Қазақстанда ақшаның мына түрін енді еш жер қабылдамайды

75495

Бір қызығы, халықтың қолында өткен ғасырдың 90-шы жылдарында айналымда болған тиындар үлкен көлемде сақталып қалыпты.

Қазақстанда ақшаның мына түрін енді еш жер қабылдамайды Фото: canva.com

Павлодар тұрғыны Нұрбек Шайкенов (аты өзінің сұрауымен өзгертілді) әжесінің ескі сандығын қопарып отырып, ақшаның мол қорын тауып алды. Бірақ шаттығы артынша су сепкендей басылған.

"Пәшке-пәшке, бума-бума қаржы! Жиырма және елу тиындар. Бірақ қайда жіберерімізді білмейміз. Таяуда банктердің біріне апардым. Менеджер көре сала, өзін-өзі ұстай алмай жырқ-жырқ күлкісіне ерік берді. Сөмкеге толтырып апарған қағаз тиындарымды тамашалауға банк бөлімшесінің барлық қызметкері жиналды. Видеоға түсіріп, әлеужеліге салайық деп қиылды. Өздері қабылдап алғысы келмейді. Содан келіспедім. Елге тегін әжуа болып қайтемін. Егер банк алғанда, 50 мың теңгедей шығатын еді", – деді павлодарлық.  

Талғат Қалдыбаев та қағаз тиындарын не істеуге болатынын білуге ынтық. Ол осы сұрақпен тікелей Ұлттық банкке жүгініп, хат жазды.

"Айналымнан баяғыда шығып қалған тиындарды не істеуге болады? Тиындарды қазіргі кезде теңгеге айырбастап алудың жолы бар ма?", – деген сауал жолдады ол монетарлық реттеушіге.

"Кеңес беріңіздерші! 2, 5, 10, 20, 50 тиын номиналындағы монет тиындарды теңгеге қалай ауыстыруға болады", – деп сұрады Ольга Соколюк.

Ұлттық банк қазақстандықтардан қағаз және монет тиындарға қатысты электрондық поштасына келіп түсіп жатқан өтініштерді қарағанын хабарлады.

"Қазақстан Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын қолданудың кейбір мәселелері туралы" №549 жарлығына сәйкес, қолданыста болған қолма-қол тиындарды ақша айналымынан алып тастау 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүзеге асырылды. Яғни, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2, 5, 10, 20 және 50 тиын номиналындағы бүкіл ақша белгілері айналымнан шығарылды", – деді Ұлттық банк.

Оның мамандарының түсіндіруінше, содан бері 12 жылдан астам уақыт өтті: "тиындар Қазақстанның өзінде заңды төлем құралы болып табылмайды".  

"Аталған монеттер қабылдауға және айырбастауға жатпайды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық банкі де тиындарды ұлттық валюта банкноттарына немесе монеттеріне айырбастауды жүргізбейді", – деп нықтады Ұлттық банк.

Яғни, ұлттық валютадағы ақшаның бұл түрін – қағаз, монет тиындарды бүгінде тіпті соны шығарған Ұлттық банк те қабылдамайды.

Кезінде үлкен көлемде шығарылғандықтан бұл өнімге нумизматтар, коллекционерлер де көп қызыға бермейді, алғанның өзінде арзан баға ұсынуы мүмкін.

Демек, қолында қағаз тиындар қалған қазақстандықтардың тығырықтан шығар бірнеше жолы бар. Оны мысалы, интернет пен әлеуметтік желілер, келісе алса, сауда орындары арқылы шетелдіктерге сувенир ретінде сатуына, болмаса, ұрпағына естелікке қалдыруына болады.

Сарапшылардың ескертуінше, егер әлдекім банкнот түріндегі тиындарды немесе монет тиындарды өзгелерге, соның ішінде елдегі заң мен жағдайдан хабарсыз шетелдіктерге майдалауға ("сдачаға") берсе, немесе төлем құралы ретінде ұсынса, заңмен қудалануы мүмкін.

Айта кету керек, Президенттің 2009 жылғы 7 наурыздағы №842 жарлығымен, қолма-қол төлемдер нысаны кезінде төлемдер сомасын дөңгелектеудің арифметикалық әдісі қолданылады:

  • 50 тиынға дейінгі тиын сомасы 0-ге дейін (мысалы, 10 теңге 49 тиын 10 теңгеге тең);
  • 50 тиын және одан жоғарғысы 1 теңгеге дейін дөңгелектеледі (10 теңге 50 тиын 11 теңгеге есептеледі).

Басқаша айтқанда, есептерде тиын әлі күнге көрсетіледі, бірақ тиын қабылданбайды. Олар осы тәртіппен теңгеге аударылады.

Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанда ең алдымен қағаз түріндегі тиындар 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді.

Бұл кезеңде 1, 2, 5, 10, 20 және 50 номиналындағы банкнот тиындар қолданыста болды. Олардың бәрінің өлшемі бірдей: 102х65 миллиметр болған.

Осы тиын банкноттарынан теңге банкноттары біріншіден, Қазақ елінің ұлы тұлғаларының бейнелерінің басылуымен, екіншіден, түс тұрғысынан алабажақтығымен ерекшеленді.

Ал, қағаз тиындар бір түстен тұрды. Мысалы, бір тиын – сарғылт, екі тиын – көгілдір, бес – күлгін, он – қызғылт, жиырма – көк, елу тиын – алтын түстес болып келді.

1993 жылғы маусымда Қазақстанда бағалы қағаздар – облигациялар мен акциялар басатын цех ашылды. Сонда бір ай (кейбір дерек бойынша бір апта ішінде) барлық қағаз тиындар басып шығарылған.  

Дегенмен, одан бұрын-ақ метал тиындарды басу ісі жолға қойылып жатты. Қазақстанның монет сарайының дерегінше, 1992 жылғы 13 қаңтарда Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында, қолданыстағы жабдықтардың көмегімен жасалған қазақстандық заманауи монеталардың алғашқы үлгілері Алматыда Президенттің қатысуымен өткен жабық кеңесте таныстырылды.  

Осыдан кейін ҮМЗ аумағында монет өндірісін құру жұмыстары басталды. Осыған байланысты Үлбі зауытының құрамында "М" цехы ұйымдастырылды. Кейін ол монет сарайына айналды.

Цехта германиялық "Grebener" фирмасының монета жасауға арналған тұңғыш прессі орнатылды. Қазақстандық алғашқы тиындардың дизайнын жасауға Германия монет сарайының мамандары тартылған деген дерек айтылады. Бірақ түпкілікті дизайнын бәрібір отандық мамандар әзірледі.

1992 жылғы қарашада осы цехта монет тиындардың тұңғыш өнеркәсіптік партиясы шығарылған.

Бірақ Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ғалым Байназаров кейінгі естеліктерінде бір жайтқа назар аудартты: Үлбі металлургиялық зауытында дайын желінің болғанына қарамастан, Қазақстанның Ұлттық банкі шақаларды жаппай жасауға кірісе алмады.

Өйткені монет соғу үлкен көлемде металды қажет етеді, оны сақтау үшін де арнайы алып қоймалар керек. Оның үстіне салмағы ауыр болғандықтан тасуға барынша көп жұмысшыны және техниканы жұмылдыру қажет болады.

Салдарынан, Қазақстанның төл ұлттық валютасын енгізгелі жатқанын, яғни, мемлекеттік құпиясын 1992 жылы елдің іші мен сыртындағы жұрт тегіс біліп қоятын еді.

Сол себепті, 1993 жылғы қыркүйекте бірінші Президент Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу туралы шешім қабылдағанда, ол тиын қажетті көлемде дайын болмаған. Оның орнына қағаз тиындар енгізілді.

Тек 1994 жылғы 1 наурызда 2-ден 50-ге дейінгі номиналдағы алғашқы монет тиындар жаппай қолданысқа енгізілді. Сонымен бірге ескі қағаз тиындар айналымнан жоғала бастады.

Президент жарлығы бойынша құжат жүзінде оларды төлем құралы ретінде пайдалануға 2001 жылға дейін рұқсат етілді.  

Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылғы 15 мамырда қазақ тарихында тұңғыш рет Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы (қазіргі Монет сарайы) ашылды. Ол метал тиындарды көп көлемде басып шығара алатын.

Бірақ бұл кезде девальвация және инфляция салдарынан әртүрлі номиналдағы тиындардың барлығының құны 1 центтен арзан болғандықтан, тиынды метал түрінде басудан бас тартылды. Ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз, орынсыз деп танылды.

Оның орнына 1995 жылғы 25 қазанда 1, 3, 5, 10 және 20 теңге номиналындағы металдағы тұңғыш теңгелер айналымға жіберіле бастады. Бұл монеталардың бәрі нейзильберден, яғни, мыс, никель және мырыштың қоспасынан жасалған.

Монет түріндегі метал теңге аз көлемде болса да, әлі күнге шығарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу