Ердоған: "Әлем бұл бестіктен үлкенірек"

6723

Түркия президенті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін дүниенің 1,7 млрд мұсылманына бір орын беруге шақырды. 

Ердоған: "Әлем бұл бестіктен үлкенірек"

Мұсылман елдері лидерлерінің басын қосқан Малайзия премьер-министрі Махатхир Мұхамед Ислам мемлекеттеріне өкпесін білдіріп, Куала-Лумпурда ашылған саммитті қорғап мәлімдеме жасауға мәжбүр. Кездесудің бұлай басталуына ол Сауд Арабиясы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын айыптады.

Саммитке осы ұйымның барлық 57 мүшесі шақырылған. Алайда Малайзия астанасына 20 ел ғана өз басшылары мен делегаттарын жіберді. Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл жағдай мұсылман әлемінде бірліктен гөрі алауыздықтың басым екенін көрсетті.

Жиыннан, ең алдымен, Сауд Арабиясы бас тартты. Кейін дүниенің екінші ірі мұсылман мемлекеті – Пәкістан да оған өкіл аттандырмайтыны белгілі болды.

Махатхир мәлімдегендей, Куала-Лумпур саммиті исламды, мұсылмандар мен олардың мемлекеттерінің неліктен "дағдарыста тұрғанын, шарасыздығын, ұлы дінге лайық еместігін" түсінуге көмектеседі.

Таяу Шығыс пен Кашмирде ғасырларға созылған даулардан, Йемен мен Сирияны шарпыған азаматтық соғыс өртінен сан мың мұсылман зардап шегіп отыр. Сонымен қатар, Мьянмадан жүздеген мың рохинджа қашса, Шыңжаңда миллиондаған мұсылман қудаланып жатыр деген болжам бар.

Малайзия премьерінің мәлімдеуінше, сенбі күні аяқталатын саммитте әлем мұсылмандарының қудалануы, исламофобияның күшеюі, ислам өркениетінің құлдырауы, мұсылман мемлекеттерінде билікті реформалау проблемалары талқыланады.

"Ешкімді төмендетейін деп отырған жоқпыз. Біз тек идеяларды, ұсыныстарды, шешімдерді тыңдап, олардың өміршеңдерін бұдан да үлкен платформада қарастырғымыз келеді", – дейді Махатхир Мұхамед.

Саммитке Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, Иран президенті Хасан Рухани, Катар әмірі Шейх Тамим бин Хамид әт-Танилер қатысып жатыр.

Оқшаулану және біреудің жағына шығу қаупі

Ердоғанның сөзі де Махатхирдің мәлімдемесімен үндес.

"Бізде исламофобия, терроризм, алауыздық, аймағымызды күйретіп жатқан ішкі тайталастар, діни және этникалық қақтығыстар жайында еркін сөйлесетін мүмкіндік бар", – деді Ердоған саммит барысында.

Сәрсенбі күні Саудияда орналасқан Ислам Ынтымақастығы Ұйымы өзінен тысқары өтетін мұсылман мемлекеттерінің жиынына қарсы екенін ескертті. Айта кетсек, бұл діни орган ондаған жылдар бойы Мұсылман әлемінің ұжымдық үні ретінде қызмет етіп келеді.

Ердоған Ислам Ынтымақастығы Ұйымының атын атамай, Мұсылман әлемінің басын қосқан плафтормалардың негізгі проблемасы ретінде берілген уәделердің, қойылған міндеттемелердің жүзеге аспайтынын атап өтті.

"Егер біз әлі күнге дейін Палестина мәселесінде прогреске жете алмасақ, өз ресурстарымызды өзгелердің пайдалануын жол беріп отырсақ, егер мұсылман әлемін секталармен бөлшектеушілерді тоқтата алмасақ, мұның бәріне не себеп?", – дейді Түрік Республикасының жетекшісі.

Дегенмен кейбір сарапшылардың ойынша, Сауд Арабиясының бұл саммитке қатыспауына дипломатиялық изоляцияға түсу қорқынышы себепші, форумға оның Иран, Түркия, Катар тәрізді қарсыластарының басшылары қатысып жатыр.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан болса, біреудің жағына шығып кетуден қауіптенгендіктен, Куала-Лумпурға делегат жібермеген.

"Пәкістан проблеманы емес, оны шешуді қалайды", – дейді осы елдің ақпарат министрі Фирдоус Ашиқ "Рейтерге" берген сұхбатында.

Ердоғанның БҰҰ-ға ұсынысы

Тағы бір сөзінде Түркия президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін қайта құрып, одан 1,7 млрд мұсылман тұратын Ислам әлемінің өкіліне бір орын беруге шақырды. Қазір бұл кеңеске Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Ресей ғана тұрақты мүше.

"Әлем бұл бестіктен үлкенірек", – дейді Тайып Ердоған.

Құрама Штаттар 2015 жылы алты держава мен Тегеран жасаған ядролық келісімнен шыққаннан кейін, Ислам Республикасына қарсы экономикалық санкциялар қайта қалпына келтірілді. Соның салдарынан өндіріс тұралап, қаржылық жағдайы қиындаған Иран президенті мұсылман елдерін өзара сауда келісімін жасауға және бір-бірінің валютасын қолдануға, банк, қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың арнайы механизмін ойлап табуға үндеді.

"Мұсылман әлемі АҚШ долларының үстемдігі мен Америка қаржы режимінен құтылудың жолдарын қарастыруы керек",–  дейді Рухани.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу