Мұражай емес, мешіт

7834

Түрік соты Мұстафа Кемал Ататүріктің Айя-Софияны музейге айналдырған шешімін заңсыз деп жариялады.

Мұражай емес, мешіт

Жұма күні президент Реджеп Тайып Ердоған атақты Айя-Софияны мұсылмандар Жаратқанға құлшылық ететін мешіт деп жариялады. Мұның алдында Түркияның Жоғарғы әкімшілік соты бұл нысанға берілген мұражай мәртебесін заңсыз деп тапты.

"Айя-София мешіті Дін істері дирекциясының басқаруына беріліп, мінәжат етушілер үшін ашылады.

1934 жылы кабинеттің оны мешіт ретінде қолдануды тоқтатып, мұражай деп анықтауы – заңға қайшы шешім", - деп жазылған әділет органының кешегі мәлімдемесінде.

Ататүрік шешімінен бас тарту

Өзінің 1400 жылдан астам тарихында Ыстанбұлдың ғажап күмбезді символы -  Айя-София Византия империясында басты кафедралдық собор, Осман империясында мешіт, қазіргі заман Түркиясында мұражай ретінде қызмет етіп, жыл сайын елге миллиондаған турист тартты.

6-шы ғасырда бой көтерген ғимарат соңғы күндері ұлтшылдарды, консервативтік және діни топтарды қызыл кеңірдек дауға ұрындырды. Олардың бірі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген храм мешіт болсын десе, ендігі бірі Айя-София Ыстанбұлдың құрлықтар мен мәдениеттер арасындағы көпір мәртебесін паш ететін мұражай болып қалғанын талап етті.

Өткен бейсенбіде Түркияның ең жоғары әкімшілік соты – Мемлекеттік кеңес Айя-Софияны мешітке айналдыруды қалаған топтың арызын қайта қарауға кірісті. Бұл топ бүгінгі зайырлы Түрік Республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің Министрлер кеңесінің тарихи құрылымды музейге айналдыру туралы 1934 жылы қабылдаған шешімін жоюды талап етті.

Биліктегі исламшыл партияның жетекшісі - Ердоған бұған дейін Айя-Софияның мәртебесі мешітке ауыстырылуы мүмкін екенін айтса да, өз үкіметінің Мемлекеттік кеңестің шешімін күтетінін мәлімдеген еді. 

Кейбір сарапшылардың ойынша, Түркияны 20 жылға жуық басқарып, ел  проблемалары үшін зайырлы элитаны жиі даттайтын Ердоған – қазір Айя- София төңірегіндегі дауды халықтың назарын нақты экономикалық проблемалардан басқа жаққа аудару үшін және консерваторларды өз айналасына қайта топтастыру мақсатына қолданып отыр.

"Бұл – ғимарат туралы дау ғана емес. Ататүрік Айя-Софияны өзінің зайырлы Түркия жайлы көзқарасын паш ету үшін мұражайға айналдырды. Арада 100 жылға жуық уақыт өткенде, Ердоған керісінше іс тындыруға тырысып жатыр. Президент қазір өзінің халық алдындағы беделінің түсіп бара жатқанын сезіне бастады. Сондықтан, ол оңшыл бағыттағы жақтастарын нативистік (жергілікті халықты иммигранттардан жоғары санайтын тап), популистік, анти-элиталық мәселелерді күн тәртібіне шығара отырып, халықтың дәстүршіл бөлігін өз айналасына қайта топтастырғысы келеді", - дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының Түркияны зерттеу бағдарламасының директоры және "Ердоған империясы" кітабының авторы Сөнер Чағаптай  Associated press агенттігіне берген сұқбатында.

Византия императоры Юстиниан дәуірінде салынған Айя-София ғасырлар бойы Шығыс Православтық шіркеуі үшін басты ғибадатхана болып, онда талай императордың тәж кию салтанаты өткен.

Бүгінде Ыстанбұл атанған Константинопольді Осман империясы 1453 жылы жаулап алғаннан кейін, 900 жыл бұрын салынған Грек кафедралдық соборы - Айя-София империалық мешітке айналып, оның төбесіне төрт минарет тұрғызылды.   

Әйгілі ғимарат 1935 жылы, яғни, мешіттік мәртебесінен айрылғаннан кейін бір жыл өткенде мұражай ретінде көпшілікке есігін айқара ашты.

Алайда, исламшыл топтар бұл символикалық ғимаратты Осман сұлтаны Мехмет жаулаушының мұрасы деп қарастырып оның мұражайлық мәртебесіне көптен бері қарсылық білдіріп келеді. Биыл наурыздың 31-де – қаланың жауланған күніне орай бірталай адам Айя-Софияның жанына жиналып, оны қайтадан мұсылмандар Аллаға құлшылық ететін орын етуді талап етті.

Соңғы бірнеше жылда түрік үкіметі Айя-Софияның ішінде Құран сүрелерін оқуға рұқсат беріп, тіпті мұнда Ердоғанның өзі де намаз оқыды.

Осыдан бірер күн бұрын түрік басылымдары хабалағандай, Айя-София мешітке айналған күннің өзінде де туристер үшін есігін жаппайды. Айта кетсек, Ыстанбұлдың атақты Көк Мешіті де - мінәжат ететін ғана емес, саяхатшылар қызықтайтын да орын.

Христиан әлемінің реакциясы

Грекия мәдениет министрлігі түрік сотының шешімін өркениетті әлемге бағытталған "ашық арандату" деп сипаттады.

ТАСС агентігінің хабарлауынша, Ресей Православтық Шіркеуі де Айя-Софияны мешітке айналдыру туралы үкімнің қоғам ортасына бұрынғыдан да үлкен жік салатынын атап өткен. 

Осыған дейін әлемдегі 300 миллионға жуық православтық христианның рухани жетекшісі – Ыстанбұлдағы Бүкіләлемлік Патриарх Варфоломей мәлімдегендей, Айя-Софияны мешіт ету - христиандарды түңілдіріп, Батыс пен Шығыстың ортасын алшақтатып жіберуі мүмкін.

Сонымен қатар, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да Түркияны Айя-Софияның мұражайлық статусын сақтауға шақырды. Алайда, Түркиядағы діни топтардың ойынша, бұл нысанның мешітке айналуы Түркияның мұсылмандар көп тұратын мемлекет екенін нақтырақ көрсетеді.

Арыс Әділбекұлы


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу