Ақ үйді ұтқан Байден бірлігі кеткен Американы "сауықтырудан" үмітті

5637

Демократ қарсыласының жеңісі күмән тудырмаса да, Трамп ұтылғанын мойындаудан бас тартып, ендігі күресті сотта жалғастыруға бекініп отыр.

Ақ үйді ұтқан Байден бірлігі кеткен Американы "сауықтырудан" үмітті

Демократ Джо Байден президент Дональд Трампқа күйрете соққы беріп, Американың 46-шы президенті атанды. Айтулы жеңісінен кейінгі алғашқы мәлімдемесінде болашақ мемлекет басшысы өзін көпшілікке пандемия мен оның экономикалық және әлеуметтік залалы жайлаған "елді бөлуге емес, біріктіруге күш салатын" лидер ретінде ұсынды.

"Мен кеңсеге Американың жанын емдеп, оны әлемге қайта сыйлаттыру үшін және өз жерімізде ынтымақ орнатайын деп ұмтылдым", – дейді ол Делавардағы үйінің жанында өткен митингте.

Байден Пенсильванияны ұтқаннан кейін Сайлаушылар алқасының 270 дауыстық межесінен әлдеқайда асып, Ақ үйдің жаңа қожайыны атанды. Бұған дейін поштамен берілген бюллетендерді санау ұзаққа созылып кеткендіктен, жеңімпаз үш тәуліктен астам уақыт бойы анықталмады.

Трамп болса, жеңілгенін мойындамай, дауыстарды қайта санауды талап етіп, сотқа қайта-қайта шағымданып жатыр. Кейбір бақылаушылардың пікірінше, бұл әрекеттің заңдық зардабы болмағанымен, жаңа әкімшіліктің ел ынтымағын күшейту жұмыстарын қиындатуы мүмкін. Ал Байден өзіне дауыс бермегендерді "біз жаулар емеспіз, америкалықтармыз" деп бірлікке шақырды.

"Трампқа дауыс берген барша жұртқа айтарым: мен сіздерді түсінемін. Өзім екі рет ұтылғанмын. Бірақ бір-бірімізге мүмкіндік берейікші, қатаң риторикадан алшақтайтын кез жетті, қызуымызды басайық, бір-бірімізді қайта көрейік, тағы да тыңдайық дегім келеді. Американы сауықтыратын уақыт жетті", – дейді жеңімпаз саясаткер.

77 жастағы Байден үгіт-насихат науқанында қандайда бір ерекше саяси идеологияға басымдық бермей, Трампты америкалық демократияға төнген нағыз қауіп ретінде көрсетіп, сайлаушылардың орасан бөлігін өз жағына тарта білді. Бұл стратегия тиімділігін байқатып, Трамптың ағаттықтарынан шаршаған халық Мичиганда, Висконсинде, Пенсильвандияда Байденге дауыс берді. Айта кетсек, 2016 жылы бұл штаттар Трамп жағына шыққан еді.

Сайланған президентке ауызбірлігі кеткен ел мұра болып қалып отыр. Коронавирустан 236 мыңнан астам адам жоғалтып, күнделікті тыныс-тіршілігі өзгерген Америка қазір нәсілдік және экономикалық әділдік үшін күрес жүргізіп жатыр.

Камала Харристке келсек, ол – тарихта вице-президент болған бірінші қаранәсілді әйел. Сонымен қатар тегі оңтүстіказиялық Харрис 4 жыл бұрын Трамптан ұтылған Хиллари Клинтоннан кейін АҚШ үкіметіндегі алғашқы жоғары лауазымды азаматша атанбақ. Жеңіс мерекесінде болашақ орынбасар Байденді жұртқа "бүкіл америкалықтардың президенті" деп таныстырды.

Бүкіл саяси науқан барысында Трамп билікті бейбітшілікпен бермейтінін бірнеше рет ескертті. Және де ол ешқандай дәлел келтірместен, сайлау нәтижелерінің бұрмаланатынын мәлімдеп отыр. Дегенмен Америкада басшылық тізгінін дауласпай тапсыру тарихы тереңде жатыр. Мәселен, 1800 жылы Джон Адамс сайлаудағы бәсекелесі Томас Джефферсонға президенттік постты жанжалсыз қалдырған еді.

1992 жылы үлкен Джордж Буш екінші мерзімге сайлана алмады. Трамп содан бері қызметте жүріп, сайлауда ұтылған алғашқы республикалық президент.

Айта кетсек, биыл америкалықтар президенттік бәсекеге үлкен қызығушылық танытты. Ондаған миллион адам пандемиядан қауіптеніп, поштамен дауыс берді. Ал Байденді 72 миллионнан астам азамат қолдаған. Бұған дейін ешқандай президент мұнша дауыс жинамаған.

Байден әлемнің ондаған мемлекетінің лидеріне құттықтау алды. Ал бұрынғы басшысы Барак Обама Байденді сайлаған Америка халқының "жолы болғанын" атап өтті.

Коронавирусты 10 млн-дай америкалық жұқтырып, миллиондаған жұмыс орны жоғалды. Қазір пандемия елдің талай штатында өршіп тұр. Солардың бірі – Висконсин жұрты Байденге дауыс берді. Сайланған президент эпидемияны таяуда басуға уәде беріп, дүйсенбі күні "ковидқа" қарсы мақсатты тобын тағайындайтынын хабарлап отыр.

Дегенмен Сенатты азғантай ғана басымдықпен өз бақылауында қалдырған республикалықтар Байденнің кейбір амбицияларының жүзеге асуына кедергі жасауы мүмкін.

Сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік

Байден шетелдегі экстремистік топтармен күреске АҚШ-тың арнайы күштерін тартып, мұндай соғыстарда әуе соққысы тактикасын қолдануға жақтас. Яғни ол америкалық жауынгерлері әскери операцияларға ұшақпен жеткізуге қарсы. Сонымен қатар Байден Гуантанамодағы шетелдік содырлар қамалған атышулы түрменің жабылғанын қалайды. Сайланған президент 2003 жылы Иракқа соғыс ашуды қолдап, кейін бұл позициясының қате екенін мойындады. Қазір Байден халықаралық мәселелерді дипломатиямен, одақтастықпен және ғаламдық институттардың көмегімен шешуге үндеп жүр.

Және де Байден – НАТО-ның үлкен қолдаушысы. Оның ойынша, Мәскеу Солтүстікатлантикалық альянсты әлсіретіп, Еуропа одағының арасына жік салып, АҚШ-тың сайлау жүйесін күйретіп, Батыс демократиясының іргетасын теңселткісі келеді. Тағы бір мәлімдемесінде ардагер демократ Кремльді Батыстың қаржы институттарынан заңсыз жолмен млрд-таған доллар алып, сол қаражатты саясаткерлерге ықпал етуге жұмсады деп айыптаған еді. Алайда Ресей мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

Таяуда Байден АҚШ-тың Азия-Тынық мұхит аймағындағы теңіз күштерін күшейтіп, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Австралиямен одақтастықты тіпті нығайтуды ұсынды. Дегенмен ол Трамптың Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы соғыстарды аяқтау жоспарын қолдаса да, Құрама Штаттар бұл аймақтарда терроризммен күрес үшін аздап контингент ұстауы керек деген пікірде.

Трамп бірқатар екіжақты және халықаралық келісімшарттардан АҚШ-ты шығарған еді. Байденнің ойынша, Иранмен жасалған тарихи ядролық пәтуадан және Париж климаттық келісімінен бас тарту кесірінен өзге мемлекеттер Вашингтонның сөзіне күмән келтіретін болды. Өзге бір мәлімдемесінде, сайланған президент демократиялық мемлекеттермен саммит өткізіп, коррупциямен күрес, авторитаризмге қарсы тұру, адам құқығын қорғау мәселелерін талқылағысы келетінін атап өтті.

Байден Израильге қолдауы "темірдей" екенін талай рет мәлімдесе де, палестиналық территориялардың аннексиялануын тоқтатып, Таяу Шығыстағы жанжалға екі мемлекет формуласымен нүкте қоюды қолдайды. Дегенмен жаңа президент АҚШ-тың Израильдегі елшілігі Иерусалимде қалғаны дұрыс деп есептейді. Айта кету керек, Трамп бұл дипмиссияны көне қалаға Тель-Авивтан көшіргені белгілі.

Өзге бір сөзінде Байден Трамп дипломатиясын Ким Чен Ынмен бетпе-бет кездесіп, Солтүстік Корея лидерін әлем алдында заңдастырып, Корей түбегін ядролық қарудан тазарта алмады деп сынаған еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу