Ғаламдық пандемия кезінде АҚШ ДДСҰ-дан кететінін жариялады

5515

Коронавирустан 100 мыңдай адамды қорғай алмаған Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын Қытайдың қуыршағы деп айыптап, онымен байланысты үзетінін хабарлады.  

Ғаламдық пандемия кезінде АҚШ ДДСҰ-дан кететінін жариялады

Президент Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ) Қытайдың алдында тым ізетті және коронавирустың тарауы жайлы нақты ақпарат таратпады деп айыптап,  АҚШ-тың онымен байланысты үзетінін ескертті. Және де Трамп БҰҰ-ның медициналық органын Қытайдың қуыршағы деп айыптап отыр.

Құрама Штаттар ДДСҰ-ға 1948 жылы ресми түрде қосылды. Трамп штаб-пәтері Женевада орналасқан бұл ұйымнан кету туралы шешімді коронавирус эпидемиясының өршуіне байланысты Вашингтон мен Бейжің арасындағы шиеленіс тіпті күшейге шақта қабылдады. Айта кету керек, жұмбақ вирус былтырғы жылдың соңында Қытайдың орталығындағы Ухань қаласынан тарағаны мәлім.

Жұма күні Ақ үйдің раушан гүлдер бағында жасаған мәлімдемесінде Трамп Қытайды "ДДСҰ-ға вирус туралы ақпарат беру міндеттемелерін орындамай, әлемде жүздеген мың адамның өліміне себеп болды" деп кінәлады. Америка лидерінің ойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжің қысым жасағандықтан, коронавирус хақында планета жұртын шатастыратын деректер жариялады.

"Қытай жылына небары 40 миллион доллар төлеп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына толық бақылау орнатып отыр. Ал, Құрама Штаттар ДДСҰ-ға жыл сайын шамамен 450 миллион доллар аударады", - дейді АҚ үй басшысы.

Трамп ДДСҰ-мен байланысты доғару туралы шешім қабылдардан бірнеше күн бұрын Қытай президенті Си Цзиньпин коронавируспен күрес мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына алдағы екі жылда 2 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді. Бұл  – ДДСҰ-ның былтырғы бюджетімен шамалас сома.

Тағы бір айта кететін жайт, өткен айда Трамп 194-елдік ұйымды қаржыландыруды тоқтатып, осы айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 30 күн ішінде өзін реформалау туралы міндеттеме алу туралы хат жолдады.

"Себебі олар бұл талапты орындай алмай, қажетті әрі ірі реформа жүргізбеді. Сондықтан, біз бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен қатынасымызды ұзіп, қорымызды өзге де денсаулық сақтау мұқтаждықтарына бағыттаймыз", - дейді Трамп.

Америкаға да, әлемге де зиянды шешім

Трамптың бұл мәлімдемесінде АҚШ-тың ДДСҰ-дан нақты қай күні кететіні айтылған жоқ. Бірақ, Когресте 1948 жылы қабылданған Құрама Штаттардың Дүниежүзілік денсаулық ұйымына мүшелігі туралы бірлескен резолюциясына сәйкес, АҚШ бұл ұйымнан шығатынын бір жыл бұрын ескертуге міндетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Трамптың соңғы мәлімдемесіне қатысты әзірге жауап берген жоқ. Дегенмен, ол бұған дейін Қытайдың мүддесі үшін жалған ақпарат таратты деген айыптауларды жоққа шығарған белгілі.

"Есте сақтайтын бір маңызды жайт сол – ДДСҰ – әлем елдері арасындағы ынтымақтастыққа арналған платформа. Тарихи пандемияның бел ортасында одан шығып кету Құрама Штаттар мен әлем жұртшылығы үшін зиян", - дейді "Дәрігерлер адам құқығы үшін" қозғалысының атқарушы директоры Донна Маккей "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вебсайтындағы деректерге жүгінсек, АҚШ бұл ұйымға міндетті жарна ретінде 200 миллион доллар үлес қосып отыр. Сонымен қатар, Вашингтон ДДСҰ-ның әлемде полиомиелитті, ВИЧ-ті, гепатитті, туберкулезді жою тәрізді нақты бағдарлаларына жыл сайын ерікті түрде жүздеген миллион доллар бөледі.

ДДСҰ-ның қызметі тоқтамайды

Джонс Хопкинс Денсаулық сақтау орталығының аға ғылыми қызметкері Амеш А. Адаляның сөзінше, Трамптың шешімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының операцияларын өзгерте алмайды. 

Трамп өткен айда ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатқанда, кейбір батыс  дипломаттары мұндай шешімнің Дүниежүзілік денсаулық ұйымының әзірге қормен қамтамасыз етілген бағдарламаларына емес, саяси зиян тигізетінін айтты.

ДДСҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істейтін тәуелсіз халықаралық орган. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш өткен айда мәлімдегендей, "әлемнің COVID-19-қа қарсы соғыста жеңіске жетуі үшін ДДСҰ өте қажет мекеме".

БҰҰ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы ДДСҰ-ны қолдау туралы бүкіл әлем мемлекеттеріне өтініш жасаған.

"Ең алдымен Америка" ұранын ұстанған Трамп бұрыннан бері көпжақтылықты жаны жаратпайтынын аңғартып келеді. Ол билікке келгелі Құрама Штаттар БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінен, мәдени агенттігі – ЮНЕСКО-дан, Париж климаттық келісімінен және Иранмен жасалған тарихи ядролық пәтуадан шықты.  Сонымен қатар,  АҚШ БҰҰ-ның жер шары халықтар қоры мен палестиналық босқындарды қолдау агенттігін қаржыландыруды қысқартты.

"ДДСҰ – инфекциялық ауруларды күні бұрын ескертетін дүниежүзілік жүйе. Қазір 100 мыңдай америкалықтың өмірін жалмаған ғаламдық пандемия кезінде одан шығып, еліміздің басын қауіпке тігетін уақыт емес", - дейді Конгрестің өкілдер палатасының Қаражаттандыру комитетінің басшысы, демократ Нита Лоуи.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу