Қазақстанға қандай технологияны ұсына алады?

– Израильдіктерге шөл далада тиімді ауыл шараушылық саласын жасаудан басқа таңдау болған жоқ. Осы технологияның арқасында үлкен жетістікке қол жеткіздік. Израиль, ең алдымен, тамшылатып суарумен танымал. Бұдан басқа жылыжай, құс фабрикаларын салып жатырмыз.

Сонымен бірге бізде сүт өндірісі, көкөніс пен жеміс-жидек өсіру мәселесі жақсы шешімін тапқан. Ауыл шаруашылығының кез келген саласында ынтымақтастық үшін мүмкіндік бар деп ойлаймын.

– Егер экономикалық ынтымақтастыққа тереңірек үңілер болсақ, екі елдің тауар айналымы мұнай және басқа да пайдалы қазбаларды Қазақстаннан Израильге экспорттаудан тұратынын көреміз. Біздің экономикамыздың мүмкіндіктеріне қарап, өзара сауданы қалай арттыруға болады деп ойлайсыз?

– Біздің экономикамыз бірін-бірі толықтырады. Қазақстан әлі күнге дейін шикізат экономикасына тәуелді. Шикізаттан кету мүмкіндігі бар, бірақ Қазақстанның негізгі экспорты – бұл табиғи ресурстар.

Қазақстан Израильге мұнай саудалаушы 3 елдің бірі. Біз оны көп жыл бойы үлкен қаржыға, яғни 1 млрд доллардан астам сомаға сатып алып отырмыз. Израильдің өз пайдалы қазбалары жоқ, біз оны сатпаймыз. Барлық әлем еліне технологияларды ұсынамыз. Біздің технологиямызға Қазақстанда үлкен сұраныс бар. Оны әртүрлі салада – ауыл шаруашылығында, медицинада қолданады.

Егер Қазақстан құрылымы өзгеретін болса, онда Қазақстандағы импорт саласы спектрын кеңейту керек деп ойлаймын. Ол импорт саласы Израильді әбден қызықтыруы мүмкін.

Мысалы, дайын өнім, астық, ет, басқа ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау туралы айтуға болады. Израиль тарапынан Қазақстанға ұсынылатын өнімдер желісін кеңейтуге болады. Бұл тек технологиялар ғана емес, сондай-ақ консалтингтік қызмет көрсету болуы мүмкін. Мысалы, жол сапасын анықтау немесе инфрақұрылымдар. Бұл, әсіресе үлкен "Жаңа Жібек жолы" жобасына қатысты. Оған израильдік компаниялар қатыса алар еді.

– Қазіргі вице-премьер Иманғали Тасмағанбетов қорғаныс министрі болып тұрған кезде Израильда іссапармен болып, әскери-өндірістік бағыт ынтымақтастығы мәселесін талқылаған болатын. Сол кездесуде Қазақстанда израильдік ұшқышсыз ұшатын ұшақтарды жинау туралы келісімге қол қойылған еді. Екі ел әскери технологияларды және қосарлы мақсатта қолданылатын тауарлармен алмасуды арттыра ала ма?

– Қазіргі уақытта Израиль Қазақстанға әскери технологияны немесе екі мақсатта қолдану технологиясын саудалайды. Сондай-ақ, Қазақстан технологияның трансфертіне толық қызығып отыр. Олар өндірістің Қазақстанда болғанын қалайды. Бұл мақсатты жақсы түсініп, осы форматта жұмыс істеп жатырмыз.

Менің ойымша, бұл жерде кез келген ұсыныстар болуы мүмкін. Сіз ұшқышсыз ұшақтарды сөз еттіңіз. Бұл жобалардың тек бірі ғана, бұдан да басқа жобалар бар. Әскери салаға қатыстыны егжей-тегжей сөз еткім келмейді. Бұл туралы әскерилерден сұраған жөн.

Экспортқа шығарылатын кез келген қорғаныстық тауар Израильдегі комиссиядан ресми рұқсат алуы керек. Сол себепті, ешқандай компания, мейлі ол жекеменшік болсын, не мемлекеттік болсын, Израильдегі ресми комиссияның рұқсатынсыз әскери-қорғаныстық өндіріс тауарларын шетелге сата алмайды.

– Бұл мәселе бойынша әзірге қиындық туып отырған жоқ па?

– Әзірге еш қиындық жоқ. Бір-бірімізбен тез тіл табысамыз. Қателеспесем, бізде осыдан екі жыл бұрын жұмыс тобы құрылған. Олар үнемі бас қосып, әскери-техникалық ынтымақтастықтың барлық мәселесін талқылайды.

– Израиль мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) еркін сауда аймағын құрмақшы. Осыған қатысты келіссөздер қалай өрбіп жатыр?

– Қазір келіссөз өткізу сатысындамыз. Бұған дейін Израильге мұндай еркін сауда аймағын құру қаншалықты қажеттігі мәселесін қарастырған болатынбыз. Осыдан кейін барлық ресми мәселені шешетін мамандармен келіссөз жүргізе бастадық. Еркін сауда аймағынының жақын арада құрылуына еш кедергі жоқ деп ойлаймын.

– Еркін сауда аймағын құрудың келешегіне қандай баға бересіз? Кім ұтады? Өзара сауда қандай бағыттар бойынша іске асады?

– Менің ойымша, бұл Израиль мен ЕАЭО елдері арасындағы сауданы жандандырады. Кедендік кедергілер мен салықтар жойылатын болса, сауда жасау оңай болады. Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтыра алады, бір-бірімізге ұсынатынымыз да бар. Сондықтан барлық кедергі алынып тасталған кезде сауда белсенді жүретін болады деп ойлаймын.

Бір-бірімізге ұсынатын тауардың көлемінде шек жоқ деп есептеймін. Біріншіден, ауыл шаруашылық тауарларын ұсынуға болады. Біз еркін сауда аймағынсыз-ақ Ресейге, Қазақстанға және басқа да елдерге көптеген ауыл шаруашылық тауарын экспорттап жатырмыз.

Бұдан басқа технологиялар, пайдалы қазбалар, дайын өнімдер, фармацевтика, дәрі-дәрмек бар. Мұның барлығы жағдайға, дәл қазіргі уақытта әр елдің нені талап ететініне байланысты болады. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу