Трамп ұсынған "ғасыр келісімі" іске аспайтын сыңайлы

4405

Палестина билігі мен Ресейдің Сыртқы істер министрінің мәлімдемесінен кейін осындай қорытынды жасауға болады.  

Трамп ұсынған "ғасыр келісімі" іске аспайтын сыңайлы

Палестина Құрама Штаттардың саясатына мойынсұнбайды

Бұл тарап АҚШ-тың израильдік-палестиналық шиеленісті тоқтату бойынша жасаған ұсынысынан түбегейлі бас тартты. Елдің премьер-министрі Мұхаммед Штайе Трамптың бейбітшілік орнату туралы жоспары "жерге көмілетінін" жеткізіп, "ғасыр келісімі" деп аталып кеткен бұл құжатты тек Трамп пен Израиль премьері арасындағы өзара меморандумға теңеді. 

Штайе ел болашағына алаңдаулы. Ол халықаралық геосаясатта зор ықпалға ие АҚШ ұсынысының кесірінен Палестина мемлекеті бытырап, кейін тіпті егемендігінен айырылатынын басып айтты. Яғни Вашингтонның қолдауына ие Израильдің келешекте елдің біраз бөлігін өзіне күшпен қосып алу қаупі бар екенін де тілге тиек етіп, өзге елдерді Трамптың жоспарын қолдамауға шақырды. Өз кезегінде Палестина қазір осы мәселе бойынша ашық келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдіріп отыр. 

Осы турасында Ресей не ойлайды?

Мәскеу Израиль мен Палестина арасындағы шиеленісті реттеуге көмек беруге дайын. Бірақ халықаралық делдалдардың төрттігі аясында. Нақтырақ айтқанда, РФ, АҚШ, БҰҰ және ЕО болып бірігіп ондаған жылға созылған түрлі түйткілдердің шешімін табуға атсалыса алады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай дейді. Тәжірибелі дипломат Ақ үй басшысы ұсынған "ғасыр келісіміне" өзінің бағасын берді. Айтуынша, бұл құжат біржақты, яғни Вашингтон Палестина мүддесін толыққанды ойламай жариялаған. Оның үстіне халықаралық-құқықтық негізге қайшы келіп отыр деген пікір білдірді. 

Израиль АҚШ-тың айтқанымен жүре ме?

Израиль Трамп ұсынған "ғасыр келісімі" аясында шекараны белгілеумен айналысатын арнайы топ құрып, тиісті жұмыстарды бастап кеткен. Ел премьері Нетаньяхудың сөзінше, бұл топ америкалықтармен бірлесе шекараны белгілей бермек.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қаңтарда Вашингтон қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірге "ғасыр келісімінің" негізгі ережелерін жариялаған болатын. Құжатта палестиналық-израильдік дағдарысты бейбіт жолмен шешу жоспары, екі мемлекетті де мойындау қарастырылған. Ақ үй басшысы жариялаған карта бойынша, Палестинаны Иорданияға шекара арқылы өтетін қос магистральмен қосу көзделіп отыр. Палестинаның батыс жағалауы Иорданиядан Израиль территориясының белдеуімен бөлінетін болды. Сонымен қатар палестиналық Газа секторы айтарлықтай кеңейіп, оған екі ірі аудан қосылады. Трамп таныстырған карта бойынша, сириялық Голан территориясы Израильдікі болып есептеледі, ал Шығыс Иерусалимнің тек бір бөлігі ғана араб мемлекетенің астанасы ретінде саналмақ.  

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу