Путиннің тарихқа жеке көзқарасы да соғысқа себеп

2270

Ресей президенті Владимир Путин Украина тарихын өзінше баяндай отырып,  бұл елдің әрқашан Ресейдің бір бөлігі болғанын айтып келеді. Көптеген бақылаушылардың ойынша, мұндай позиция оның мақсатына қызмет еткенімен, фантастика. Өйткені, Украинаның мыңжылдық тарихы бар.

Путиннің тарихқа жеке көзқарасы да соғысқа себеп

Зерттеулерге жүгінсек, қазіргі Украина жері ғасырлар бойы таласқа түскенімен, 18-ші ғасырдың соңына дейін немесе Ұлы Екатерина заманына дейін Мәскеудің қол астына толық өткен жоқ. Тіпті содан кейін де Ресей империясы Украинаны оңай немесе толықтай жұта алмады.

Тәуелсіз әрі Батысқа ұмтылған Украинаны Ресейдің орбитасына қайтару әрекетінде Путин өзіне дейінгі көптеген билеушілердің  - Ұлы Петрден бастап, Иосиф Сталинге дейінгі басшылардың - жолын ұстанып келеді.

Батыс үшін өзекті мәселе - Путиннің реваншисттік амбицияларын дипломатия, санкциялар және Украинаның әскери қарсыластығы арқылы шектеу. Путиннің екі жікшіл аймақты мойындауы және көрші елге орыс әскерлерін жіберуі Еуропаның қақ ортасында ауқымды соғысқа түрткі болып отыр.

Әрбір заманауи мемлекетте, әсіресе, Еуропада, ғасырлар бойы шекаралар өзгерді. Және де жерге талас талай рет талаптар мен ультиматумдарға ұласып, аумақ, билік және ықпал үшін соғыстарға ұрындырды. Ақпанның 24-де Ресей жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде кейде мұңайып, кейде ашуға ерік берген Путин қазіргі Украина жайында абайсыз сөйлеп, оның егемен мемлекет ретінде құрылуы 20-шы ғасырдағы коммунистік лидерлердің трагедиясы мен кездейсоқ оқиға деп атап өтті.

Кеңес дәуіріне дейін тарихи Украина болмағандай, Путин бірде Владимир Ленинді, бірде Сталинді айыптап, ендігі бірде Никита Хрущевтің 1954 жылы Қырымды Ресейден Украинаға беру шешімін мысқылдайды.

Барлық тарихи қиссалардағыдай, Путиннің сөзінде шындықтың элементтері де кездеседі. Оның айтуынша, украиндар мен орыстар – шығыс славян халықтары, олардың тағдырлары тарихта тоғысты да, екіге айрылды да. Бірақ, Путин Украинада Ресейдің максималдық үстемдік құрған шағын ғана еске алып, Украинаның халықаралық шарттармен мойындалған жеке мемлекет екенін және сол елді соңғы 30 жылда Ресейдің өзі де мойындағанын ұмытып кеткендей. Есесіне, Кремль басшысы қазіргі Украинаны коррупция жайлаған әрі Ресейдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін АҚШ-тың қолбаласы етіп сипаттап, оның Ресеймен одақтасқаннан басқа жағдайда өмір сүруге шынайы себебі жоқ деген ойын да жасырмайды.  

Украина да, Ресей де өз бастауын Киев Русінен, демек 1000 жылдан астам уақыт бұрын Днепр өзенінің бойында Мәскеу пайда болғанға дейін викингтер құрған сауда орталығынан алады. Киев Русі 13-ші ғасырдың басында моңғолдардың Еуропаға шапқыншылығы нәтижесінде құлады. Ал, Московия 15 ғасырдың аяғына дейін вассалдық мемлекет қамытынан құтылмағаны белгілі.

Ресейлік Мәскеумен байланысқанның орнына, қазіргі Украинаның барлық территориясы 1300-ші жылдардан бастап Литва Ұлы Герцогтігіне, кейінірек Польша мен Литва Одағына кірді. Сол көп тілді, көп ұлтты мемлекет құрамына қазіргі Польша, Литва, Беларусь, Украина және Ресейдің кейбір бөлігі де енді.

Бұл мемлекеттің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында бүгінгі украин және беларусь тілдерінің арғы атасы саналатын поляк және русин тілдері үстемдік еткен. Ал, халқының құрамында украиндар, поляктар, белорустар, литвалықтар, еврейлер және татарлар болған.

1600 жылдардың ортасында украин казактарының армиясы поляк пандары мен помещиктеріне қарсы көтеріліп, 1654 жылы Мәскеу мен Шығыс Украина казактарының ​​одағы Поляк-Литва одағынан бөлініп шығып, патшаға адал қызмет етуге ант етті. Батыс Украина болса, Польша-Литва Одағында қалып, Польша ыдырап, 1795 жылы Еуропа картасынан жойылып кеткенше тағы 150 жыл өмір сүрді.

Польша Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайтадан еңсе көтеріп, 1919-1922 жылдар арасында Кеңестік Ресеймен жер үшін соғыс жүргізіп, Украинаның көп бөлігін қайтарып алды. Ол аумақтар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Кеңес Одағының бақылауына қайтарылды. Алайда, соғыстан соң украин ұлтшыл партизандары бірнеше жыл бойы Кеңес Одағына қарсылықты тоқтатпады.

1930 жылдардың басында Украинаны жайлаған ашаршылықтан миллиондаған адам қырылып, украиндардың Кеңестік Ресей билігіне қарсылығын туындатты.

Кеңес Одағы құрылған кезде большевиктердің Украинаны жеке социалистік республика ретінде мойындауы кездейсоқтық емес.

Жеке тарихы бар Украина өз өмірінің көп бөлігін Мәскеу мен Батыс арасында теп-теңдік сақтаумен өткізді. Алайда, Украина 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағанша өзін-өзі басқаратын мүмкіндікке қол жеткізе алмады.

Украиндардың көпшілігі бүгінде Ресейге қосылуды қаламайды және де Украинада Ресейге қарсылық 2014 жылы РФ Қырымды аннексиялап, мәскеушіл сепаратистер Донбасс аймағын басып алғаннан кейін тіпті күшейді.

Енді Ресей жауынгерлері мен танкілері Украинаға қайта кіріп, аймақтағы үстемдік үшін болған мыңжылдық тартыс қарудың, дипломатияның күшімен әрі қарай қайта жалғасып жатыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу