Путиннің қантөгіссіз жүргізген революциясы

6472

Дмитрий Медведев отставкаға кетіп, ол қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқаратын болды.

Путиннің қантөгіссіз жүргізген революциясы

15 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин соңғы 20 жылда болмаған кадрлық өзгеріс енгізіп, конституциялық реформа жүргізілетінін мәлім етті. Федералдық жиын алдындағы халыққа жолдауында Путин елдегі ең негізгі заңның өзгеретінін, парламент рөлінің күшейетінін жариялап, премьер-министр Дмитрий Медведевтің отставкасын қабылдады. Медведев қызметінен ерікті түрде кетіп отыр. Бірақ президент оған қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметін ұсынды. Сондай-ақ жаңа премьердің кім болатыны да белгілі болды. Ресей элитасы күтпеген мәлімдеме жасады бұл жолы Путин. Ол бұл қызметке салықтық қызметтің басшысы Михаил Мишустинді ұсынды. 

Қандай өзгерістер? 

Көрші елдің басшысы Конституцияға мынадай өзгеріс енгізуді ұсынды: бір адам екі мерзім қатарынан мемлекет басшысы болғаннан кейін әрі қарай сайлауға түсе алмайды. Сондай-ақ президенттіктен үміткерге қойылатын талаптар да өзгеруі мүмкін: енді сайлауға түсу үшін үміткер қазіргі заңда жазылғандай елде 10 жыл емес, кемінде 25 жыл тұруы тиіс. Оның үстіне шетелдік азаматтығы не өзге елде тұруға құқығы барлар,  тіпті бұрында шет елде тұруға құқығы болғандары да саяси додаға, яғни президенттік сайлауға жіберілмеуі мүмкін. 
Путин мәлім еткен ұсыныстардың ең ауқымдысы: министрлер кабинетін тағайындау рәсімін өзгерту. Қазіргі заң бойынша, премьерді президент тағайындайды, содан кейін Мемлекеттік дума оның кандидатурасына қатысты дауыс беру процесін жүргізеді. Ал министрлер мен вице-премьерді үкімет басшысының өзі тағайындап, ең соңында президент оларды тағайындау туралы жарлыққа қол қойып келді.

Енді премьер мен министрлер кабинетінің басқа да мүшелерін парламент мақұлдайтын болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шара Дума мен Федерация Кеңесінің өкілеттігін біраз нығайтпақ. 

Шетелдік БАҚ не дейді?

The Associated Press: "Бақылаушылардың айтуынша, Путин 2024 жылдан кейін де билікте қалуы мүмкін. Яғни ол премьер-министр қызметіне ауысқаннан кейін, парламент пен министрлер кабинетінің өкілеттігін нығайтып, президенттің өкілеттігін қысқартпақ".

The Guardian: "Владимир Путин Конституцияға кейінгі президенттің билігін шектейтін өзгертулер енгізуді ұсынды.Егер ол 2024 жылы президенттік сайлауға түспесе, премьер-министр не басқа бір министрлік қызметке келуі ықтимал".

Bloomberg: "Путин алдағы жоспарлары туралы ашып айтпады, ол айтқан ұсыныстарда өзіне арналған жаңа қызметті құру туралы да ешнәрсе болмады. Бірақ ол мәлім еткен өзгеріс келесі президенттің ықпалын азайтып, Мемлекеттік кеңес пен парламенттің билігін күшейтпек".

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу