Трамптың "израильшіл" жоспары

4389

АҚШ президентінің Таяу Шығыс бейбітшілік жоспары болашақ Палестина мемлекетін жерден айыруды ғана емес, Израильдің қоршауына түсіруді де ұсынып отыр. 

Трамптың "израильшіл" жоспары

АҚШ президенті Дональд Трамптың сейсенбі күні жариялаған Таяу Шығыс бейбітшілік жоспары ондаған жылдар бойы аймақта жанжалдарға сеп болған даулы мәселелерде Израильдің позициясын қолдайтын болып шықты. Бұған тағы бір дәлел – құжатты таныстыру рәсіміне Палестина автономиясының басшылары шақырылған жоқ.

Бұған дейінгі Америка президенттері Палестина мен Израильді болашақ Палестина мемлекетінің шекарасы, Иерусалимнің мәртебесі және босқындар тағдырына қатысты түйіткілдер бойынша ымыраға келтіруге тырысты. Ал, Трамптың  командасы сол проблемаларды негізінен Израильдің мүддесіне сай шешкісі келеді.

Сондықтан мыңдаған палестиналық көшеге шығып, наразылық білдіріп, жаңа жоспардан бас тартып, оның жүзеге асуына жол бермейтіндерін ескертіп отыр. Үлкен қарсылыққа тап болған 80 беттік жоспарды халықаралық қауымдастықтың да мақұлдай қоюы екіталай.

Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонда жария еткен жоспардың негізгі ережелеріне тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

Шекара

Бұл бейбітшілік жоспарына жүгінсек, Израиль "айтарлықтай территория беруге келісіп", Палестина "1967 жылғы соғысқа дейінгі Батыс жағалау мен Газа секторының көлеміндей ақылға қонымды аумаққа" ие болады. Айта кетсек, еврей мемлекеті сол жылғы әскери жанжал кезінде бұл екі ауданмен бірге Шығыс Иерусалимді де басып алғаны белгілі. Дәлірек айтсақ, Трамптың жоспары екі жақты территория айырбастауға шақырып отыр. Дегенмен осы жоспармен бірге таныстырылған "концептуалдық картада" болашақ Палестина мемлекеті шашыраңқы көрінді. Оның құрамындағы анклавтардың кейбіреулері Израильге, кейбіреулері Палестинаға тиесілі. Сол территориялар өз мемлекеттерімен көпірлер, туннельдер, жолдармен ғана байланыспақ. Мұны Америка президентінің командасы "прагматикалық транспорттық шешім" деп атаған. Ал, Батыс жағалаудың төрттен бір бөлігі кіретін Иордан өзені жағалауындағы жазық дала Израиль егемендігінің бақылауына өтуге тиіс екен.

Иерусалим

Трамп жоспары бойынша, Иерусалим бөлінбей, Израильдің астанасы атануы тиіс. Тіпті аннексияланған Шығыс Иерусалимнің көп бөлігі, соның ішінде  Көне шаһар мен қасиетті орындар да Израильдің бақылауында қалып, болашақ Палестина мемлекетінің астанасына  Шығыс Иерусалимнің шеткері ауданы ғана берілмек. Дегенмен, Иерусалимнің иудейлер, христиандар, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жерлері мінәжат етушілер үшін ашық болуға тиіс.

Қоныстар

Сонымен қатар Трамп жоспары Израильге Батыс жағалаудағы еврей қоныстарын дереу ресми түрде иемденуге рұқсат береді. Алайда палестиналықтар мен әлем елдерінің көбі жауланған  территорияларда пайда болған бұл қоныстарды әу бастан заңсыз деп келеді. Ал, Америка президентінің сөзінше, Израиль осы мекендерді заңдастырғаннан кейін, болашақ Палестина мемлекетіне тиесілі өзге аудандарда еврей қоныстарын салу тоқтатылады. Бірақ оларда қазірдің өзінде құрылыс жүріп жатқан жоқ және де Нетаньяху ол жерлерге бұрын шоғырландырылған еврейлерді көшіріп әкетпейтінін мәлімдеп отыр.

Қауіпсіздік

Трамп жоспары бойынша, Израиль болашақ Палестина мемлекетінің "қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басым жауапкершілікке" ие болады.  Әрине, Палестинаның өз ішкі қауіпсіздік күштері болады.  Алайда Израиль Палестинаның барлық шекарасы мен өткізу бекетін өзі қадағаламақ. Сол үшін "Бекет органы" жасақталып, оның құрамына үш палестиналық, үш израильдік және бір америкалық өкіл кіріп, шекарадағы туындауы мүмкін дауларды шешумен айналысады. Бұған қоса, осы жоспарға сәйкес, "Хамас" қозғалысының қол астындағы Газа секторы Палестина үкіметінің бақылауына өтіп, ондағы барлық "хамастықтар" мен өзге қарулы топтар қаруын тастауға тиіс.

Босқындар

Жүздеген мың палестиналық 1948 жылғы соғыс кезінде қазіргі Израиль аумағынан босып кетті. Сол босқындар мен олардың ұрпақтарының саны бүгінде 5 миллионға жетіп қалған. Олар аймақ елдеріне тарыдай шашырап күн кешіп жатыр. Бұл палестиналықтар: "туған жерге оралуға құқығымыз бар", –  дейді. Алайда Израиль мұны жоққа шығарып, олар қайтып келсе, еврей мемлекетін жояды деп есептейді. Вашингтонның жаңа бейбітшілік жоспарында да "Израиль мемлекетіне палестиналық босқындардың оралуына, сіңісуіне ешқандай құқығы жоқ" деп жазылған. Сонымен қатар Трамп босқындарды Палестина мемлекетінде немесе қазір тұрып жатқан елдерінде өмір сүруге шақырып, оларға "қандайда бір өтемақы" төлеуге уәде беріп отыр.

Жоспар неге қазір жарияланды?

Кейбір сыншылардың пікірінше, Трамп пен Нетаньяху бұл жоспарды өздеріне қарсы тергеуден халық назарын өзге жаққа аудару үшін қазір жариялап отыр. Бүгінде АҚШ Сенатында президентке қарсы импичменттік тергеу жүріп жатса, қарашада Израиль премьеріне коррупция үшін айып тағылуы мүмкін. Дегенмен екі лидер де өздеріне тағылған кінәларды мойындаған емес.

Тағы бір айта кететін жайт – Нетаньяху наурызда, Трамп қарашада өтетін сайлауда билікке қайта келуден үмітті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу