Қазақстан "экономикалық экспансияны" бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3839

Бүкіл әлемдегі тауарлар мен қызметтер экспортындағы Қазақстанның ұлттық үлесі небары 0,23%-ды құрайды. 

Қазақстан "экономикалық экспансияны" бастады

Бірақ осының өзі елімізге 204 тәуелсіз ел арасында 52-ші орын алуға жеткілікті болып отыр. Әрине, әлемдегі дамыған елдердің "отыздығына" кірем деген мемлекетті бұл тұғыр тоқмейілсітпеуге тиіс.

Сондықтан 15 тамыз күні ел үкіметі ел тарихында бұрын-соңды болмаған бағдарламаны – отандық тауарларды шетелдік нарықтарда қуатты ілгерілетуге бағытталған "Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын" және оны жүзеге асыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған шаралар жоспарын қабылдады.

Қарапайым тілмен айтқанда, ел үкіметі шетелдік нарықтарға кең "экономикалық экспансия" ашып отыр. Бұл ретте стратегияда тактикалық іс-қимылдар да көрсетілген, яғни жақсы мағынасында айтқанда, мемлекет пен отандық өнім өндірушілер бірінші қай елдерге қатысты қандай жолмен "экономикалық шабуылдарын" өрістететіндерін, ол елдер "бас игеннен" кейін ары қарай қандай жаңа нарықтарға "баса-көктей" енетіндерін нақты жазып қойған.

Биылғы жылы мемлекеттік және жеке сектор арасындағы әріптестік қағидаты негізінде құрылған үкімет жанындағы Экспорттық саясат жөніндегі кеңес ұлттық экспорттық саясаттың стратегиялық бағыттарын анықтайтын, сондай-ақ оны жүзеге асыруға мониторинг жасап, бағалайтын болады.

Біздің еліміз "Қазақстан-2050" стратегиясында шикізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға қарай, 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттар қойған болатын. Ал ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа бесжылдық "экспорттық бағдарламаны" жүзеге асырудың табысты болуының мақсатты көрсеткіш-индикаторы ретінде "шикізаттық емес экспорттың көлемін 2022 жылға қарай, 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда бір жарым есеге ұлғайту" белгіленіп отыр.

Себебі, ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанның экспортын "негізінен шикізаттық өнімдер, сонымен қатар төмен деңгейде ғана өңделетін шикізаттық емес өнімдер құрайды".

Рас, соңғы 10 жыл ішінде қызмет көрсету экспорты екі есеге дерлік артқан: 2016 жылы бұл сектордың импорты қазақстандық бизнеске бір жыл ішінде 6,3 миллиард доллар табыс әкеліпті. Алайда оң динамикаға қарамастан, жалпы экспорттық құрылымдағы қызметтер экспортының еншісі әлі күнге аз болып отыр және 2007-2016 жылдар аралығында 4,9%-14,6% аралығында құбылып тұрады.

"2015 жылы қазақстандық экспорттың құны алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден 42%-ға құлдырады. Былтырғы 2016 жылы да экспорт құлауын жалғастырды және 2015 жылға қарағанда, тағы 20%-ға төмендеді. Мұның негізгі себептері – Қазақстанның экспорттық себетінде басым үлеске ие мұнай, мыс, кен сияқты тауарлық аталымдарға деген бағаның жаһан бойынша жүйелі құлдырауы болып табылады. Осылайша, жеткілікті түрде әртараптандырылып, диверсификацияланбаған экспорттық себет елеулі "естен тануларға" (шок) шарттар туғызып, ел экономикасына теріс ықпал етеді", – деді министр Тимур Сүлейменов.

Шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін қамтамасыз ету үшін стратегияда бірқатар міндеттерді кешенді міндеттерді шешу ұсынылған, оның ішінде отандық экспорттаушыларды қолдаудың институттық негіздерін жетілдіру бар.

Атап айтқанда, "ҚазақЭкспорт" ұлттық компаниясының экспортты қолдау және дамыту бойынша бірыңғай операторы мәртебесін заң жүзінде бекіту ұсынылады. Ұлттық компания енді Қазақстаннан сыртқа өнім өткізетін барлық кәсіпорындар мен компанияларға бір жерден қолдау көрсетіп, еліміздің барлық өңірлеріндегі және шетелдердегі өкілдіктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, дәл осы "бір терезені" ендіру мемлекеттік органдарға және даму институттарына бизнеске көрсететін қызметтерінің сапасын көтеруге және мерзімдерін қысқартуға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Экспорттаушылар үшін "бір терезенің" болуы олардың өнімдерінің құнын арзандатуға септеседі, уақыт шығындарын кемітеді, меморгандармен және даму институттарымен ақпараттық өзара іс-қимыл технологиясын оңайлатады.

Бұдан басқа, жаңа стратегиялық құжатта перспективті өткізу нарықтары белгілене отырып, отандық тауарлар мен қызметтердің "экспорттық себеті" айқындалды. Оған жеті саладан 116 тауар енді. Бұлардың біразы қазірден шетелге сатылуда, ал кейбірін алда сата бастау ұсынылады. Экспорт тұрғысынан, перспективалы қызметтерге көлік, туристік, медициналық, білім беру, ғарыш, сонымен қатар қаржылық және іскерлік қызметтер жатады.

"Бағдарлама нені экспорттаймыз, қайда экспорттаймыз және қалай экспорттаймыз деген басты үш сұраққа жауап береді. Бұл ретте жүргізілген зерттеу қорытындысында, перспективті өткізу нарықтарының қажеттіліктерін және Қазақстанның өзге бәсекелестерден артықшылықтарын ескере отырып, "перспективті экспорттық себеп" деген анықталды. Тауарларды іріктеуде кезінде өткізу нарықтарының мұқтаждықтары ғана емес, сондай-ақ ол өнімдер өндірісінің Қазақстанда болуы және оны дамыту үшін қажетті әлеует те ескерілді", – дейді ұлттық экономика министрі.

Бұл себетке бірінші кезекте, тамақ өнеркәсібінің тауарлары – өсімдік майы, кондитерлік тағамдар, ұн, ұн өнімдері, консервілер және басқалары кірді. Сондай-ақ бұл қатардан минералды және химиялық тыңайтқыштар, аккумуляторлар мен трансформаторлар табылып отыр. Ондағы жаңа тауарлық аталымдар ретінде балалар киімі мен оған керек-жарақтар, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, шыны, құрылыс материалдары көрсетілген.

Қазақстандық бизнесмендер тек тауарларды ғана емес, сондай-ақ қызмет түрлерін де шетелге сата алатынын паш етті. Осы орайда ұлттық экспорттық стратегияда экспорт тұрғысынан келешегінен мол үміт күттіретін бірнеше сала аталады.

Біріншіден, көлік саласы таңдалды.

"Бұл жерде бірінші кезекте, Еуропа мен Қытай арасында жүк тасымалының әлеуетін назарға алып отырмыз. Өйткені ҚХР-дың батыс өңірлерінің өнеркәсібі оза бастады. Бұл ретте Қытайдың шығыс порттары арқылы жүк тасу құны артуда және олар шектен тыс жүктелу проблемасына кезігуде. Демек, олар біздің бағытқа барған сайын көп көңіл аудара бастайды. Оның үстіне жеткізудің барынша қысқа мерзімдерін талап ететін өнімдер үлесінің өсуіне байланысты Қытайдан Еуропаға тауарлар ағынының құрылымы да өзгереді деп күтілуде. Өз кезегінде, ҚХР тұрғындарының санының және әл-ауқатының артуы тұтыну деңгейіне әсер етіп, кері бағыттағы жүк ағындарының артуына ықпал етеді. Сондай-ақ энергиялық ресурстар транзитінің үлесі де жоғарылай береді", – дейді Тимур Сүлейменов.

Тағы бір перспективті экспорттық сала деп, туризм аталды. ЭКСПО-ның арқасында еліміз әлем жұртшылығының бір бөлігінің назарын өзіне аудара алды. 2017 жылы New York Times құрған, саяхат жасауға тұрарлық 52 елдің рейтингінде Қазақстан 26-шы орын алды. Қазақстан бірегей табиғи ресурстарға және тарихи-мәдени бай мұраға ие. Сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның қауіпсіздік және баға бойынша бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де қазақ елінің тұғыры жоғарылауда. Осылардың барлығы қосыла келе, мемлекетке Қазақстанды туристік сапалы қызметтер көрсететін ел ретінде ілгерілетуіне мүмкіндік береді.

"Осы салалар арасында қаржы және іскерлік қызметтер бар. "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту қызметтің осы секторын дамытуға серпін беруге тиіс. Бұл қолданыстағы қаржы жүйесін жаңғыртуға жол ашады. Білім беру саласы да қызметтер экспортында үлкен әлеуетке ие. Қазақстан 170 мың шетелдік студентті оқытуға қабілетті. Бүгінде QS рейтингіне 9 қазақстандық ЖОО кірді және олар әлем бойынша 275-тен 701-ші орынға дейін иеленді", – деген министр Тимур Сүлейменов еліміздің медициналық қызметтер экспорттауына да барлық жағдай барлығын айтты.

Сонымен қатар Астана жанында инфрақұрылымы бой түзеп жатқан ғарыштық қызметтер мен ғарыштық аппараттарды сынақтан өткізу саласы да енді экспортқа бағдарланады. 2014 жылы қазақстандық "KazSat" жер серіктері де көк сеңгіріне жол тартты және қазір орбитадан жерге қызмет көрсетіп жүр. Бұл ғарыш аппараттары өзге елдерге де қызмет жасай алады. Атап айтқанда, бұлар үшін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан нарықтары барынша басымдықты болып табылатыны айтылды.

Дәл қазір еліміздің экспортының географиялық құрылымында 6 ел үстем болып отыр, бұлар – Италия, Қытай, Ресей, Франция, Швейцария. Соңғы он жыл ішінде шетелге шығарылған барлық тауарларымыздың шамамен 63%-ын осылар сатып алған. Экономикамыз дамуы үшін біз бірінші кезекте осы елдермен достық жылы қарым-қатынастарымызды сақтауымыз қажет. Әйтпесе, бетін әрмен қылсын, егер бұл "алтылықпен" қырғи-қабақ жағдайға келіп, сауданы үзсек, бұл қазақстандық экспортқа жойқын соққы болып, қаусатып кетпек. Сонымен бірге ел үкіметі алдағы бесжылдықта отандық тауарлар үшін жаңа нарықтар табуға құлшынуда.

"Перспективті экспорттық себет" тауарларын экспорттау үшін қажетті бағыттарды анықтау кезінде "көлікпен тасымалдауға қолжетімділік, ол елдердің Қазақстан экспортына ықылас-ынта білдіруі, ол елдер импортының өсуі болжамы" секілді критерийлер ескеріліпті.

Нәтижесінде, қазақстандық өнімдер мен қызметтер үшін перспективті өткізу нарықтары ретінде 27 ел анықталды, олар шартты түрде Қазақстан үшін экспорттық мүдде дәрежесі бойынша "басымдықты", "жоғары", "қалыпты", сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада қызығушылық тудыратын елдер болып бөлінді.

"Басымдықтағы" елдерге іргедегі қос алпауыт – Ресей мен Қытай жатқызылды. "Жоғарыға" Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украина кіреді. Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Грузия, Латвия, Моңғолия, Нидерланд, Польша, Тәжікстан, Түрікменстан болса, "қалыпты нарықтар" деп танылды. Ал ұзақ мерзімді перспективаға сай келетін елдерге Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония енді. Яғни, алда отандық кәсіпкерлер мемлекет қолдауымен осы дамыған елдер нарығын молынан игере бастауға тиіс.

Жаңа бағдарлама экспорттаушылар үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын көрсетуді, сондай-ақ экспорттың дамуына кедергі келтіретін бөгеттерді жоюды көздейді.

"Қазақстанда тауарлардың экспорты рәсімдерін жетілдіру аясында тауарларды электрондық декларациялауды кеңінен пайдалануды жеделдету қажет, бұл айтарлықтай көп қаржыландыруды және уақытты талап ететін бастапқы логистикалық жағдайда уақытты және кедендік ресімдеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді", – деді министр Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, сыртқы сауда кедергілерін жою үшін үшінші елдермен көпжақты және екіжақты келіссөздер жүргізілетін болады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, биыл экспорттың оң үрдісі сақталуда.

"2017 жылдың 6 айында өңдеу өнеркәсібінің экспорты 7 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Бұл ретте шет елдер нарығында Қазақстанның дайын өнімдеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын атап өткен жөн",–деді Жеңіс Қасымбек.

Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі 2010 жыл мен 2016 жыл арасында 28%-дан 35%-ға дейін өсті. Өңделген тауарлар экспортының географиясы 120 мемлекетті құрайды. Қазақстандағы шикізат емес экспорт қазіргі уақытта 114 тауар түріне – яғни, 899-дан 1013 дейін артты.

"Жаңа тауарлар қатарына локомотивтер, мотор майлары, киімдер, шыныдан жасалған бұйымдар, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтары, картридждер және басқалары енгізілген. Экспорттың оң диманикасы және Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары бойынша дүниежүзілік нарықтағы ахуал-конъюнктура ескеріле отырып, биыл өңдеу өнеркәсібі экспорты 2015 жылдың деңгейіне, яғни 14 миллиард долларға жетеді деп күтілуде", – деді инвестициялар және даму министрі.

Отандық өнімдерді шетелде ілгерілетуге сыртқы саясат ведомствосы да жұмылдырылуда. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, бұл орган "инвестициялық-экспорттық бағыттардағы өзара іс-қимылды күшейту, шетелде бірлескен ақпараттық-имидждік жұмысты жүргізу, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде инвестициялық форумдарды өткізу бойынша жұмысты үйлестіру мәселелерінде жауаптты құрылымдармен ынтымақтасуда. Бүгінде барлық елшіліктер және еліміздің шетелдегі мекемелері де осы ортақ іске қызмет ететін болады. Яғни, қазақстандық СІМ-нің "экономикалық дипломатиясы" күшейтілмек. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу