Қазақстанда 3,5 миллионға дейін "сапалы жұмыс орны" пайда болады

1605

Қазақстандықтардың көбі қауіпсіз жұмыс ортасында еңбек етіп, орташадан төмен емес жалақы алуға және тұрақты жұмыспен қамтылуға тиіс. Бұл "Еңбек адамы" мәртебесін көтереді.

Қазақстанда 3,5 миллионға дейін "сапалы жұмыс орны" пайда болады Фото: inbusiness.kz

Еңбек нарығында – тектоникалық өзгеріс

Елімізде соңғы жиырмажылдықта еңбек нарығы қатты өзгеріске түсті. Мысалы, 2000 жылдардың басында мұнай, метал кені, көмір сияқты шикізат тауарлары нарығында сұраныс қарқынды өсті. Бұл осы кезеңде Қазақстанда өнім экспорты көлемінің серпінді артуына түрткі болды, экономиканың жылдам өсуін қамтамасыз етті. Еліміз 90-шы жылдардағы тоқыраудан құтылып, халықаралық шикізат, көлік және қаржы ағындарына белсенді кіріге бастады. Бұл республикадағы барлық саланың дамуына түрткі болды. Осының арқасында 2002-2006 жылдары экономиканың нақты өсімі 60%-ды құрады.

Бұл еңбек нарығындағы жаңа жұмыс орындарының өсуіне де ықпал етті. Ресми статистика бойынша осы кезеңде ашылған жаңа жұмыс  орындарының саны 19%-ға көбейіпті.

Бертінде бәрі өзгерді. Әртүрлі дағдарыстардың салдарынан жыл сайын ЖІӨ өсімі баяулап барады, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға кері әсерін тигізеді. Соңғы бесжылдықта жұмыс орындарының саны небары 3%-ға көбейген.

2010-2021 жылдар ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 9%-ға, яғни 8 млн 114 мыңнан 8 млн 807 мың адамға дейін ғана артты.

Осы жылдар аралығында Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлер саны 1 млн 301 мың адамға немесе 24%-ға ұлғайды. Ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 608 мың адамға немесе 23%-ға қысқарды. Республикамызда еңбеккерлердің 24%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Сонымен бірге еңбек нарығының құрылымы да алаңдаушылық туғызады. Саудагерлер көп. Бұған қоса, жұмыспен қамту бағдарламалары аясында әкімдіктер нарықты шаштараз, аспаз, тәрбиешілер, тігіншілер, электргазды дәнекерлеуші және басқа да қызмет көрсетуші мамандықтармен молықтырды.   

"Қосылған құны жоғары өнім шығаратын кейбір секторлардағы жұмыспен қамтудың жылдам өсуі арқасында экономикадағы еңбек өнімділігі де өсті. Бірақ жалпы алғанда, 2010-2021 жылдары ЖІӨ өсімінің 62%-ы қызмет көрсету саласы есебінен қамтамасыз етілді. Ал бұл саланың капитал нарығы шағын және оған "кіру" үлкен инвестицияларын қажет етпейді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту өсімінің 91%-ы дәл осы қызмет көрсету саласына тиесілі. Жалпылама көрсеткіштерінің екпінді өсіміне қарамастан, қызмет көрсету саласының еңбек өнімділігі өте төмен: бұрынғы 2013 жылғы деңгейінде "қатып қалды". Салдарынан, жұмыс орындарының 46%-ы өнімділігі төмен секторларда, негізінен мемлекет үстемдік ететін білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты салаларда құрылды", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұл салаларда жалақы мөлшері орташа республикалық деңгейден төмен және негізінен мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Төмен айлық алатын адам жемісті жұмыс істеуге, өнімділігін арттыруға, жұмысына жасампаздық пен инновацияны енгізуге ынталы болмауы мүмкін. Соның бір көрінісіндей, аталған салаларда бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігі бір жылда небары 6 млн теңгеден аспайды. Салыстырсақ, өнеркәсіптік салаларда еңбек өнімділігі әр жұмысшыға шаққанда 22,6 миллион теңгеге жеткен.

Жұмысшы кедейлер көбейді

Жұмыс орындарының тағы 36%-ы еңбек өнімділігі орташа деңгейдегі сауда, қызмет көрсетудің басқа түрлері, көлік, құрылыс және өзге секторларда құрылды. Бірақ бұл секторларда негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар басым. Ал олардың табысы аздау.

Өндіруші салалар ше? Соңғы 5 жылда кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 6%-ға ғана өсті. Дегенмен, жаңа жұмыс орындарының үштен бірінен астамы мемлекеттік кәсіпорындар еншісінде. Бұл жаңаөзендік жұмысшылардың қандай жолмен болса да, ұлттық компанияларға тұруға ұмтылуы сияқты құбылыстарға соқтырды.

Мемлекет еңбек нарығында бизнесті ығыстыра бастады. Сарапшылардың байламынша, мемлекеттік сатып алулар мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары арқасында, мемлекеттің қатысуымен істейтін жұмыс орындарының нақты үлесі 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Мемлекетке күні қараған еңбеккерлер санының өсуі нарықтық экономиканың табиғатына қайшы, әрі бұл еңбек саласындағы проблемаларды ушықтырып, дағдарыстар тудыруы ықтимал.

Тағы бір алаңдатарлық жайт: жекеменшіктегі ірі және орта бизнестің үлесі құлдырап барады және бүгінде жұмысшылардың 33%-ын ғана солар қамтамасыз етуде. Салыстырсақ, 2015 жылы оның үлесі 35% болған.

Бұл ретте жекеменшіктегі шағын кәсіпорындарда жұмысшылар саны артып келеді. Бірақ бұл да проблема. Себебі, жеке шағын бизнестегі жұмысшылардың жартысынан көбі өнімділігі төмен салаларда шоғырланған. Жұмысшылардың 28%-ы сауда саласында, 17%-ы құрылыста жұмыс істейді. Олар тұрақсыз, бейресми жұмыспен қамтылған және табысы төмен.

Табысының қанша екенін бағамдау үшін Еңбек министрлігі олардың аударатын міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін бағалады. Сонда анықталғандай, бұларда ресми жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығының жалақысы 110 мың теңгеге де жетпейді. Яғни, елдегі орташа жалақының үштен екісінен де аз.

Бұларды сарапшылар "жұмыс істейтін кедейлер" деп атады. Өйткені толық режимді жұмыс істегеніне қарамастан, олардың кедейліктен құтылуға мүмкіндігі жоқ. Айлығы шайлығынан аспайды.

Қандай шаралар қабылданбақ?

Саланың жағдайын түзету үшін Еңбек министрлігі Еңбек нарығын дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары жобасын әзірледі. Оны әзірлеуге отандық мамандар сыртында, Дүниежүзілік банк сарапшылары тартылған.

"Кешенді жоспар жобасына енген бастамалар қазақстандықтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтуға көмектеседі. Ол бастамалардың негізгі критерийлеріне біріншіден, азаматтарды лайықты еңбекақыға жеткізу жатады, яғни ол медианды жалақыдан төмен болмауға тиіс. Екіншіден, азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылуы қажет. Үшіншіден, олар әлеуметтік жеңілдіктерге ие болуы және қауіпсіз жұмыс ортасында еңбек етуі керек. Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері экономиканы индустрияландыру болады. Ол адами капитал мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытумен тығыз байланысты", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Ал "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті Дәулет Арғындықовтың айтуынша, кешенді жоспарда көптеген бағыт жан-жақты қамтылып отыр. Атап айтқанда, оған өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын индустрияландыру, орталық және шығыс өнеркәсіптік белдеулерді қайта индустрияландыру, арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін пайдалып, елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыруды жүргізу, шекара маңы аумақтарын халықаралық экономикалық интеграцияға жұмылдыру, сыртқы және ішкі нарықтардағы белсенді сауда саясаты, инвестициялардың өсуі және жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру кіреді.

"Құрылатын жұмыс орындарының сапасын арттыру қажет. Оған қалай қол жеткізіледі? Бұл үшін бірқатар бастамалар іске асырылады. Олар салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жоюға, оларды мемлекеттік қолдау жүйесіне енгізуге, мемлекеттік кәсіпорындардың экономикаға қатысу дәрежесін қысқартуға бағытталған", - деді Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ Кешенді жоспар аясында жұмыс күшінің бейресми сектордан, өзін өзі жұмыспен қамтудан шығуын ынталандыру жөніндегі жеке бағдарлама әзірленетін болады. Бизнестің көлеңкелі сектордан жарыққа ауысуын ынталандыру үшін салық каникулдары, инфрақұрылымдық преференциялар беріледі, басқа шаралар пысықталады.

Оларды жүзеге асыру үшін келесі тетіктер қолданылады:

  • еңбек ресурстарының кәсіби және территориялық ұтқырлығын арттыру;
  • жұмыс орындарының инклюзивтілігін қамтамасыз ету,
  • әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және проактивті көрсету;
  • экономиканың қажеттіліктеріне қарай еңбек ресурстарының экспорты мен импортын басқару;
  • кадрларды кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру жүйелерін нарық сұранысын қанағаттандыруға бағдарлау;
  • колледждердің тиімділігін арттыру;
  • өмір бойы оқу мәдениетін қалыптастыру, соның ішінде азаматтардың түрлі курстарды бітіру (формалды емес) арқылы және өз бетінше алған (информалды) білімін сертификаттау жолымен мойындау.

Қорыта айтқанда, мемлекет үшін еңбек нарығын дамытудағы ең басты мәселе жұмыс орындарының санын, сапасын және инклюзивтілігін арттыру үшін жағдайлар жасау болады.  

Яғни, әрбір азаматтың "сапалы жұмысқа" тұруға мүмкіндігі болуға тиіс. Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, сапалы жұмыс орны деген:

  • ең кемі 6 айдан көпке созылатын тұрақты жұмыспен қамтылуды,
  • жұмыскерлердің өз өңіріндегі медианды, орташа жалақыдан кем емес еңбекақы алуын (медианды жалақы көлемі әр 6 ай сайын қайта қаралып тұрады);
  • еңбеккерлердің өзіне заңмен белгіленген жеңілдіктерді, артықшылықтарды, мысалы ақысы төленетін демалысты, медициналық сақтандыруды, зейнетақылық қамсыздандыруды, өтемақының өзге түрлерін пайдалануын;
  • қауіпсіз жұмыс ортасының болуын білдіреді. Жұмыс орындарының қауіпсіздігін бағалау үшін әрбір саладағы өндірістік жарақат, жазатайым оқиғалар және өлім-жітім санын салыстыратын әдістеме қолданылады.

Жаңа құжаттарда 2028 жылға қарай 3,5 миллион сапалы жұмыс орындарын құру көзделген. Себебі, демографиялық дүмпу арқасында Қазақстанда еңбек нарығына құйылатын жастар легі алда күрт артады. Жыл сайын 300-400 мың жас, яғни тың жұмыс қолы қосылып отырады.

Еңбек нарығындағы жағдай түзелуі, жаңа жұмыс орындары ашылуы үшін бизнес өз құқықтары мен мүдделерінің қорғалатынына сенімді болуы, оған жоғары технологиялық өндірісті пайдалануына жағдай жасалуы шарт. Сонда ол сапалы адами капиталды арттыруды төл бизнесін гүлдентудің кілті ретінде көретін болады, өзіне қолайлы ортада өркен жайып, дамиды.

Мемлекет өз кезегінде бизнес пен халықтың көмегімен еңбек ағындарын тиімді және оңтайлы басқаруы, еңбек ресурстарының үздіксіз дамуын ынталандыруы, даму векторын уақтылы түзетіп, айқындауы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу