Асқан билік пен Конгреске кедергі

4883

АҚШ Сенаты импичментке ұшыраған Трампты қызметтен кетіру мәселесін мерекеден кейін қарастырады.  

Асқан билік пен Конгреске кедергі

Сәрсенбі күні Дональд Трамп Америка тарихында импичмент жарияланған үшінші президент атанды. Мұның алдында Конгрестің демократтар бақылауындағы өкілдер палатасы Трампқа билікті асыра пайдаланды және парламент жұмысына кедергі жасады деген екі айып тақты.

Осылардың алғашқысы 230-197 дауыспен өтсе, екіншісін 229 адам мақұлдап, 198-і оған қарсы дауыс берген. Ал, Трампқа импичмент жариялау үшін 216 дауыс та жеткілікті еді.

Біріншіден, 73 жастағы Трамп өзінің келесі жылы өтетін сайлаудағы басты қарсыласы – Джо Байден мен оның ұлы Хантер Байденді тергеуді талап етіп, Украинаға қысым жасады деп айыпталып отыр.

Демократтарға сенсек, Трамп президент Владимир Зеленскийге 2020 жылғы сайлау қарсаңында Байденді қараламасаң, Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистермен күреске Америкадан 391 млн доллар қауіпсіздік көмегін ала алмайсың деп қысым көрсетсе керек.

Екінші бапқа жүгінсек, Трамп өз әкімшілігіндегі шенеуніктер мен агенттіктерге Өкілдер палатасының импичмент пен тергеу туралы заңдық процедураларын орындамауға бұйрық беріп, Конгресс жұмысына кедергі жасаған. 

Американы тағы 4 жыл басқаруға бекінген президент бұл кінәлардың бәрін жоққа шығарып, қыркүйекте демократтар бастаған импичмент процессін "мыстан кемпірдің соңына" түсу деп сипаттады.

"Бұл заңсыз әрі партизандық импичмент – Демократиялық партияның саяси өлімге бағытталған маршы. Мен емес, олардың өздері, әрқайсы жауапқа тартылуы керек", – дейді Трамп.

"Демократияны қорғау үшін жиналдық"

Президентке импичмент жариялау туралы дебат бір күнге созылды. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси АҚШ-қа адал болуға ант бере отырып, "Біз мұнда демократияны қорғау үшін жиналдық" деп мәлімдеді.

"Егер қазір әрекет етпесек, парызымызды өтемеген болып шығамыз. Президенттің жосықсыз істері бізді импичментке мәжбүрлеп отыр, бұл – трагедия", – дейді Пелоси.

Республикалықтар болса, демократтарды "әділетсіз, жалған процессті" 2016 жылғы президенттік сайлаудың нәтижесін мансұқ етуге және 2020 жылы өтетін сайлауға ықпал етуге пайдаланғысы келеді деп айыптап отыр.

Республикалықтар өкілі Майк Келли импичментті тіпті Жапонияның 1941 жылы Гавайдағы Перл-Харборға жасаған шабуылына теңеп, өкілдер палатасы шешім шығарған сәтті "тағы бір масқара күн" деп атады. Айта кету керек, кезінде Франклин Рузвельт осы сөзді 2400 адамды қырғынға ұшыратып, Американы Екінші дүниежүзілік соғысқа киліктірген жапондықтардың рейдіне қатысты айтқан еді.

Екіге жарылған қоғам

Трамптың сайлануы Құрама Штаттарда қоғамның, отбасылардың, достардың арасына жік салып отыр және де Вашингтондағы саясаткерлер үшін көтеріліп келе жатқан Қытайға қарсы тұру, климаттың өзгеруі тәрізді проблемаларға ден қою қиындаған.

Reuters/Ipsos жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, демократтардың көбі Трампқа импичмент жариялауды қаласа, республикалықтардың басым бөлігі мемлекет басшысын жауапқа тартуға қарсы.

"Президент Трамп билікті асыра пайдаланды, ант бұзды, мемлекетке сатқындық жасады. Бізде ешкім заңнан үстем емес", – деді Джо Байден Конгрестің шешімінен кейін "Твиттерде" жасаған мәлімдемесінде.

Трампқа жүгінсек, Байдендер – жемқорлар. Бірақ, президент бұған қатысты ешқандай дәлел келтірген жоқ.

Импичментті АҚШ-тың негізін қалаушылар ойлап тапты. Осылайша олар 18-ғасырда Британия мен оның королі Георг Үшіншіден бөлінгеннен Америка Конгресіне "ауыр қылмыс жасаған" президентті жазалауға рұқсат берді.

Құрама Штаттар тарихында екі президент жауапқа тартылды. 1998 жылы Өкілдер палатасы Билл Клинтонды сексуалдық қатынастар туралы жалған куәгерлік етіп, сотқа куәгерлік жасады деп айыптады. Бірақ, Клинтонды кейін Сенат ақтап алғаны белгілі. 1868 жылы Эндрю Джонсон да дәл осылай жоғары палатадан ақталып шыққан.

Қаңтардың басында...

19 желтоқсанда Конгрестің Өкілдер палатасы Трамптың ісін Сенатқа ұсынатын "менеджерді" тағайындайды. Ал, жаңажылдық мерекелерден соң, қаңтардың басында Сенат президент сотталып, отставкаға кетуі керек пе деген мәселенің басын ашуға тиіс.

Құрама Штаттардың 243 жылдық тарихында бірде-бір президент импичмент нәтижесінде отставкаға кеткен жоқ. Ол үшін 100 орындық Сенаттағы халық қалаулыларының үштен екісінің дауысы қажет. Яғни, Ақ үй басшысын орнынан тайдыру үшін 20 партияласы (республикалықтар) демократтар жағына өтуі керек. Сондықтан Сенаттағы республикалықтардың жетекшісі Митч Макконнел айтқандай, президентті отставкаға жіберуге "шанс жоқ".

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу