Тәуелсіздік күні. "Ресейдің сыйлығы" және Путиннің құттықтауы

6497

Марат Тәжиннің маневрі жетіспей тұр.  

Тәуелсіздік күні. "Ресейдің сыйлығы" және Путиннің құттықтауы

Жалпы желтоқсан айының екінші декадасы Қазақстан жылнамасында күтпеген тарихи оқиғалармен есте қалып келеді. Содан да болса керек, тәуелсіздікке деген құрметтен тыс ұйқыдағы рухымыз бір сәт оянып, жалымыз күдірейіп шыға келетіні бар. Тарихи оқиғаларға лайықты баға беріліп, әділет орнағанша осылай бола беретін де сияқты. Кейінгі кезде желтоқсанның жалынды рухын жаңажылдық шыршалармен бүркемелеу технологиясы да ескіргенін көріп жүрміз. Тәуелсіздік мерекесінің бұл жолғы шырқын "мәңгілік ынтымақтастыққа" анттасқан одақтас елдің депутаттары бұзбақ болды. Бірі "Қазақстан жері – Ресейдің сыйлығы" десе, екіншісі "Сыйлық екенін мойындамасаңдар, өзімізге қайтарыңдар" деп салды. Бәлкім олардың аузына сөз салушыларға да желтоқсанның ортасында қазақ қоғамының өз-өзінен ширығып, буырқанып барып әрең басылатыны ұнамайтын болса керек.

"Бір ауыз сөз"

Ресей тарабынан Қазақстанның мемлекеттілігіне бұлайша күмән келтіру ишарасы бірінші рет жасалып отырған жоқ. Біздегі мемлекеттік аппарат сол мәлімдемелерге білім-білігі жеткенше жауап беріп келеді. Домбыраны қу таяққа, қазақ жерін мал жөңкіген медиен далаға теңеген Жириновский ресми  түрде persona non grata деп танылған. Оған Жириновскийдің қылшығы қисаймаған да шығар. Бірақ дипломатикалық практикада кеңінен танымал классикалық жүрістен жаңылмауымыз өзіміз үшін маңызды еді.

Екінші қатқыл мәлімдеме Владимир Путиннің аузынан шықты. Ресей Президенті ол сөзін Еуразиялық экономикалық одақтағы сыралғы әріптесі өкпе айта алмайтындай етіп жеткізген болатын. Сол кезде мемлекеттік идеологияның тізгінін ұстаған Марат Тәжиннің мұндай күрделі ахуалдан да жол тауып, тіпті оны ұлттық ұпайды түгендеуге тиімді пайдаланып кеткені есімізде. Осылайша бір ауыз сөз Қазақ хандығының 550 жылдығын 12 ай бойы тойлауымызға себепкер болды.

Қазір қазақ идеологиясының тамыршысы - Марат Тәжин бұл саладан жырақта.  Оның ізбасарлары қаншалықты маневрге бай?  Апта бойғы дау-дамайдан жалыққан көпшіліктің назарында қазір осындай сауал тұр. Өйткені Вячеслав Никоновтың әрекетіне орай Сыртқы істер министрлігі нота жолдағанымен, Евгений Федоровтың сөзі жауапсыз қалып барады.

Бұл дау да қазақ елінің тұтастығы қазақ ұлтына ғана керек екенін көрсетті. Төлқұжатына ұлтын "қазақ" деп жазғысы келетін ассамблея өкілдерінің үнсіз қалуын осылай деп бағалау керек шығар. "Мәскеуде жатып алып мұндағы бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмаңыздар. Сіздер үшін қашанғы біз ұялуымыз керек" деп айтуға жарамаған Қазақстан халқының ассамблеясын қай керегімізге сақтап отырғанымыз түсініксіз. "Ассамблея электораттық бастамалар көтеру үшін ғана керек" дейтін әңгіменің жаны бар ма дейсің осыдан кейін.

Расымен де, біздің ассамблея тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз таңбасын қалдырған бірнеше ұсыныс көтергені белгілі. Ол ұсыныстарының бір де біреуі әзірге жерде қалып көрген жоқ. Ұлтшылдар Никоновтың сөзінен кейін СҚО орталығы Петропавлдың атауын қазақшалау туралы талап қойып жатыр. Осы бастаманы ассамблея өкілдері ресми ұсыныс ретінде көтеріп, логикалық нүктесін қойса, мұратымыз үндес екеніне көзіміз жетер еді.

"Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған олжаға жолығады" дегенді де қазақ айтқан. Никоновтармен, Федоровтармен сөз таластыра берсек, тоқтайтын жеріміз белгілі. "Қазақта мемлекет болмағанын, бұған дейін өздігімен астана салып көрмегенін бірінші болып айтқан өздерің едіңдер ғой дейтіні анық.  2011 жылы Еңбекшіқазақ ауданында айтылған сол бір сөзге өз ішімізде ресми баға беріліп, ондағы ойлар ресми түрде жоққа шығарылмайынша, мұндай арандатулар мен қоқан-лоққыларға табандап қарсы дау айту мүмкін бола қоймас.

Түркі әлемінен тіксіну ме?

Ресейлік депуттардың ұшқары уәждерін түркі әлемі де елең етіп қабылдады. Түркия мен Әзербайжан сайттары мұның астарынан Әзербайжан-Армения соғысынан кейінгі ызытты байқағандарын жазуда. Мерием Айбике Синан есімді автор Haber7.com сайтына "Қазақстан – Түркі қағанатының мұрагері" атты мақала жариялады.

"Әзербайжанның жеңісі түркі әлемінде цунами туғыза жаздады... Мұндай толқын өз-өзіне сенімділік, түркілік текке оралу сияқты факторларды оятып кетті. Бұл құбылысты Балқаннан Қазақстанға дейінгі аралықта барлық саладан көруге болады. Ресей Президенті В.Путин мұның бәрін біліп отыр. Түркі әлемінде үлкен толқындар бас көтере бастағанын біледі... Күні кеше ғана Қазақстан Ресейге бір қызық нота жолдады. Түркілер ұлт ретінде өсіп келеміз, білеміз, оянып жатырмыз, келе жатырмыз", - деп жазды ол.

Ресей депутаттарының шулы мәлімдемесін Еуразиялық экономикалық комиссияның соңғы отырысымен де байланыстыруға болатын еді. Өйткені екі оқиға бір күнде болды. Қазақстандық БАҚ бұл жолғы отырыста "Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы" мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған өзгертулер ескеріле отырып қабылданғанын жазды. Ресей Думасының өкілдері осы оқиғаға жауап ретінде үн қатқан болуы мүмкін деген болжам бар. Бір қызығы, сол қабылданған стратегияның жобасы ЕЭК отырысына дейін де, отырыстан кейінде ұйымның ресми сайтында жарияланған жоқ. Тіпті құжаттың толық мәтінін ешбір ашық көзден табу мүмкін емес. Сондықтан Никонов бастаған дауды ЕАЭО айналасындағы арбасумен байланыстыру әзірге ерте сияқты.

Көрші елдің депутаттары тәуелсіздік күні мерекесінің алдында жүйкемізге ши жүгіртіп жатқанда АҚШ-тан Дональд Трамптың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтау хаты келіп жетті. Ақорда сайтындағы ақпаратта сол хаттан үзінді келтірілген.

"Биылғы жыл бұған дейін бұрын-соңды болмаған жаһандық сынақтарды алдымызға тосты. Бірақ біздің серіктестігіміз бұл сынаққа төтеп берді. Кеңейтілген стратегиялық серіктестігіміздің шеңберінде біз COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастығымыздың барлық бағыттарында оң нәтижеге қол жеткіздік. Америка халқының атынан Қазақстан халқына алдағы жылы денсаулық пен бақ-береке тілеймін", – деп жазыпты АҚШ Президенті.

Осыдан кейін барып Ресей Президентінен де құттықтау хат келгені хабарланды.

"Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар табысты дамып келе жатқаны қуантады. Біз күш біріктіре отырып, барлық екіжақты байланыстарды, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым, ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты  одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін. Мұның бауырлас халықтарымыздың мүдделеріне жауап беретіні сөзсіз. Сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолымен келе жатқанымызды білдіреді. Өзіңізге зор денсаулық пен табыс, ал барлық достас Қазақстан азаматтарына шын жүректен бақ-береке тілеймін", -депті Ресей Президенті.

Ал біздің назарымызды Тұңғыш Президент – Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұр-Сұлтан Назарбаевтың Еlbasy.kz сайтында жарияланған құттықтауы өзіне аударды.

"Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз", - делінген құттықтау мәтінінің қазақша бөлігінде. Алайда бұл ой орыс тіліндегі нұсқада айтылмаған.

Есімжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу