Трамп рұқсат етті, Ердоған соғысқа әзір

5265

Алайда Түркия Сирияда әскери операция бастайтын болса, күрдтер "Даиштың" мыңдаған мүшесін түрмеден босатып жіберуі мүмкін. 

Трамп рұқсат етті, Ердоған соғысқа әзір

Түркия Сирияға әскер кіргізуге жақын. Мұның нәтижесінде Араб республикасындағы соғыстың картасы тағы да өзгеріп, бір кездері "Даишпен" соғысқан күрд жасақтары соққыға ұшырап, Анкараның  бақылауындағы аумақтар кеңеймек.

Жексенбі күні Ақ үй әкімшілігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, "президент Дональд Трамп пен президент Реджеп Тайып Ердоған телефон арқылы сөйлесті. Таяуда Түркия Сирияның солтүстігінде көптен бері жоспарланған операцияны бастайды. Оған АҚШ қарулы күштері қатыспайды". 

Түрік армиясы Сирияға 2016 жылдан бері осымен үшінші рет енейін деп отыр. Сирияның солтүстік-батысында – Асадқа қарсы оппозициялық күштер қарамағындағы соңғы аумаққа түрік жауынгерлері бұған дейін де шоғырланған еді.

Түркияның қалауы не?

Қазір Ердоғанның Сирияда екі мақсаты бар: Түркияның тұтастығына қауіп төндіріп тұрған күрд отрядтарын шекарадан алшақтату және кезінде түрік жеріне өтіп кеткен 2 миллиондай сириялық босқын үшін жер босату.

Анкара көптен бері сол жерді әзірлеуге немесе Сирия территориясына 32 шақырымға дейін бойлай еніп, "қауіпсіздік аймағын" құруға Құрама Штаттарды тартып әлек. Алайда Вашингтон асығар емес. Сондықтан Ердоған бұл істі өз күшімен жүзеге асыру үшін көпші елге әскер аттандыруға дайын отыр.

Әскери операцияның күрдтерге әсері қандай болуы мүмкін?

Күрдтер бастаған Сирия Демократиялық Күштері АҚШ-тың көмегімен "Даишқа" қарсы соғыс жүргізе отырып Сирияның солтүстігі мен шығысында ауқымды аумақты бақылауға алды және де сол жерде күрдтер мен олардың одақтастары өз үкіметтерін орнатып, тәуелсіз емес - автономиялық республика құру ниеттерін жариялады.

Күрдтердің сөзінше, түрік қарулы күштері басып кіретін болса, мемлекет құру армандарының күл-талқаны шығып, аймақты ауқымды соғыс өрті шарпып, тағы сан мың адам босқындық кебін киюі мүмкін.

Сирия Демократиялық Күштері мен оның құрамындағы күрд отрядтары Сирияның солтүстік-шығысы мен шығысын ұстап тұру жолында Америка әскеріне тәуелді. Егер Пентагон жауынгерлері кететін болса, бұл аудандарда Түркия басым күшке айналып, "Даиш" қайта бас көтеріп, өңірді Иран мен Ресейге арқа сүйеген жасақтар да басып алуға әрекеттенуі мүмкін.

Америка әскері кеткеннен кейін, күрдтер өз қарамағындағы аумақтарды сақтап қалу үшін тіпті Сирия үкіметі мен Ресейге Түркиямен арадағы шекараға әскер шоғырландыру туралы ұсынысты тағы айтуы ықимал. Бірақ бұл туралы келіссөздер  осыған дейін сәтсіз аяқталған еді.

Түркия қаншалықты алысқа баруы мүмкін?

Күрдтер жетекшілік ететін күштер Сирияның солтүстік-шығысындағы 480 шақырымға созылып жатқан аумақты бақылап отыр. Бірақ онда тұрып жатқан халықтың басым бөлігі – арабтар.

"Бұл аймақтың халқы – арабтар және мұндағы жетекші топтардың Түркиямен байланысы өте жақсы. Егер күрдтер осы аумақтарды ұстап тұру үшін соғысатын болса, көп қан төгіледі", – дейді Германиядағы Маршалл қорының өкілі Өзгүр Үнліхисарджлы "Рейтерге" берген сұхбатында.

Дегенмен, Түркия әзірге қанша аумақта операция жүргізетінін жарияламай отыр.

Ресей мен Иран Түркияны қолдауы мүмкін бе?

Ресей мен Иран - Сирия президенті Башар Асадтың қуатты қолдаушылары. Ал, Түркия мен АҚШ Асадты құлату үшін соғысқан көтерілісшілерді жақтады.

Мәскеудің сөзінше, Түркия өзін қорғауға құқылы. Дегенмен дүйсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдегендей, Сирияның аумақтық тұтастығы сақталып, оның аумағына заңсыз кірген шетел әскері шығарылуы керек.

Егер Құрама Штаттар контингенті Сирияның солтүстік-шығысынан әкетілетін болса, Ресейге сүйенген Асад армиясы аймақтың  Түркия қарамағына өтпеген көп бөлігін қайтаруға әрекет жасауы мүмкін.

Батыстың реакциясы

Түркияның өз аумағына шоғырланған сириялық босқындардың жартысын, яғни, 2 миллионын көрші мемлекеттің солтүстік-шығысына шоғырландыру жоспарына Батыстағы одақтастары ашық қолдау білдірмей отыр.

Бұл орайда, Батысты алаңдататын негізгі мәселе сол – күрдтер бақылауындағы солтүстік-шығысқа Түркияның көмегімен сүннит-арабтардың жаппай қоныстануы аймақтың демографиялық жағдайын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Түркияның әскери операциясы басталған жағдайда жергілікті халық үйлерін тастап кетеді деп алаңдаушылық білдіріп, тараптарды (Түркия мен күрдтерді) сабырға шақырып отыр.

Түркияның әскери операциясы Асад үшін нені білдіреді?

Бұл аумақтар онсызда Сирия үкіметінің қарамағында емес. Түркия басып кіретін болса, күрдтердің бақылауындағы аудандар Анкара мен Асадты биліктен құлатқысы келетін оппозициялық күштердің қолына өтуі мүмкін.

Ресми Дамаск Түркияны - Сирияның солтүстігіне көз тіккен басқыншы мемлекет деп санайды. Сол үшін Асад түрік әскеріне қарсы тұру үшін енді күрдтермен ынтымақтасуы мүмкін.

Ал "Даиш" үшін нені білдіреді?

Аймақты бей-берекетсіздік жайласа, "Даиш" қайта бас көтеруге тырысуы мүмкін. Қазір Сирия Демократиялық Күштері "Ислам мемлекетінің" сарқыншақтарын жою операциясын жүргізіп жатыр.

Сирия күрдтерінің лидерлері Түркия әскери науқанды бастаса, аймақты тұрақсыздық теңселтіп, өз қолдарындағы "даиштықтарды" әрі қарай түрмеде ұстау мүмкіндіктерінен айрылып қалатындарын ескертіп отыр.

Қазір Күрд отрядтары "Ислам мемлекетінің" 5 мыңдай мүшесін тұтқындап отыр. Олардың көпшілігі – Сирия мен Ирак азаматтары, 1 мыңдайы – әлемнің  55 елінен жиналған шетелдік содырлар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу