Түркия Сириямен ғана емес, Ресеймен де әскери тайталасқа жақын

5175

Ердоған "Астана процесі" өлді деп, оңтүстіктегі көршісінің жеріне мыңдаған жауынгері мен танкілерін енгізіп жатыр. 

Түркия Сириямен ғана емес, Ресеймен де әскери тайталасқа жақын

Сирия армиясының оппозиция қолындағы соңғы провинция – Идлибті алу науқаны оны Түркиямен кең ауқымды соғысқа ұрындырып қана қоймай, Мәскеу мен Анкара достығына үлкен сызат түсіріп отыр.

Президент Реджеп Тайып Ердоған ескерткендей, егер түріктің бір жауынгері оққа ұшатын болса немесе жараланатын болса, Түркия "Сирияның кез-келген жеріне" әскери соққы береді. Мұның алдында ол Сирия үкіметіне ақпанның соңына дейін қарулы күштерін Идлибтегі атыс тоқтатылуға тиіс аумақтан әкету туралы шарт қойды.

2017 жылы қаңтарда Астанада Түркияның, Ресейдің, Иранның арағайындығымен Сириядағы соғысушы тараптар Идлибтегі атысты тоқтатып, онда демилитаризацияланған аймақ құруға келіскен еді. Түрік Республикасы жетекшісінің сөзінше, сол уағдаластық өлді деуге болады.  

"Астана процессі деген нәрсе енді жоқ. Астана процесі үнсіз. Түркия, Иран, Ресей оны қайта жандандыру үшін не істеу керек деген мәселені қарастыруы керек", – деді Ердоған 29 қаңтарда Сенегалға аттанып бара жатып.

Сонымен қатар, ол ақпанның 3-інде Киевке сапарында президент Владимир Зеленскиймен өткен кездесуде "Қырымдағы татар түркілердің жағдайын қадағалап, оларға Украина билігі аясында қолдау көрсетуге" уәде берді. Түркия Грузияның НАТО-ға кіруін қалайтынын ашық мәлімдеп келеді.  

Түркия мен Ресей –Таяу Шығыстың түрлі бөлігінде бір жағынан қарсыластар, екіншіден - одақтастар. Мәселен, Сирия мен Ливияда. Олар өзгенің қолымен бір-бірімен соғысып жатса да, газ бен қару саудасында мүдделері ортақ және бұл екі мемлекет Сирияда АҚШ-тың ықпалын төмендету жолында да сыбайлас.

Тағы бір айта кететін жайт, Түркия мен Ресей Сирия үкіметі мен Анкараға арқа сүйеген көтерілісшілерді келіссөзге тартып, Идлибте тыныштық орнату мәселесінде бірлесіп жұмыс істеді. Алайда бұдан әзірге ештеңе шықпай отыр.

Бүгінде Ресейдің қолдауымен Сирия армиясы оппозиция күштерімен соғыста басымдық байқатып жатыр. Ал, Түркия Асадтың қарсыластарына көмек көрсетіп, Идлибтегі әскери постарынан кетуден бас тартып, Сирия үкіметінің жауынгерлеріне кейінгі күндері бірнеше рет соққы берді. Бұл жағдай Түркияны Араб Республикасымен ғана емес, Ресеймен де жанжалға ұрындырады деген қауіп бар.

Идлиб дағдарысы Түркияның экономикалық құлдырау мен халықаралық изоляцияның ортасында қалған шақта ушықты. Жерорта теңізінің шығысында, Кипр, Мысыр, Грекия, Израиль араларына Түркияны қоспастан көмірсутегін бірлесіп игеру туралы келісімге қол жеткізді. Бұған ашынған Анкара Ливияның БҰҰ мойындаған үкіметімен теңіз және қауіпсіздік туралы пәтуа жасасты. 

Стамбұлдағы Мәрмәра университетінің Түркия-Ресей қатынастары жөніндегі сарапшысы Эмре Ерсеннің ойынша, Анкара мен Мәскеу Идлибке қатысты бәрібір бір мәмілеге келуге тиіс болады.

"Түркия Ресеймен 2015 жылғы дағдарыстың қайталанғанын қаламайды", – дейді ол Сирия аспанында ресейлік ұшақ атып түсірілгеннен кейін, Мәскеудің Түркияны санкциямен жазалағанын еске ала отырып.

Анкарадағы Маршалл қорының директоры Өзгүр Үнліхисарджиклінің пікірінше, Ердоған бос сөйлеп отырған жоқ, өйткені ол бұған дейін Сирияға басып кіремін деген қатаң ескертулерінің барлығын жүзеге асырды.    Үнліхисарджиклі Сирия тіпті Ресей авиациясы көмектессе де, көлемі жағынан НАТО-да екінші орында тұрған түрік армиясына қарсылық көрсете алмайды деп есептейді.

Жақында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Сирия әскерінің Идлибте Түркия жауынгерлеріне шабуыл жасағанын айыптады. Бұған қоса Құрама Штаттардың Сирия жөніндегі арнайы өкілі Джеймс Джеффри сәрсенбі күні Анкараға барып, Ердоғанға қолдау білдірді. Кейбір бақылаушылардың ойынша,  осының өзі Түркияға Ресеймен тайталаста дем беріп отыр.

Түркия Сирияға қарсы бар күшін төге ме деген сауалға әзірге жауап жоқ. Ал, Ресейдің әскери көмегі Башар Асад армиясына елдің басым бөлігін қайтаруға мүмкіндік берді. Кремль мұнымен тоқтап қалмай, енді Асадтың Идлибті басып алу науқанын әуеден қолдап отыр.

Мәскеуге сенсек, Сирияның Идлибке жорығы - қажеттіліктен туындаған операция, себебі Түркия осы аймақта Сирия армиясы мен Ресей базасына ұдайы шабуыл жасап тұратын "әл-Каидамен" байланысты содырларды тоқтата алмай отыр.

"Аймақтағы ахуалдың шиеленісуіне террористердің үйлестірілген шабуылдары себепші. Ал, Сирия армиясы олардан кек қайтаруға мәжбүр. Содырлар Идлибте бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланып отырса, Түркия сол аймаққа жауынгерлері мен қару-жарағын жеткізіп, жағдайды тіпті ушықтырып жіберді", – дейді Ресей қорғаныс министрлігі.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, Түркия "Идлибтегі террористік топтарды шектегеннің орнына, оларға дем беріп отыр". "Мұндай жағдайды біз қабылдай алмаймыз", – дейді Ресей президентінің өкілі.

Түркия Идлибті стратегиялық маңызды аймақ деп қарастырып, онда әскер ұстауға мүдделі. Сондағы мақсаты – өз жеріне босқындар легін енді өткізбеу. Анкара бұған дейін соғыстан қашқан 3,6 миллион сириялықты қабылдағаны белгілі. Ердоғанның сөзінше, Дамаск Анкараны жазалау үшін халықты Түркияға әдейі қашуға мәжбүрлеп отыр.

Қазір Сирия армиясы Идлибті алатын болса, Түркияның бақылауындағы "қауіпсіз зона" да Асад әскерінің қолына өтеді деген қорқыныш бар. Ал, Ердоған бұған жол бере алмайды. Өйткені, Түркия сол зонаға өз жеріне өтіп кеткен миллиондаған босқынды қайтарудан үмітті.

Сонымен қатар, Идлибке жауынгер шоғырландыра отырып, Анкара Сирияның болашағы жөніндегі келіссөздерде сөзі өтетін күшке айналғысы келеді. Егер мұндай салмағы болмаса, Түркия өзінің оңтүстіктегі шекарасынан, дәлірек айтсақ, күрдтерден төнген қауіпті мейлінше азайта алмауы мүмкін.

"Асад армиясының Идлибті алу жолында тұрған бір кедергі – Түркия. Анкара Сириядан кетпек емес. Кететін болса, ол Сирияның болашағына қатысты маңызды сөзін айта алмай қалады", – деп жазады Hurriyet Daily News газетінің коломнисті Барджын Инаныч.

Ресей мен Иранның арқасында Асад күштері Идлиб пен Алеппо провинциясының бір бөлігін оппозициядан қайтару үшін бірнеше аптадан бері әскери операция жүргізіп жатыр. Соның салдарынан аймақта гуманитарлық дағдарыс туындап, 700 мыңдай адам үйлерін тастап, солтүстікке қашып, Түркия шекарасы маңына шоғырланып жатыр.

Сирия мен Түркия армиясы соңғы күндері екі рет қақтығысып, одан түріктің 13 сарбазы мерт болды. Осыдан кейін Ердоған Асадтың ондаған жауынгері жойылғанын мәлімдеді.

Көтерілісшілермен соғыста басымдық байқатып отырған Сирия қарулы күштері мен ирандық содырлар сәрсенбі күні мемлекет астанасы Дамаскті елдің солтүстігімен байланыстыратын және оппозиция бақылауындағы территориядан өтетін стратегиялық M5 трассасын басып алды. Ал, Түркия Ресейді Сирия армиясының агрессиясын тоқтатуға қайта-қайта шақыра отырып, Араб Республикасына мыңдаған жауынгері мен танкілерін және өзге де техникасын бірнеше күннен бері енгізіп жатыр. 

Бірақ, Сирия армиясы Түркиядан төнген қауіпке қарамастан, Идлиб пен Алеппоның батысын "террористерден тазарту" операциясын тоқтатпайтынын ескертіп отыр.

Түркия Иллибте атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуын қадағалау үшін ондаған әскери пост құрған еді. Солардың төртеуі қазір Асад күштерінің қоршауында тұр. Мұны Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында растады.

Өткен аптада Ресейден Түркияға делегация барды. Сонымен қатар, Путин мен Ердоған да Идлибтегі дағдарысты шешу үшін телефон арқылы сөйлесті. Алайда, әзірге нақты келісім жоқ.

"Сонда, Путин Сирияның болашағын айқындайтын жалғыз күш болғысы келе ме? Мұның нәтижесінде ол НАТО-дағы жалғыз ресейшіл ел – Түркиямен әскери тайталасқа ұрынуы мүмкін немесе Анкарамен келісуге тура келеді", – дейді Инаныч жақында жариялаған мақаласында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу