РФ парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесі Владимир Путинге 2024 жылы өтетін сайлауға президенттікке кандидат ретінде қатысуға жол ашатын конституциялық өзгерісті қолдады. Егер төрт жылдан кейін жеңіске жететін болса, Кремльдің қазіргі басшысы Ресейді 2036 жылға дейін басқарады.
67 жастағы Путин соңғы жиырма жылда елінің саяси сахнасында президент қана емес, премьер-министр де болып үстемдік етті. Ал, сейсенбі күні ол Дума алдында сөз сөйлеп, мерзімді шектеудің дағдарыс кезінде маңызы шамалы екенін атап өтті.
ҰҚК-ның бұрынғы офицері Путин қазіргі конституция бойынша 2024 жылы төртінші президенттік өкілеттігі аяқталып, отставкаға кетуі керек. Негізгі заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, мемлекет басқару мерзіміне қойылған шектеу жойылуы керек.
450 орындық Думадағы депутаттардың басым бөлігі – 383-і осы өзгеріспен бірге басқа да конституциялық реформаларды сәрсенбі күні үшінші, яғни, соңғы оқылымда мақұлдады. Бұл реформаға парламенттің бірде-бір мүшесі қарсылық білдірмеген, ал 43-і қалыс қалса, 24-і дауыс беру процедурасына қатысқан жоқ.
Путиннің қарсыластары айтқандай, конституциялық сот басты заңға өзгерісті құптайтын болса және де жаңа баптар 22 сәуірде өтетін жалпыхалықтық референдумда қолдау тауып жатса, Путинде 2024 жылғы сайлауда тағы бақ сынайтын мүмкіндік пайда болады.
Путин бұл таңдауды пайдаланса, денсаулығы сыр бермесе, сайлауда бағы жанса, 2036 жылға дейін алты-алты жылдан екі мәрте президенттік етіп, 83 жасқа дейін Ресейді 36 жыл басқарған болып шығады.
Кремльдің сыншысы, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Путиннің өмір-бақи президент болу ниетіне шек келтірмей отыр. Путиннің өзі болса, 2024 жылдан кейінгі жоспарын әзірге жариялаған жоқ. Бірақ бір сөзінде ол кеңестік дәуірдегідей демі таусылғанша билік етіп, қызмет басында өлуді қаламайтынын айтқан еді.
Коронавирус референдумға да қауіпті
Путин Ресейдің саяси жүйесі мен конституциясына өзгеріс енгізу ниетін биыл қаңтарда жария етті. Кремльге сенсек, бұл реформа билікті президенттен парламентке тапсыру үшін қажет.
Осынау уәжге иланбаған оппозиция болса, жұма күні Путинге қарсылық білдіріп көшеге шығатынын ескертті. Алайда бұл жоспар қиындыққа душар болып отыр. Айта кету керек, жақында Мәскеу үкіметі коронавирус қаупіне байланысты сәуірдің 10-на дейін бір жерде 5 мыңнан артық адамның жиналуына тыйым салды.
Дегенмен, "Азаматтық қоғам" қозғалысының жетекшісі Михаил Световтың ойынша, коронавирус соншалықты қауіпті болса, референдум да доғарылуы керек. Себебі бұл плебицит кезінде миллиондаған адам жұмбақ инфекцияны жұқтыруы мүмкін.
Сәрсенбі күні Мемлекеттік думаның жанында екі тұрғын ғана пикет өткізді. Солардың бірі – 31 жастағы Глеб Туманов өзін "Яблоко" партиясының мүшесімін деп таныстырып, Путинді "билікті меншіктеп алды" деп айыптады.
"Мен мұнда Путиннің бесінші, бәлки, алтыншы мерзімге қалу ниетіне наразылық білдіруге келдім. Қынжылтатын жайт. Өз басым өмірімнің көп бөлігін Кеңес одағында өткізген жоқпын және де ондай мемлекетте тұруды қаламаймын", – дейді Туманов "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.
Оппозиция белсенділері конституцияны элитаның мүддесіне сай қайта жазуға қарсы шеру ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осындай бір топ 21 наурызда демонстрация өткізге рұқсат сұрап, өтініш бергенін мәлімдеді.
Сталиннен ұзақ, ұлы Петрдан қысқа
Думадан сүрінбей өткен реформа жобасын Сенат сәрсенбінің кешінде қарастырды. Президенттік мерзім жайлы ұсыныстың мұнда да басымдықпен мақұлданатынына күмән болған жоқ. Өзгерісті Федерация кеңесіндегі 170 сенатордың 160-ы қолдаған.
Көптеген ресейліктер Путинге тұрақтылықтың кепілі ретінде жақтас. Дегенмен өзге біреулерге оның басшылықта ұзақ отырғаны ұнамайды.
Егер президенттің өкілеттік мерзімін шектеу туралы ұсыныс заңға айналып, Кремльге қайта оралатын болса, Путин Кеңес лидері Йосиф Сталиннен ұзақ, ал 43 жыл патшалық еткен Ұлы Петрден аз билік еткен жетекшіге айналады.
Президенттік мерзімді шектеуді жою туралы ұсынысты парламентке сейсенбі күні тарихтағы бірінші әйел ғарышкер, "Единая Россия" партиясынан сайланған депутат Валентина Терешкова енгізді.
Оның сөзінше, жақында өткен бір кездесуде сайлаушылар депутаттарға конституция өзгерсе де, өзгермесе де, Путинді билікте қалдыру туралы өтініш айтқан.
"Аяқ астынан жағдай нашарлап кетсе не болады? Мұндай жағдайда Путин бізді қолдауға, жәрдемдесуге, бәрімізге сүйеу болуға қауқарлы", – дейді Терешкова.
Арыс Әділбекұлы