Қазақстанда 11 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді

3965

Мемлекет жаза басқан, адал жолдан тайған азаматтардан және шетелдіктерден бір жыл ішінде 26 миллионнан астам затты тәркіледі.

Қазақстанда 11 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді

Бұл туралы Үкіметке қарасты "Ақпараттық-есептеу орталығының" басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов хабарлады. Ол жеке тұлғалардан және компаниялардан мемлекет меншігіне тартып алынған мүліктерді кім есепке алып, сақтайтынын, бағалау жүргізетінін, ол заттардың кейінгі тағдыры не болатынын айтып берді.

"Қазақстанның "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының нормаларына сәйкес, республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алумен, сақтаумен, бағалаумен және ары қарай пайдалану ісімен Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меммүлік және жекешелендіру департаменттері шұғылданады. Бұл мүліктің қатарына тәркіленген мүліктер, сот үкімдері негізінде мемлекеттің табысына жатқызылған қылмыстық айғақзаттар, азаматтар қазып не тауып алған мәдени құндылықтарға қатысты қазыналар, мемлекеттік қызметшілерге сыйланған сыйлықтар, сондай-ақ кеденде қожайындары бас тартқан және мемлекет пайдасына рәсімделген тауарлар жатады", – деп түсіндірді Жанасыл Оспанов. 

"Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ-ының дерегінше, 2017 жыл қорытындысында 26 миллион 576 мың бірлік зат халық пен бизнестен мемлекеттің иелігіне көшкен. Олардың құрамы естіген жанды таң қалдырады. Атап айтқанда, осылайша, мемлекеттік меншік және жекешелендіру департаменттерінің есебіне 73 пәтер мен басқа да жылжымайтын мүлік, 888 көлік келіп түскен. Бұған қоса, 1 мың 129 тонна мұнай мен мұнай өнімдері, 1 мың 539 тонна жанар-жағар май, 4 миллион 97 мың шөлмек алкоголь өнімдері, 608 мың литр спирт, 216 мың қорап темекі, 21 миллион 106 мың халық тұтынатын тауарлар тәркіленген. 

Мұның сыртында, 24 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі бизнесмендердің және жеке тұлғалардың үлестері мемлекет меншігіне алынды.

Сонда бұлардың барлығы қайда кетті? Ресми мәлімет бойынша, өткен жыл бойында компаниялардан және азаматтардан алып қойылған, жалпы құны 2 миллиард 533 миллион 67 теңге тұратын 272 мың мүлік мемлекеттік заңды тұлғалардың, меммекемелер мен ұйымдардың, жергілікті коммуналдық кәсіпорындардың иелігіне беріліпті.

Егер тарата айтсақ, оның ішінде құны 1 миллиард 555 миллион 19 мың теңгеге бағаланған 37 жылжымайтын мүлік, жалпы бағасы 584 миллион 997 мың теңгеге дейін баратын 98 автокөлік, 51 миллион 614 мың теңгенің 480 тонна жанар-жағар майы, нарықтық құны былтырғы арзандау валюта бағамы бойынша 144 миллион 749 мың теңгеге тартатын 23 мың 367 бірлік жабдықтар мен құрылғылар, алдыңғы жылғыдан қалғанын қосқанда, 248 миллионнан астам халық тұтынатын тауарлар және 196 миллион 685 мың теңге тұратын басқа да заттар бар.  

Мұның сыртында жалпы құны 20 миллион 143 мың теңгеге тең 991 миллион 336 мың зат жойылған. Оларға стандарттарға сәйкес келмейтін және қауіпті тауарлар, контрафактілік өнімдер, қолдан жасалған ішімдік өнімдері, құжаты жоқ, заңсыз әкелінген темекі және басқалары жататыны мәлім.

Егер биылғы жылдың статистикасына келер болсақ, қазіргі кезде мемлекеттің қолында жекеменшіктен мемлекеттік меншікке мәжбүрлі түрде көшірілген 15 миллион 682 мың бірлік мүлік бар көрінеді.

Нақтырақ тоқталсақ, оның арасында 21 баспана, коммерциялық нысан мен басқа да жылжымайтын мүлік, 586 автомашина, 192 тонна мұнай және мұнай өнімдері, 655 тонна және 15 мың текше метр жанар-жағармай түрлері, 869 мың бөтелке алкоголь өнімдері, 181 литр және 1,6 мың декалитр спирт, 523 мың қорап шылым, сондай-ақ 21 миллион 106 мың халық тұтынатын тауар сақтаулы.

Бұлардың біразы қазірдің өзінде мемлекеттік ұйымдар арасында бөліске салынуда. Нәтижесінде, бүгінде жалпы сомасы 745 миллион 72 мың теңге тұратын 361 мың 783 мүлік мемлекетке қарасты заңды тұлғалар балансына тапсырып үлгерілген. Бұлар – жалпы алғанда 18 миллионнан астам теңгеге бағаланған 2 жылжымайтын мүлік, 306 миллион 193 мың теңгенің 52 автокөлігі, 354 миллион теңгеге тартатын 73 жартылай вагон, бағасы 45 миллион 251 мың теңгеге баратын 309 тонна жанар-жағар май, 1 миллион 456 мың теңгенің 88 бірлік жабдығы мен құрылғысы, нарықта 19 миллион 201 мың теңге сұралатын 46 мың 912 бірлік халық тұтынатын зат, 955 мың теңгелік 5 мың 310 бірлік автокөліктің запастық бөлшектері.

Жыл басынан бері мемлекет тәркіленген, жалпы құны 20 миллион 833 мың теңгедей болатын 1 миллион 50 мың затты жермен-жексен етіп жойған.

Сарапшылар мемлекет алып қойған мүліктер мен тауарлардың барлығын бірдей өзінде қалдыра бермейтініне назар аудартады. Олардың үлкен бір бөлігі интернеттегі gosreestr.kz порталы арқылы саудаға шығарылады, яғни кез келген көңілі қалаған жан оларды сатып ала алады. Дегенмен, бұл ретте мамандар заң бойынша электронды аукциондарда тек мемлекеттік заңды тұлғалар тарапынан сұраныс болмаған, яғни шенеуніктер мен бастықтар қызығушылық танытпаған мүліктер мен заттар ғана сатылатынын ескертеді. 

Ал сауданы өткізудің тәртібі қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №227 бұйрығымен реттеледі. 

Қаржы министрлігінің дерегінше, былтырғы жылы және 2018 жылдың өткен 8 айында электронды сауда алаңында осындай 3 мың 873 сауда өткізілген. Оның барысында жалпы құны 7,45 миллиард теңгенің тәркіленген мүлігі жұртшылыққа және бизнеске өткізіліпті.

Негізі, мемлекет меншігіне айналдырылған мүлікті иеленуге деген ынта-ықылас қалталы азаматтар тарапынан жыл сайын артып келе жатқанға ұқсайды.

"Ақпараттық-есептеу орталығының" басқарма төрағасы Жанасыл Оспановтың айтуынша, gosreestr.kz порталының электронды сауда алаңында қазіргі уақытта 71 мың 829 сауда қатысушысы тіркелген. Енді қараңыз: соның тең жартысына жуығын, яғни 45%-ын немесе 31 950-ін жеке тұлғалар құрайды. Тағы 10 094-і не 14%-ы жеке кәсіпкерлер болып табылады. Тек 29 мың 785-і немесе 41%-ы ғана заңды тұлғалар мен компаниялар екен.

"Бұл порталды қараушылардың саны да жыл сайын ұлғаюда. Мәселен, 2014 жылы олардың саны небары 394 мың 849 болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 712 мың 875-ке, 2016 жылы 2 552 391-ге жетті. Ал 2017 жыл қорытындысында 2 915 333 болды. Былтырғы жыл және биылғы жылдың сегіз айында тұтастай алғанда, 46 534 сауда ұйымдастырылды. Соның ішінде 3 873-і тәркіленген заттарға қатысты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2018 жылғы қыркүйек басындағы жағдай бойынша тәркіленген және есепке алынған мүліктің жалпы құны 11 миллиард 589,3 миллион теңгеге бағаланады. Оның ішінде 10 миллиард 799,70 миллион теңгенің конфискаты республикалық меншікке, 417,80 миллион теңге тұратыны облыстардың коммуналдық меншігіне, ал 371,80 млн теңге болатыны аудандардың коммуналдық меншігіне айналдырылды", – дейді Жанасыл Оспанов.

Айтқандай, қазақстандық заңгер Максим Мостович тек ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін ғана емес, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін де қазақстандықтардың баспаналары тәркіленуі мүмкіндігін еске салады.

"Мысалға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-ші бабы тиісті тіркеусіз, рұқсат алусыз немесе тиісті органдарды хабардар етусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу, айталық, үйін жалға беру үшін жауапкершілік қарастырады. Бұл жеке тұлғаларға 15 АЕК, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік өкілдеріне – 25 АЕК айыппұл салынуына соқтырады. Орта кәсіпкерлік нысандары 40 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тартылған заттарды тәркілей отырып немесе оны қолданусыз 150 АЕК айыппұлмен жазаланады. Басым көпшілігінде соттар айыппұл салумен шектеледі. Бірақ судья өз ықтиярына қарай кәсіпкердің мүлкін де тәркілеуі әбден ықтимал", – дейді заңгер.

Сонымен бірге, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "қылмыстық жаза ретінде мүлікті тәркілеу тәжірибесін мүлдем жою" бастамасын көтерді. Бұл мәселе тіпті үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жұмыс тобында да қаралған. Әйтпесе, экономикалық қылмыстар құрамы бойынша тәркілеуді қарастыратын сексен бап бар көрінеді. Бұл бастама әзірге талқылану үстінде.

Дегенмен, 1 қыркүйек күні ел парламентінің жаңа, төртінші сессиясының ашылу рәсіміндегі сөзінде Мемлекет басшысы депутаттық корпус пен Үкіметке "экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық заңнаманы ары қарай ізгілендіру, гуманизациялау мәселесін қарауға" тапсырма берді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу