Ресей мен Беларусь лидерлері одақтық қатынастарды тереңдету туралы бес сағаттан астам уақыт бойы келіссөз жүргізді. Бірақ бұл кездесу Беларусь жұртының бәріне ұнап отырған жоқ. Мәскеудің ниетінен күдіктенген жүздеген адам Минск көшесіне шығып, қарсылық акциясын ұйымдастырды.
Қара теңіз жағалауындағы Сочиде өткен келіссөздер соңында Кремль басшысы Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко қандайда бір келісім жасағандарын жарияланған жоқ. Алайда ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі мәлімдегендей, тараптар бір пәтуаға жақындаған.
Минскте өткен демонстрацияға оралсақ, оған 1000-нан астам адам қатысып, Ресеймен интеграцияға наразылық білдірді. Шерушілердің ойынша, Мәскеумен жақын байланыстың нәтижесінде 10 млн тұрғыны бар Беларусь тәуелсіздігінен айрылып қалуы мүмкін. Басты ұрандары: "Интеграцияға жол жоқ!", "Беларусь, Еуропаға бағыт ал!"
Республиканы ширек ғасырдан артық басқарған Лукашенко болса, елдің кеңестік үлгідегі экономикасын құлдыраудан қорғау үшін Ресейдің арзан газы мен несиесіне жүгініп келеді.
Ресей мен Беларусь одақ туралы келісімге 1997 жылы қол қойды. Сондағы мақсаттары – өзара саяси, экономикалық, әскери қатынастарды нығайту еді. Дегенмен екі жақ ортақ мемлекет құру жолында тоқтап қалды.
Кремль бүгінде Беларуське қарсы қысымды жеделдетіп отыр. Энергетикалық отын бағасын көтерді, субсияларды тоқтатты. Мәскеудің ескертуінше, Минск арзан отынды қажет етсе, Ресеймен экономикалық интеграцияны қабылдауы керек.
Сочи келіссөздері басталғанда, Лукашенко Путинге энергетикалық отынды Беларуське өз нарығындағыдай бағамен жөнелтуге шақырды.
"Біз екі жаққа тиімді шарттарды ғана қалаймыз",– деді Лукашенко Путинмен бір үстелдің басында бетпе-бет отырып.
Путиннің оған берген жауабы: "Біз болашақ жайында сөйлесуге тиіспіз. Бұл – айтулы кездесу. Халықтарымыздың, мемлекеттеріміздің ынтымағын тіпті тереңдеп, ең алдымен, экономикалық және әлеуметтік салаларда байланысты күшейтіп, интеграциядан пайда көруге үміттенемін".
2024 жылға жоспар?
Ресей Экономика министрі Максим Орешкиннің мәлімдеуінше, Мәскеу мен Минск мұнай, газ және өзге даулы мәселелер бойынша позицияларын жақындатып, лидерлер екіжақты қатынастардағы шешімін таппаған проблемаларды реттеуді шенеуніктерге тапсырған. Путин мен Лукашенко желтоқсанның 20-сында Санкт-Петербургте қайта жүздеседі.
Беларусьтың кейбір өкілдері жаңа келісімдер екі мемлекеттің толық қосылуына жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді. Мұндай алаңдаушылық Ресейдің 2014 жылы Қырымды аннексиялауына байланысты туындап отыр.
Сонымен қатар, билікте 20 жылдай отырған Путин бұл қосылуды келешекте Ресей мен Беларусь одағын бірге басқару үшін ойластырып жатыр деген қауесет бар. Айта кетер болсақ, Путиннің президенттік өкілеттігі 2024 жылы аяқталады.
"Кремль риторика үшін енді ұзақ уақыт бойы төлегісі келмейді. Ол 2024 жылға дейін Минсктен саяси шегініс жасауды талап етуге кірісті. Сондағы көздегені – жаңа мемлекет құрып, Путинге жаңа жұмыс тауып беру", – дейді Минскте тұратын тәуелсіз саяси сарапшы Валерий Карбалевич "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.
Алайда, Путин мұндай жоспарды жариялаған емес.
"Бір провинция губернаторы..."
Жақында Лукашенко Ресейдің қысымына ашуланып, кейбір ресейлік лауазымдыларды Беларусь Республикасының тәуелсіздігін әлсіреткісі келеді деп айыптады және ол ел егемендігін өзгеге ешқашан бермеуге уәде беріп отыр. Оппозиция болса, елең-алаң.
"Саясаткерлер Беларусь егемендігімен карта ойнағандай ойнайды. Осындай қауіп төніп тұрғанда, біз қарсылықты тоқтатпаймыз", – дейді сенбі күнгі шеруді ұйымдастырған Павел Северинец.
Беларусь үкіметі бұл маршқа рұқсат бермеген. Дегенмен жергілікті полиция манифестанттарға Минск орталығымен жүріп етуге рұқсат етіпті.
"Олар көршілерінің есебінен ес жиғысы келетін шіріген империяға қайта оралғысы келеді", –дейді шеруге қатысқан студенттердің бірі Михаил Ольшанский.
Диссиденттерді қудалап, "Еуропаның соңғы диктаторы" атанған Лукашенко Ресейден қысым күшейген шақта Батысқа бетбұрыс жасап отыр. Ол кейінгі жылдары саяси тұтқындарды түрмеден босатып, АҚШ пен Еуропаның санкцияларынан арылғаны белгілі.
Карбалевичтің ойынша, Минск қарапайым ойынға көшті. Ол советтік үлгідегі экономиканы қорғау үшін Ресеймен одақтасудан бас тартып, Батыспен ынтымақтастықты күшейтемін деп жиі ескерту жасайтын болды. Өйткені Лукашенко бір күні Ресейдің бір провинциясының губернаторы болып оянғысы келмейді.
Арыс Әділбекұлы