Қазақстанда 36 су қоймасы уланып, жарамсыз болып қалды

2937

Дамыған елдерде қоршаған орта инспекторына су ресурстарын қорғау үшін кез келген аумаққа, ғимаратқа, тіпті көлікке еркін кіруге рұқсат етілген. Ал суға мұқтаж Қазақстанда оған қатысты ойға келгенді жасауға рұқсат етілген.

Қазақстанда 36 су қоймасы уланып, жарамсыз болып қалды

Таяуда inbusiness.kz Алматыдағы Алтын орда базары аумағында "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС-нің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланылатын су тарту құрылғысы табылғанын жазды. Бұл жақында Президенттің тапсырмасымен басталған тексерістер барысында әшкереленді. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган базарға арнайы су пайдалануға рұқсат бермегені белгілі болды. Су ресурсын қанша көлемде шығындайтыны да белгісіз, есепке алу жүргізілмеген. Су өлшеу аспаптары жоқ. Тіпті су объектісін пайдалану туралы ақпаратты уәкілетті органға бермейтін болған. Санэпидқадағалау мамандары базар аумағынан лас су Ақсай өзеніне төгіліп келгенін де енді анықтады. Оның қоршаған ортаға ықпалы, келтірген зияны белгісіз, рұқсат алынбаған. 

Мұндай нысандар елде жетерлік.

Жағдайды түзеу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті жаңа Су кодексі жобасын әзірледі.  

Жалпы комитет шетелдік әріптестерінің құзыр-қарымына қызыға, қызғана қарайды. Мысалы, Австралияда Мюррей-Дарлинг бассейнінің ресурстарын пайдалану жөніндегі басқарманың (Murray–Darling Basin Authority) лауазымды тұлғасы кез келген су шаруашылығы объектісіне кіріп, кез келген іс-әрекетті жүзеге асыра алады, оған шектеу қойылмаған. Ол су ресурстарының ұтымды жұмсалуын инспекциялайды. Қажет санаса, онда мониторингтеу жабдығын орната алады. Метеорологиялық және гидрологиялық зерттеулер жүргізеді. Су инфрақұрылымын егжей-тегжей тексере, тест-сынақтар жүргізе алады. Су, құм, тас, топырақ, минерал, тау жыныстары, флора немесе фауна сынамаларын жинауына жол ашық.

Ал Қазақстан болса, коррупциямен күрес дегенді сылтауратып, бақылаушы-тексеруші органдарды тұсап-матап қойды. Олар мораторийге іліккен шағын бизнес түгіл, қоршаған ортаны, суды ластайтын алып кәсіпорындарға да бас сұға алмайды. Салдарынан шағын көл-өзендерден бастап, Балқаш, Каспий сияқты алыптарға лас, улы суды төгу жағдайлары орын алған. Балықтардың жаппай қырылуы үйреншікті көрініске айналып барады.

Осы орайда шенеуніктердің көзбояушылығы қайран қалдырады. Қазақстан 2021 жылғы 30 желтоқсанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңын қабылдады. Оған сәйкес, қазақстандық итін жеп қойса, мысығын далаға лақтырса, малын аяусыз сабаса, қатаң жазаға тартылады. Сонымен бірге олигархтарға тиесілі ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны аяусыз ластаса, онсыз да тапшы су ресурстарын жаппай бүлдірсе, ысырап етсе, сөйтіп жануарлар әлеміне орны толмас зиян келтірсе, ол үшін жаза тартпауы да мүмкін.

Негізі, біз ұмтылып отырған дамыған елдерде олигархтың мүддесі үшін мемлекеттік бақылаушы органды тұсау деген сорақылық жоқ. Канадада Қоршаған орта инспекторы арнайы сертификатпен қамтамасыз етіледі. Ол оған кез келген аумаққа, ғимарат-нысанға, бөлмеге және көлік түріне еркін кіруіне рұқсат береді. Біздегідей, халықтан, экологтардан жаппай шағым түсуін күтіп отырмайды.

Инспектордың тексеру жасауына негіз көп. Біріншіден, ғимаратта немесе көлікте кез-келген су қоймасына қосылып, бүлдіруі мүмкін улы қалдықтар бар болса. Екіншіден, өндіріс орны улы қалдықтардың пайда болуына әкелуі мүмкін болса. Үшіншіден, инспектор құрамында қандай да бір қалдықтар бар деп санап, оны зерттеу, әлдебір контейнерлерді ашып, сынама үлгілерін алу қажет деп тапса, тексеруге осының өзі жеткілікті. Олар тіпті кемелерді тексере алады. Осының арқасында Канаданың пәк сақталған тұмса табиғаты бүкіл әлемді тамсандырады, Голливуд оның аясында кино түсіреді.

Тінту кезінде күш қолдану керек болса, инспекторға бейбітшілікті қолдау жөніндегі офицер еріп жүреді.

Елбасының тапсырмасымен Қазақстанның су ресурстарын үнемдеуге көшкеніне он жылдай уақыт болды. Бұл тақырып тіпті ЭКСПО-2017 аясында көтерілген. Қаншама бюджет миллиардттары грант, мемқолдау, преференция түрінде игерілген. Қомақты жетістікке жеткен болар? Жоқ, нәтижесі мардымсыз көрінеді.

Экология министрлігінің Су ресурстары комитетінің дерегінше, 2015 жылдан бері суды ірі көлемде пайдаланушылар саны 3 866-дан 2021 жылы 2 861-ге дейін салмақты түрде азайды. Бірақ су шығыны сонша кемімеген. Осы аралықта бар-жоғы 25,1 текше шақырымнан 23,1 текше км-ге дейін ғана төмендеді. Басқаша айтқанда, қалған су пайдаланушылар осы ресурсты ысырап етуін еселеп арттырған.

Сонымен бірге өнімсіз шығындар (непродуктивные потери) көрсеткішінің ұлғаю тенденциясы байқалуда. 2015 жылдан бері 3,5 текше шақырымнан 3,7 текше шақырымға дейін артты.

Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстандағы су ресурстарының негзгі көлемі небәрі 100,5 текше шақырымды құрайды. Дегенмен оның тек 55,9 текше километрі ғана өз елімізде қалыптасады, қалғаны Қытайдан (19,4 км3), Өзбекстаннан (14,5 км3), Қырғызстаннан (3,24 км3), Ресейден (7,5 км3) келеді. Яғни суда сыртқа тәуелдіміз.

"Су пайдаланушылар санының көп қысқаруы су ысырабының пропорционалды төмендеуіне алып келмеді. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығында судың ұтымды тұтынылмайтынын көрсетеді. Айта кету керек, бұл теріс динамика жыл сайын су үнемдеу технологияларын енгізуді мемлекеттік қолдау шығындарының артуы аясында жүріп жатыр. Бір ғана 2021 жылдың өзінде 12 миллиард 617 млн теңге сомаға су үнемдеуші 684 жоба іске асырылды", – деп хабарлады Су ресурстары комитеті.

Яғни суды ұтымды тұтынуға түрткі болмайтын тиімсіз, көзбояу жобалар қаржыны игеріп жатуы мүмкін.

Сондықтан су ресурстарын ұтымды пайдалануды күшейтемін десе, мемлекет инспекторлардың құзырын күшейткені жөн. Егер олар өкілеттігін жемқорлық мақсатында асыра пайдаланса, соған барғандарды жеке жазалау қажет. Бақылаушы-қадағалаушы органдарға коррупционер деп жаппай күйе жағатын уақыт кетсе керек.

Суға жауапты органның тегеурінін мынадан байқауға болады. 2021 жылы суды ауқымды шығындайтын 2 861 субъектінің небәрі 128-іне ғана мемлекеттік бақылау тексерулері жүргізілген. Басқаша айтқанда, инспекторлар бақылаумен тек 4,48%-ын қамтыды. Оның барлығынан дерлік жөнсіздік табылған. Тексерулер қорытындысында 244 бұзушылық анықталды, бұл тексерілгендер санынан 2 еседей көп. Мемлекет пайдасына 4,1 млн теңге өндірілді. Бұл жерде жазаның жөнсіздікке сайма-сай еместігі аңғарылады.

Ведомство бұзушылықтардың саны еселеп артқан, ал Қазақстандағы су тапшылығы күшейген жағдайда мемлекеттік бақылау түріндегі қолданыстағы реттеушілік саясат құралының тиімсіз екеніне назар аудартты.

Бұл олқылықты жаңа заңнамалық түзетулер түзеуге тиіс. Оның мақсаты су қатынастары субъектілерін суды ұтымды тұтынуға иліктіру, кәсіпорындар мен тұрғын үй-коммуналдық салада су пайдалану мен суды тазартудың тұйық циклын ынталандыру болып табылады.

Қынжылтатыны сол, заң жобасындағы жаңа тетіктер тек 2024 жылдан бастап енгізіледі деп жоспарланған. Оған дейін алтыннан құнды кәусар босқа төгіліп, ластала бермек. Өйткені қолданыстағы заңнама құзырлы органдарға әшкереленген бұзушылыққа жедел ден қоюға да мүмкіндік бермейді.

Өкініштісі сол, 2021 жылғы мониторинг нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда ірі 36 су объектісі нормативтен тыс ластануға байланысты бұдан былай ішу үшін де, тіпті шаруашылық қызметтің барлық түрлері үшін де жарамсыз деп танылды. Ал Каспий теңізі, Балқаш, Жайық, Сырдария, Ойыл, Жем өзендері таязданып барады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу