Қазақстанда әрбір инвестор енді өзін патшадай сезінеді

17533

ҚР инвестициялар және даму министрлігінің және "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басшылықтары  ақпарат құралдарына еліміздегі бизнесті өркендету мен шетелден инвесторлар тарту бойынша не іс тындырып жатқандарын баяндады.

Қазақстанда әрбір инвестор енді өзін патшадай сезінеді

"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Біржан Кәнешев Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасында бекітілген кейбір жобалар "құпия" болып табылатынын мәлімдеді.

"Бірқатар жобалар бастамашыларының сұрауы бойынша қол қойылған келісімшарттардың егжей-тегжейі әзірге жұртшылыққа жария етуге жатпайды. Оларға қанша қаржы жұмсалатынын да, жобалардың ерекшеліктерін де айта алмаймыз. Өйткені бұл салада жаһандық бәсекелестері бар. Солардан қорғануы керек болғандықтан бізге осындай өтінішпен жүгінді", – деді Біржан Кәнешев.

Ол қол қойылған барлық жобалар есепте тұрғанын және салалар бойынша әрі талап етілетін инвестицияларының көлемдері жөнінен жеке-жеке топтастырылғанын айтады.

Ұлттық компания басшылығының өкілі әр жобаға қазірден бастап Қазақстаннан, "Kazakh Invest" тарапынан жобалық менеджерлер бекітіліп жатқанын хабарлады.

"Бұл жүйе былайша түзілген: кез келген шетелдік инвестор Қазақстанға қаржы мен технология әкеліп, жобаны қолға алатынына бастамашылық жасаса, оған бізден екі бірдей жобалық менеджер тағайындалады. Олар сол жобаны толығымен жүзеге асқанға дейін сүйемелдеп отырады. Яғни, әлгі бастама пайда болысымен, жобалық менеджерлер жобаны CRM-жүйеге ендіреді, елімізде оны іске асыруға қажетті барлық құжаттарды жинайды, тиісті рұқсат қағаздар пакетінің толық берілуін пысықтайды, жобаға қажетті жер телімінің, инфрақұрылымның бөлінуіне қол жеткізеді. Бірақ содан кейін де жобаны тастап кетпейді, жоба жүзеге асқанша, ұдайы инвестордың қасында болады", – деді инвестицияға жауапты ұлттық компания басшысының орынбасары.

Осы тұста ол өз сөзінде айтып қалған CRM жүйесінің не екендігіне де түсініктеме бере кетті.

"Елімізде CRM бағдарламасы іске қосылды және жұмыс жасауға кірісті. Ол "жобалар сөресі" түрінде болып келеді. Оған қазіргі уақытта нақты мазмұнмен толтырылып жатқан 200-ден астам жоба кіріп отыр. Онда бастамашының байланыс-контактілері көрсетіледі. Біз қазір бұл жүйенің тілдері санын кеңейткіміз келіп отыр. Бұл оны пайдаланушылар санын арттыруға тиіс. Жоспарлауымызша, жүйе 8 тілде жұмыс істейді. Әзірге тек үш тілде іске қосылдық. Қалай болғанда, үкімет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобаларға арналған осы саладағы ең озық шешімдерді осында жиюға тырыстық. Атап айтқанда, Голландиядағы, Словениядағы, Түркиядағы осындай ақпараттық жүйелер тәжірибесін зерделедік және біздің қазақстандық үлгіні әзірлеу үшін тұғырнама ретінде қабылдадық", – деді ол. 

Жалпы, "Customer Relationship Management" немесе CRM қарапайым тілмен айтқанда, инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізу жүйесі түрінде болып келеді. Бұл жоба Қазақстанда инвестжобаларды қадағалау және олардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін қажет көрінеді.

CRM ақпараттық-мониторинг жүйесі "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының барлық қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер үшін бірыңғай ақпараттық жүйе болып табылады. Онда инвесторлар, инвестициялық жобалар, өндірістік алаңдар және әлеуетті инвесторлардың ақпараттық сұраулары туралы толық, анық және өзекті ақпарат жинақталуға тиіс көрінеді.

Осылайша, мемлекет биылдан бастап, елдегі барлық инвестжобаларға кешенді электронды мониторинг жүргізуге кірісіп отыр. Бұл жүйе 1 қазанда іске қосылған. Бұл тек шетелдік қана емес, отандық бизнес-орта үшін де пайдалы болады делінді.

Бұл ретте белсенді жобаларға, анықтамалық және маркетингтік материалдарға барлығы ортақ қол жеткізе алады екен. Ақпарат алмасу, келісімдерді алу жеделдейді деп күтілуде.  

CRM жаңа жүйесі көпжақты деректер алмасуды қамтамасыз етпек, нәтижесінде инвестициялар тарту үдерісін басқару тиімділігі артады, ол жұмыстардың барысына тұрақты бақылау орнатылады деп күтілуде.

Сөйтіп, цифрлық технологиялардың экономиканы дамытудағы маңызы барған сайын артқан қазіргі кезде бизнес орта тағы бір қажетті құралды иеленуде. Еуразиялық одақ елдерінде баламасы жоқ болғандықтан, бұл отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да үлес қосатын көрінеді. Өйткені бұл жүйе айтылғандар сыртында, жұмыс үдерісін автоматтандыруға да қызмет етеді.

Сондай-ақ осы арқылы Қазақстан өзінде инвесторлар үшін бар жағдай жасалғанын паш етпек. Осы тұғырнаманы құра отырып, еліміз өзіндегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімділігі мен мөлдірлігін күшейткені туралы инвесторлардың әлемдік қауымдастығына белгі беріп отыр.

Бұл жүйе алда дамытыла түседі: инвестициялар және даму министрлігі келесі жылы цифрландыру аясында CRM жүйесін Қазақстандағы мемлекеттік органдардың ұқсас жүйелерімен интеграциялауды жүргізбек.

Баспасөз конференциясы аясында ұсынылған мүмкіндікті пайдалана отырып, ақпарат құралдары тілшілері жауапты орган өкілінен Оралда шағын ұшаққа қатысты болған оқиғаға түсініктеме сұрады. "Сіздер тексеру жүргізесіздер. Бірақ шағын ұшақтармен байланысты оқиғалар азаяр емес. Бұл қашанғы жалғаса береді?", – деп сұрады журналистер.

Ведомство бұл кесапаттарды күрт тоқтатуға белсеніп отыр екен.

"Біздің министрліктің құрамына кіретін азаматтық авиация комитеті бұл бағытта жұмыс жүргізуде. Соның ішінде әуе көліктеріне инспекция жасалуда. Бұл оқиғалар, менің ойымызша, жақын арада жоққа теңелетін болады", – деді инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева.

Еске сала кетсек, Орал халықаралық әуежайының бас директоры Хайретдин Расқалиев бірер күн бұрын әуежайға шағын ұшақтың алдыңғы шассисіз қонғанын хабарлады. Ұшаққа соғылған құс оның қабырғасын ойып тастаған.

"Бұл Америкада жасалған King Air 350 ұшағы болып табылады. Оған қарама-қарсы ұшып келе жатқан құс соғылған да, фюзеляжының тұмсығын тесіп өтіп, маңдайшалық терезесін бүлдірген. Құс – қаз немесе үйрек аса үлкен: ұшақта 35-40 сантиметрлік тесік пайда болды, іші қалпымен қанға бөгілген. Командирдің де, ұшқыш-инструктордың да беттерін жанап өткен.  

Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті де түсініктеме бере кетті, олардың мәліметінше, Air Control әуекомпаниясының ұшағы Орал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының навигациялық жүйелерін жоғарыдан шола тексеріп, ұшып жүрген. Бірақ 10 қазан күні кешкі 8-ге қарай жерге алдыңғы шассисіз, бауырын төсей қонуға тура келіпті.

Air Control – жолаушыларға қызмет көрсетпейтін мамандандырылған авиациялық кәсіпорын болып саналады және ол әуежайлардың жарық-дабыл жүйелері мен аэронавигациялық жүйелерінің радиотехникалық жүйелерін тексерумен айналысады.

Өз кезегінде Air Control әуе компаниясының басшысы Халиль Сейфулин қазір министрліктің азаматтық авиация комитетінің комиссиясы құрылып, істің мән-жайын анықтап жатқанын жеткізді.

"Ол ұшақты тәжірибелі ұшқыштар басқарды. Олардың 16 мың сағаттық ұшу тәжірибесі бар. Салонда ұшақ командирі, ұшқыш-инструктор және оператор отырды. Командир – Александр Бунеев, инструктор – Анатолий Киселев. Компаниямыздың бас кеңсесі Алматыда орналасқан. Ал ұшағымыз Оралда аэронавигация бағдарламасы бойынша әуежайдың дабылдық және техникалық құралдарын тексеруге ұшып барған", – деді Халиль Сейфулин.

Бірақ әуекомпаниясы басшысы да ұшақтың не себепті шассисіз қонғанын айта алмады. Ол азаматтардың аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу