Қазақстанда 100 миллион доллар байлығы бар барлық адам арнайы тексеріледі

3571

Президент қол қойған заң соларды да қозғамақ.

Қазақстанда 100 миллион доллар байлығы бар барлық адам арнайы тексеріледі Фото: google.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойды. Осыған орай Ақорда түсініктеме жариялады. Әйтсе де, әлеуметтік желіде пікір білдірушілер түсініктемеден де ештеңені түсіне алмағандарын айтуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Ақордаға сенсек, шетелге жылысталған активтерді қайтарудың тетігі тегеурінді болады және ол ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне де, әкімшілік-билік ресурстары, жоғарыда байланыстары, тірегі, ықпалы бар адамдарға да, олармен сыбайлас олигополиялық топтарға да қолданылады. Мұның қаншалықты шын екенін биліктің алдағы іс-қимылы көрсетпек.

Tax justice network ұйымының дерегінше, 25 жылда Қазақстаннан шамамен 140–160 миллиард доллар қаржы оффшорлар арқылы шетелге заңсыз шығарылған. Бірқатар сарапшылардың болжамынша, елден заңсыз әкетілген капитал одан бірнеше есе көп. Әділетті Қазақстанды құрушылар ең құрығанда осы 160 миллиард долларды елге оралтып, халық игілігіне жарата алса, соның өзі ауыз толтырып айтарлық нәтиже болар ма еді?

Қалай болғанда, жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізілетін жаңа заң аясында шамамен 100 миллион доллардан асатын байлығы бар әрбір қазақстандық тексерілмек.

"Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда заңда белгіленген шекті сомадан – 13 миллион АЕК-тен, яғни 2023 жылы 44 миллиард 850 миллион теңгеден немесе шамамен 100 миллион АҚШ доллардан асатын активтері болуға тиіс", – деп жазылған Ақорданың түсініктемесінде.

"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға және оған ілеспе 3 заңға депутаттар бастамашы болды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева германиялық DW порталына сұхбатында аталған заң бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына да қатысты болатынын айтты. Себебі 100 миллион доллардан артық ауқаты бар, елде жоғары саяси, мемлекеттік лауазымдарды атқарған шенеуніктер, олардың отбасы мүшелері, соның ішінде балалары, сондай-ақ биліктегілермен байланысы болған олигархтардың дүние-мүлкі тексеріледі. Олардың өз байлығын қаншалықты адал жиғаны анықталуы шарт.

"Әртүрлі бағалаулар бойынша республика қазынасының басым бөлігін 162-ден 200-ге дейін адам иемденіп алған. Түрлі ұйымдар өз зерттеулерінде елден ондаған миллиард доллар қаражат шетелге заңсыз шығарылғанын жариялады. Бұқараның ыңыршағы айналып жатқанда, осынша аз шоғыр адам қалайша осынша ғаламат табыс таба алған деген сауал туады", – деп қайран қалды депутат С.Имашева.

Оның айтуынша, егер тексеріс жүргізетін арнайы комиссия әлдебір тұлғаның жиған дүниесінің шығу-тегі күмәнді деп тапса, онда оның мүлкінің одан арғы тағдырына қатысты шешім қабылдайтын болады.

Мәжіліс депутаты С.Имашева ХХ ғасыр басындағы байларды кәмпескелеу ХХІ ғасыр басында қайталанбайтынына сендірді.

"Билікке ұнамаған әлдебір бай адамның бар дүние-мүлкін жай ғана тартып ала салу деген болмайды. Тексеріске іліккен тұлға төл активтерін немесе оның бір бөлігін заңды жолмен сатып алғанын дәлелдеуі шарт. Ал заңсыз активтерді мемлекетке қайтарудың бірнеше тетігі бекітілді. Оның ерікті және мәжбүрлі түрі бар. Егер субъект заңсыз тапқан байлығын өз еркімен мемлекетке табыстаудан бас тартса, онда прокуратура сотқа шағым түсіреді. Сотта активтердің адал жолмен табылғаны дәлелденбесе, онда ол конфискацияланады. Әрине, 100 миллион долларлық шек ең бай қазақстандықтардың бәрін қамтуға мүмкіндік береді. Бұл қатарға бірінші Президенттің отбасы мүшелері де, есімі ел аузындағы белгілі бизнесмендер де ілігеді. Бізде Дональд Трамптан да бай миллиардерлер бар", – деді Снежанна Имашева.

Демек, оның пікірінше, бірінші кезекте солардың байлығының адал әлде арам екені тексерілуге тиіс.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің түсіндіруінше, заңсыз табылған немесе шетелге заңсыз әкетілген активтерді қайтару үшін Бас прокуратура жанынан уәкілетті орган құрылады. Заңда оның уәкілеттіктері бекітілді. Орган қызметкерлеріне де "прокурор" мәртебесі, тиісінше құзырлары мен артықшылықтары беріледі. Осының арқасында олар ешкімнен тайсақтамай, тегеурінді қимылдай алулары керек.

Бас прокуратураның активтерді қайтару жұмыстарын жүргізетін осы арнаулы ведомствосы "меморгандардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді".

Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер әшкереленеді деп күтілуде.

Экономист Марат Ерғозиннің айтуынша, "жаңа Қазақстандағы" билік басында бұрынғы билік тұсында қызмет еткен адамдар отыр. Сондықтан кімде не барын бәрі біледі. Ендеше шындап ниет етсе, ынта қойса, заңсыз активтерді табу қиынға түспес еді.

Айтқандай, Активтерді қайтару жөніндегі комиссия жаңа заң аясында қайта құрылады. Оның құрамына "Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, меморгандардың бірінші басшылары және өзге де тұлғалар" кіреді.

Сарапшылар бұл жерде біріншіден, комиссия құрамының ауқымды болатынынан тіксінді. Дамыған елдерде әдетте, мұндай комиссиялар құрамына ерекше өкілеттіктері бар шектеулі мамандар ғана кіреді екен. Бұл сыртқа сыр шашпау, күдікке ілікке тұлғалар комиссияның жұмысымен, әр басқан қадамымен танысып, активін жасырып үлгермеуі үшін жасалады. Ал қазақстандық комиссияға бөгде адамдар, әлдебір қоғам қайраткерлері де енбек.

Екіншіден, Комиссия құрамын Премьер-Министр жасақтайды. Тиісінше, ол тек өзі қалаған адамдардың тізімде болуына қол жеткізе алады. Онда Үкімет басшысы кіршіксіз таза болуға, ескі Қазақстанда майшелпек активтердің мемлекет меншігінен заңсыз шығару схемаларына қатысы жоқ болуға тиіс.

Бұл мәселелердің бәрі өте маңызды. Олар алдағы ұлы күрестің іргесін қалайды, ол майданның қаншалықты сұрапыл жүргізілетінін және ақырында жеңіске жеткізетінін не жеткізбейтінін анықтайды.

Себебі, қай жемқордың тұтылатынын, ал қайсысының құтылатынын да аталған комиссия шешеді. Егер талдау қорытындысында әлдебір тұлғаның меншігіндегі активтердің заңдылығына орынды күмәні туындаса, Прокуратура жанындағы Активтерді қайтаратын арнаулы уәкілетті орган комиссияға жүгінеді. Субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті "қара тізімге" (реестрге) қосу туралы ұсыныстар енгізеді. Қосу-қоспау әлгі комиссияның құзырында.

Жаңа заңда осы ведомствоның "орынды күмәндануына" негіз болатын критерийлер айқындалған. Бұл – "активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және заңда белгіленген басқа да негіздер".

Комиссия тұлғаларды реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды.

"Қара тізім" жасалғаннан кейінгі алгоритм келесідей: комиссия адамдарды реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді. Осы кезден бастап, тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, Активтер туралы декларациясын тапсырады. Бұған 1 ай беріледі. Егер тізімге іліккен тұлға құжаттарды жинау және дайындау үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет десе, 3 ай беріледі.

"Іліккендер" өз декларациясында кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарын, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді ашып көрсетуге тиіс.

Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер "шығу тегі түсініксіз активтер" деп танылады.

Ары қарай не тұлға оны өз еркімен мемлекетке тапсырады. Немесе онысы сот арқылы тартып алынады.

Активті елден шығару немесе оны сатып жіберу қаупі туындаса, Прокуратура жанындағы әлгі уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді және дүние-мүлкіне бұғат салғызады ("қатырады").

Негізі, 100 миллион доллардан астам ауқаты барлардың мықты адвокаттар тобы да бар. Олай болса, олар ерікті түрде бермей, отандық, халықаралық соттарға шағымданып, істі созуы, сөзбұйдаға салуы мүмкін. Ар жағында елде билік ауысуы ғажап емес. Президент Қ.Тоқаев 7 жыл ғана ел басқаратынын Конституцияда бекітті ғой.

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, заңсыз деп танылған активтерді мемлекетке ерікті қайтарудың артықшылығы болады. Ең бастысы, осы арқылы тұлға беделін сақтап қалады. Қылмыстық қудаланбауы мүмкін.

Ерікті қайтару заңсыз табылған активтерді: ақшаны, кәсіпорынды, ірі нысанды, акциялар үлесін, тағы басқасын толығымен немесе бір бөлігін ғана тапсыру арқылы жүзеге асырылады. Осы мақсатта ол мемлекетпен Ерікті қайтару туралы келісім бекітеді. Бұл ретте оның аты еш жерде жария болмауы да мүмкін.

Лукиннің мәліметінше, тұлғалардың құқығын қорғау үшін "Тұлғалардың жабық реестрі" құрылады. Осы арқылы ол тұлғаның репутациялық тәуекелдері барынша азайтылады, абыройы төгілмейді. Бұл активтің, акцияның, компанияның құнының құлдырауына жол бермеу үшін де жасалыпты. Мысалы, әлдебір компанияның қожайыны жемқор екені анықталса, одан акционерлер мен инвесторлар теріс айналуы, тиісінше табысты компания банкрот болуы ықтимал.

Дегенмен, Парламенттің өзі жемқорлардың абыройын ойлап, олардың атын халықтан жасырудың тетігін бекіткені бәрібір қынжылтады.  

Заңда сонымен қатар бұғаттауды, яғни "алдын ала қамтамасыз ету және басқа шараларды негізсіз қабылдаудан келтірілген шығындарын кері қайтару" бекітіліп отыр. Олигархтар білікті адвокаттары арқылы осындай шығын шеккенін дәлелдесе, активін мемлекет қайтарып беруі мүмкін.  

Бұдан бөлек, Парламент депутаттары заңда "активтерді ерікті қайтару туралы келісімнің шарттарын орындаған тұлғаларға кепілдіктер" бекітті.

Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, "ерікті қайтару – заңсыз мүлікті легализациялауға және қылмысқа айыпты тұлғаларды жауапкершіліктен құтқаруға соқтырады" деген пікірлер бар. 

Билік дәріптеп отырған бұл науқаннан не нәтиже, әлде нендей ши шығатыны алда белгілі болып қалар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу