Трамп Қырымды қайтаруға уәде берген

6494

АҚШ президентінің Зеленскийге Қырымды Ресейден Украинаға қайтаруға көмектесуге сөз бергені белгілі болды.  

Трамп Қырымды қайтаруға уәде берген

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ақ үй басшысы Дональд Трамп оған 2014 жылы Украина революциясы нәтижесінде Ресей аннексиялаған Қырым түбегін қайтаруға уәде берді.

Айта кету керек, екі лидердің шілдедегі телефон әңгімесі қазір Америкада үлкен саяси "өртке" тамызық болып отыр. Сол тілдесудің мазмұны тіпті импичмент процесін бастап, Трампты "тақтан" тайдыру мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Жазда болған әңгімеде Зеленскийге Америка басшысы өзінің келесі жылы өтетін президенттік сайлаудағы басты қарсыласы – демократ Джо Байденді тергесең, АҚШ-тан әскери көмек аласың деген.   

Бұл отқа Қырым проблемасы май құйып отыр. Ресей халықаралық қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, Қырым мен оның халқын өзінің ажырамас бөлігі деп есептейді. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Трамптың уәдесі енді ресейліктердің Құрама Штаттарға наразылығын тіпті күшейтуі мүмкін.

Осыдан бірер күн бұрын Зеленский мен Трамп Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясында кездесті. "Униан" агенттігінің хабарлауынша, сол жүздесуде Украина лидері америкалық әріптесімен Қырым мәселесін қозғаған және Трампқа даулы түбектің "көрікті жер" екенін айтқан.

"Меніңше, Трамп Қырымның біздің жер екенімен келіседі. Біз оны қайтарамыз. Трамп "сіздер жұмыс істеңіздер, біз көмектесеміз" деп айтты",– дейді Зеленский.

Бұған дейін Трамп Қырым – Ресейдің аумағы, себебі оның тұрғындарының көбі орысша сөйлейді деп украиналықтардың шамына қатты тиген еді.

"Өздеріңіз білесіздер, егер бір жерде адамдар орысша сөйлесе, сол аумақ Украинанікі емес деген мәлімдеме жасалды. Бірақ мен Трампқа Қырымның біздің жер екенін, мәселенің тілде еместігін және онда жалғыз мемлекеттік тіл – украин тілі екенін түсіндірдім",– дейді Зеленский. 

Трамп-Зеленский-Байден

Трамп пен Зеленскийдің қатынасына бүгінде назар ерекше. Бұған Америка президентінің Украина басшысына Байден мен оның ұлы Хантерге қатысты тергеу бастау туралы ұсынысының әшкере болуы себепші.

Трамп пен оның сыбайластарының пайымдауынша, Байден 2016 жылы вице-президент лауазымында жүріп Украинаға барғанда ресми Киевке "Бурисма" газ компаниясын тексеруді тоқтатуды талап етті. Өйткені сол кәсіпорында Байденнің баласы жұмыс істеген.

Алайда биыл мамырда Украинаның бас прокуроры "Блумберг" агенттігіне мәлімдегендей, Хантер Байден мен оның әкесінің заңға қайшы әрекетке барғанына ешқандай дәлел жоқ. Дегенмен, айғақ табылмаса да, Трамп пен оның қолдаушылары бұрынғы вице-президентке қайта-қайта шабуыл жасауды тоқтатпаған.

Айта кету керек, Ақ үй сәрсенбі күні Трамп пен Зеленскийдің 25-ші шілдедегі телефон әңгімесінің стенограммасын жартылай жариялады. Ол құжат екі президенттің Вашингтонның Украинаға әскери көмек беру мәселесін талқылағанын және Трамп Зеленскийге Байдендерді тергеу туралы қысым жасағанын растап берді.

Зеленскийдің уәдесі мен шағымы

Аталған стенограмма көрсеткендей, Зеленский Байденнің ұлын жалдаған компанияға қарсы тергеуді қайта бастауға уәде берген. Сонымен қатар ол Ресейге қарсы санкцияларды күшейту мәселесінде Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эмманюэль Макроннан қолдау таппай отырғанына шағымданған.

Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко мен оның партиясының пікірінше, бұл әңгіме Зеленскийдің сыртқы саясатта жауапсыз адам екенін және оның басты одақтастарды ренжітіп алғанын айқындап берді.

Айта кету керек, Қырым оқиғасы мен Донбасстағы соғысқа байланысты Американың бұрынғы әкімшілігі мен Еуропа одағы Украинаға жүздеген миллион доллар бөлгені белгілі.

Әскери көмектің Украина үшін маңызы

Пентагон биыл маусымда Украинаға 250 миллион доллар көмек жіберетінін жариялады. Бірақ сол жәрдем кешігіп, осыдан екі апта бұрын ғана Киевке жеткізіле бастады. Америка қорғаныс министрлігі өкілдерінің сөзінше, жағдайдың бұлай қалыптасуына Украина басшылығындағы коррупцияға қатысты күдік пен Трамптың "өзге елдер Киевке жәрдемдесіп жатыр ма" деген сауалы себепші.

250 млн доллар Украинаны снайперлік винтовкалармен, граната атушылармен, артиллерияға қарсы радарлармен, соғыс жүріп жатқан жерлерді анықтайтын электроникамен, қауіпсіз байланыспен, түндегі нысандарды көрсететін құралдармен, әскери-медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін бөлініп отыр.

Ал, АҚШ Мемлекеттік департаменті Киевке аударатын 141 млн доллардың 115 млн-ы да осы жүйелер мен жабдықтарға, 10 млн-ы теңіздегі кемелерді анықтауға, байланыс құралдарын жетілдіруге, кеңес алуға, жаттығуларға, және 16,5 млн-ы Қара теңіздегі әскери кемелердің қауіпсіздігіне, Ресей кемелері мен ұшақтарын айқындауға жұмсалады.

Атлантикалық кеңестің осы аймақ бойынша сарапшысы және Мемлекеттік департаменттің кеңесшісі Эвелин Фаркастың ойынша, Украинаға әскери көмек берудің маңызы өте зор.

"Егер АҚШ көмектпесе, Ресей тіпті НАТО-ның бір еліне шабуыл жасауы мүмкін. Сонда Құрама Штаттарға соғысуға тура келеді. Украинаға қазір жәрдемдескен жеңіл әрі арзанға түседі",– дейді ол.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу