Қазақстанда АИТВ/ЖИТС науқастарға бала асырап алуына қайта тыйым салған жөн

3877

Денсаулық кодексінде қылмыс әлеміне қызмет етуі мүмкін нормалар бар ма? 

Қазақстанда АИТВ/ЖИТС науқастарға бала асырап алуына қайта тыйым салған жөн

Қоғам белсенділері Денсаулық кодексін өзгерту туралы ұсыныспен шықты, деп жазады Inbusiness.kz.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің қабылданғанына 7 шілдеде тура бір жыл толмақ. Алайда осы уақыт бойы ол қоғамның сынына ұшырап келеді. Қазақстандықтар енді оған өзгерістер енгізетін уақыт жетті деген пікірде. 

Жаңа Денсаулық кодексінің 79-бабының 5-бөлімі айналасында үлкен пікірталас бар. Өйткені оған сәйкес, АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған Қазақстан азаматтарына басқа қазақстандықтармен тең дәрежеде балаларды асырап алуға құқық берілді. Қоғам қайраткерлері бұл баптың балаларға зиян келтіретінін алға тартып, шулады. Алайда мысалы, балалар омбудсмені Аружан Сайын үнсіз қалды.

Енді осы бап айналасында мамандардың және атының өзі үрейлі ауруға шалдыққандардың арасында қырқыс жүруде.

"Денсаулық кодексі АИТВ инфекциясы барларға бала асырап алуға рұқсат етеді. Алайда қалалық Білім басқармасы өз қызметінде "Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы №692 бұйрығын басшылыққа алады. Бұл құжаттағы адамдардың бала асырап алуына жол бермейтін аурулардың тізбесінде "Адамның жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) және адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ)" көрсетілген. Менің қазіргі күйеуім бірінші некемнен туған қызымды асырап алғысы келеді. Ал аталған бұйрыққа сілтеме жасаған қамқоршылық және қорғаншылық органы күйеуіме тұрғын үй-тұрмыстық жағдай актісін толтырудан бас тартуда", – дейді елорда тұрғыны Айнара.

Бұл жерде Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасындағы азаматтардың әлгі қыз балаға қамқорлық танытып отырғаны байқалады. Бірақ Денсаулық кодексі АИТВ жұқтырғандарды жақтайды. Бүгінде бала асырап алғысы келген АИТВ науқастар Денсаулық сақтау министрлігін "шабуылдап", ол бұйрықты өзгертуге және ондағы тыйым салынған аурулар тізімінен адамның иммун тапшылығы вирусын алып тастауға қол жеткізуге күш салуда. Бұл ретте баланың осындай қауіпті аурумен ауыратын адаммен бір үйде тұрып, тұрмыстық заттарды бірге тұтынуы қаншалықты қауіпсіз болатыны ескерілмегенге ұқсайды.

ҚРТ қылмысқа сеп болмасын

Назар аударатын тағы бір жайт, аталған даулы 79-баптың 6-шы бөлімінде "АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан азаматтарының Қазақстан заңнамасына сәйкес қосалқы репродуктивтік әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар" деп жазылған. Бұл норма да дау-дамай тудырып жүр.

Жалпы, жаңа кодекс "қосалқы репродуктивтік технологияларға" (ҚРТ) кең жол ашты. Бұған ЭКҰ және суррогат ана секілді ұрықтандыру және бала туу әдістері де жататыны белгілі. Қынжылтатыны сол, бұл сала мемлекеттің бақылауынан тыс қалған. Ал әлемде ҚРТ әдістерін қылмыскерлер бала саудасында пайдаланатыны әшкереленуде.

Сонымен қатар гомосексуалды жұптарға да суррогат ана арқылы перзентке жасырын қол жеткізуіне шектеу қойылмады: "Некеде тұрмайтын әйелдің немесе ер адамның медициналық араласуға әйелдің (ер адамның) хабардар етілген келісімі болған кезде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға құқығы бар" делінген кодексте.

"Әлеуметтік желіде азаматтар Денсаулық кодексін тәжірибеде қолдану кезінде туындаған мәселелерге алаңдаушылық білдіреді. Онда мысалы сәбилер саудасына мүмкіндік беретін қауіпті нормалар болуы ықтимал. Қылмыс әлемі бедеулікті емдеуге бағытталған әдістерді қалқан етеді. Ол тәсілдің бірі – ҚРТ. Әсіресе, суррогат аналар бизнеске айналды. Қазақстанда ҚРТ дәуірі 1995 жылы басталғаны мәлім, сол жылы Алматыдағы адам репродукциясы орталығында ЭКҰ-ның тұңғыш зертханасы ашылды. Бір жылдан кейін in vitro ұрықтандырылған тұңғыш бала дүниеге келді. Бүгінде Қазақстанда ЭКҰ-ның 26 орталығы жұмыс істейді, оның 21-і – жекеменшік. Қазірге дейін Қазақстанда "шыны түтікте" ұрықтандырылған 22 500-ден астам бала туды", – дейді Алматы тұрғыны, психолог Эвелина Мадзигон-Гевич Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа хатында.

Биыл "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 7000 экстракорпоральды ұрықтандыру циклы бюджет есебінен қаржыландырылады. Шағым иесі бұл бағдарламаны қылмыс әлемі өз мақсатына пайдаланып кетуі мүмкін деген болжамын айтады.

"Бедеулік проблемаларын шешу – қылмыстық әрекеттерге де тамаша бүркеме болуы ғажап емес. Мұны жақын және таяу шетел мемлекеттеріндегі ахуал растайды. Еуропада құқық қорғаушылар суррогаттық ана болуды адам құқықтарын аяққа таптау және адам саудасының бір түрі ретінде қабылдап, сынға алуда. Ол баланы тауарға айналдырады, ал әйелді тірі инкубаторға теңестіреді. Оның үстіне мұның "жеңгетайлыққа" (сутенерлік) ұқсастығы бар. "Жатыр-ана" рөлін атқарған әйелдер психикалық және физиологиялық саулығына нұқсан келгенін айтып, шағымданады", – деді психолог.

ҚРТ тәсіліне жүгінген тапсырыс берушілер үшін жатыр іздеумен айналысатын отандық және шетелдік агенттіктер осыған келіскен аналарға одан келетін салдарларды түсіндірмейді екен. Әйелдер бұл қадамға көбіне кедейшілік пен қаржының жоқтығы кесірінен барады. Сауатсыздығы, туыстарының қысымы, тіпті зорлық-зомбылық кесірінен "жатыр-ана" болуға мойынсұнатындар табылатын көрінеді.

"Суррогат аналар бөтеннің баласын алып жүргенін біледі, бұл үнемі оның құлағына құйылады. Әйтсе де, табиғат бәрібір өз дегенін істейді: ана мен бала арасында көзге көрінбес байланыс орнайды. Бөбекті дүниеге әкелген соң келісімшарт бойынша оны "жатырды жалдаушыға" табыстауға міндетті. Бұл ананың психологиялық жарақат алуына соқтырады, онда диссоциация симптомдары пайда болуы мүмкін. Егер бала шала туса, немесе денсаулығына қатысты кінәраты болса, тапсырыс берушілер одан бас тартып, әйел мойнына ауыртпалық жүктеп жатады", – дейді сарапшы.

Ресейде мысалы, суррогаттық ана болу әдісін пайдаланып, сәбилер саудасының жолға қойылғаны әшкереленуде. 2020 жылы Мәскеу түбіндегі Одинцов ауданындағы пәтерде төрт бөбек табылды, оның біреуі өлі туған. РФ Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 127-бабы ("адам саудасы") бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл факті бойынша жеті адам ұсталды, олардың арасында – "К+31 Покровские ворота", "Next Generation Clinic" жеке клиникаларының дәрігерлері бар. Қылмыстық комитет дерегінше, 2014–2020 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ суррогаттық аналар қызметін ақылы негізде ұсынған. Балаларды Филиппин және Тайланд арқылы сатқан.

РФ заңнамасындағы олқылықты өз пайдасына жаратқан трансұлттық қылмыстық бизнес суррогат ана болуды бедеулік мәселелерін шешуге емес, күмәнді тапсырыстарды орындауға, соның ішінде адам ағзаларын трансплантациялауға қолданған деген күдік бар. Өйткені ҚРТ қызметтерін тұтынған шетелдік ер адамдар ізінше ол балалардан арылған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресейден жыл сайын осы жолмен дүниеге әкелінген шамамен 23 мыңдай бала шетелге шығарылып отырған. Олардың тағдыры белгісіз.

Осыған тосқауыл қою мақсатында Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция, АҚШ, Канада, Израиль, Нидерланд және басқа да дамыған елдер суррогаттық ана болуға тыйым салды.

Қазақстанның мұны керісінше, ұлттық заңнамасына енгізіп, мемлекеттік деңгейде қорғап отырғаны қынжылтады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу