Дүйсенбіде Президент Реджеп Тайып Ердоған халықтың мойнына әлсіреген валютадан түскен ауыртпалықты жеңілдететін бірқатар шараларды жариялағаннан кейін түрік лирасы бірден 20 пайызға күшейді. Жыл басынан бері Түркия ақшасы өз құнының 45 пайызын жоғалтқан екен. Ұлттық валютаның мұншалықты әлісреуіне Ердоғанның несиелік үстемені немесе пайыздық мөлшерлемені төмендету саясаты себепші. Ақ сарай қожайынының ойынша, лираның арзандауы экспортты күшейтуге, несиені арзандатуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жәрдемдеседі.
Дегенмен Ердоғанның қыркүйектен бері пайыздық мөлшерлемені 500 базистік пунктке төмендетуге ұмтылысы Түркияда соңғы 20 жылдағы ең ауыр валюта дағдарысын туындатып, лира өткен жұмаға дейінгі бес аптаның ішінде 40%-ға жуық құлдырады.
Экономистер Ердоғанның төмен мөлшерлеме моделін пайымсыздық деп атап, бұндай монетарлық саясаттың инфляцияны келесі жылы 30%-дан асырып жіберетінін болжап отыр.
Swissquote банкінің аға сарапшысы Ипек Озкардескаяның ойынша, Түркияның экономикалық перспективасы "тежегіші жоқ жүк көлігіне" ұқсап, Ердоғанның жаңадан жариялаған шаралары әдеттегі нарық тәжірибесінен айтарлықтай алшақтау көрінеді.
"Түркия күрделі процеске аяқ басты. Енді ол ойынды ережеге сай ойнамас", – дейді Озкардеская.
ИСЛАМИ ШЕШІМ
Ердоған болса, жексенбі күні өзінің экономикалық саясатын қорғап, валютаның құбылмалылығын 2013 жылғы жалпыұлттық наразылықтардан бастау алған экономикалық шабуылдармен салыстырды. Және де ол пайыздық мөлшерлемені түсіру шешімін исламға сүйене отырып қабылдағанын мәлімдеді.
"Біз пайыздық мөлшерлемелерді төмендетіп жатырмыз. Менен басқа ештеңе күтпеңіздер. Мұсылман ретінде мен (исламдық ілім) нені талап етсе, соны жалғастыра беремін", – деді ол исламның қаржы жүйесіне сәйкес жоғары пайыз бен өсімқорлықтан аулақ жүру қажеттігін ескерте отырып.
Президенттің қысымымен орталық банк өткен аптада ставкаларды қайтадан 100 базистік тармаққа төмендетті. Ал қараша айында Түркияда инфляция 21%-ға секіріп, келесі жылы 30%-дан асады деген болжам айтылып отыр.
Лираның құнсыздануын тежеу үшін орталық банк осы айда бес рет интервенция жасады. Банкирлердің есебіне жүгінсек, бұл шараға елдің таусылып жатқан сыртқы резервтерінен 6 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған.
"ЖЕҢІМПАЗ БАРЛЫҒЫН АЛАДЫ"
Ердоған Түркияны 2003 жылдан бері, алдымен премьер-министр, содан кейін президент ретінде басқарып келеді. Үш жыл бұрын ол жаңа атқарушы президенттік билік аясында кеңірек өкілеттіктерге ие болды. Сыншылардың пікірінше, осының нәтижесінде, Түркияда экономикалық, саяси және қауіпсіздік мәселелерімен күресуге нашар жабдықталған гипер-орталықтандырылған жүйе құрылды. .
Билік мекемелер мен министрліктерден Анкарадағы кең-байтақ президенттік сарайға көшірілді. Ердоған 2019 жылдан бері орталық банктің үш төрағасын қызметінен босатып, қазан айында үш банк саясаткерін жұмыстан шығарған екен.
Ердоғанның айтуынша, орталық банк тәуелсіз болып қала береді. Бірақ сол банк мемлекет басшысының пайыздық мөлшерлемелерді инфляциядан әлдеқайда төмен түсіру үндеуіне мойынсұнып, биылдың өзінде лираның 56%-ға құлдырауына себеп болып, қарапайым түріктердің өмір сүру құнын көтеріп жіберді.
Қолдаудың молдығынан қуат алған қарсыластары болса, қазір президентті Түркияны кедейшілікке ұрындырды деп айыптап, оған қарсы шабуылды үдетіп жатыр.
Кейбір бақылаушылардың ойынша, Ердоғанның проблемалары оның өзі құрған президенттік жүйеден күрделеніп жатыр. Өйткені мұндай системамен қолдағы билікті сақтау үшін сайлауларда дауыстардың абсолютті көпшілігін жинау қажет.
Сауалнамалар көрсеткендей, бүгінде Ердоғанның үш әлеуетті бәсекелесі бар. Олар – Ыстанбұл мен Анкара мэрлері. Екеуі де негізгі оппозициялық Республикалық Халық партиясынан (CHP). Үшіншісі – ұлтшыл IYI партиясының лидері. Бұлардың бәрі Ердоғанды тікелей бәсекеде жеңеді деген болжам бар.
"Жеңімпаз бәрін алады" деген бұл жүйе халық алдындағы саяси беделі төмендеп бара жатқан жетекші үшін қауіпті арттырады. Біз бұрын ешқашан биліктегі Әділет және даму партиясына (AKP) қолдау мұнша төмендегенін көрген емеспіз. Ал 2023 жылы саяси өзгерістер болады деген пікір көбейді", – дейді Ыстанбұлдағы Экономика және сыртқы саясатты зерттеу орталығының директоры Синан Үлген.
"СҰЛТАННЫҢ КҮЗІ"
Ердоған өзінің AKP партиясының бұрынғы мүшелері құрған екі партиямен де алдағы сайлауда алғаш рет бәсекеге түседі.
Олардың біреуі – бұрынғы премьер-министр Ахмет Давутоғлы басқаратын Геледжек (Болашақ) партиясы болса, екіншісіне Ердоғанның баяғы одақтасы Әли Бабажан жетекшілік етеді. Екеуі де AKP-дан түңілген сайлаушыларға Ердоғаннан консервативтік құндылықтарын сақтай отырып, басқа партияларды таңдауға мүмкіндік ұсынып отыр.
"Егер сайлаушыларға таңдау жасау керек болса және олар оңшыл болса, мұндай электорат өзіне жақын басқа оңшыл партияны таба алады", – дейді Коньядағы Геледжек партиясының жергілікті төрағасы Хасан Экижи.
Жаңа партияларға ұлттық қолдау төмен болғанымен, олардың тарапына аздап ойысудың өзі Ердоғанға жеткілікті зиян келтіріп, жағдайды өзгертуі мүмкін.
"2018 жылы Түркия Ердоған тұсында алғашқы экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезден бергі оқиғаларды ескерсек... мұның бәрі Ердоған мансабында сұлтандықтың күзі жеткенін көрсетеді", – дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының Түрік зерттеу бағдарламасының директоры Сонер Чағаптай.
67 жастағы лидердің денсаулығына қатысты алаңдаушылықты президент сарайы жоққа шығарып отыр. Бұл сауалдың туындауына жалынды сөздерімен, шешендігімен танылған Ердоғанның соңғы жылдары камера алдында ыңғайсыз сезініп, бозарып, шаршаңқы көрініп, тіпті мүлгіп кеткен сәттері себепші.
Халқының жартысы 31 жастан кіші елде көптеген тұрғындар өзге басшыны білмейді. Ердоғанның сөзінше, түрік жастары ол басқарған тұстағы ел жетістіктерін бағалай білуі керек.
Тағы бір айта кететін жайт, Ердоғанның партиясы бұрынғысынша басқаларға қарағанда көбірек қолдауға ие және де АКП негізінен өз жақтастарына тиесілі БАҚ-тың толық қолдауына сене алады.
Ердоған билігі тұсында Түркияда құрылыс қарқын алып, денсаулық сақтау қызметтері жақсарды, ал діндар түріктер орамал тағуға қойылған шектеулердің алынып тасталуына үлкен қошемет білдірді.
Сонымен қатар Ердоған қарсыластарының осал альянсына келісілген саяси платформа жетіспейді және ол әлі президенттікке кандидат таңдаған жоқ.
Арыс Әділбекұлы